Забур жырлары
Тарау 24 [23]
(Дәуіттің жыры.)Жер жүзі мен ондағының бәрі Жаратқандікі, Бұл дүние мен онда тұрғандар түгел Онікі,
2 Жердің негізін Ол теңіздің түбіне орнатты, Ағындардың үстінен берік етіп нығайтты.
3 Жаратқанның тауына кімнің шығуына болады, Оның киелі орнында кімнің тұруына болады?
4 Бұл тек қолы мен жүрегі таза жанға болады, Жат тәңірге табынбай, жалған айтпайтынға болады.
5 Осындай жанды Жаратқан Ие жарылқайды, Құтқарушы Құдай оны рақыммен ақтайды.
6 Уа, Құдай, тек бұлар Сенің алдыңа барады, Жақып сиынған Құдай, олар Саған бет бұрады.
7 Ей, көне қақпалар, айқара ашылыңдар, Ежелгі есіктер, кеңінен ашылыңдар, Кіре алсын даңққа бөленген Патша!
8 Кім екен осы даңққа бөленген Патша? Ол — құдіреті күшті Жаратқан Ие, Шайқаста құдіретті Жаратқан Ие!
9 Ей, көне қақпалар, айқара ашылыңдар, Ежелгі есіктер, кеңінен ашылыңдар!
10 Кім екен осы даңққа бөленген Патша? Әлемнің Иесі, Сол — даңқталған Патша! /