Забур жырлары
Тарау 74 [73]
(Асафтың насихат жыры.)Уа, Құдай, неге бізден біржола бас тарттың, Неліктен өрши түседі қаһарың «Қойларыңа» қарсы «отарыңдағы» Сенің?
2 Өзің таңдап алған ежелгі заманда Халқың екенімізді есіңде сақташы: Сенің босатқан ұлтыңбыз, меншігің айрықша. Сиондағы тұрағыңды да ұмытпашы:
3 Ежелде қираған қаланы аралашы, Жау түгел жойған мекеніңді қарашы.
4 Бізбен кездескен орныңда жауың шулады, Таңбасын тігіп киелі жерде паңданды.
5 Орманда ағаш кескендер сияқты Кіреберіс қақпаларды шапқылады,
6 Айбалта, шоттарымен қиратып тастады Өрнектеліп ойылған тақтайшаларды.
7 Жау киелі үйіңді өртеп, талқандады, Сенің атыңдағы мекенді арамдады,
8 «Соларды біржола құртамыз!» деп шешті, Елдегі Саған сиынатын жерлерді, Уа, Құдай, олар түгел өртеп жіберді.
9 Еш көрмейміз өзімізді құтқаруыңды Белгілейтін Сенің керемет істеріңді. Пайғамбар жоқ бізге хабарыңды жеткізуші, Әрі жоқ пәленің қашан бітетінін білуші.
10 Уа, Құдай, дұшпан мазақтай бермек қашанғы, Жау ұдайы қорлай бермек пе атыңды?
11 Неге құдіретті қолыңды тұрсың тартып? Жұмсашы оны, оларды соғып та құртып!
12 Уа, Құдай, ежелден-ақ Сен патшамсың, Жерде ғажап істермен құтқарасың:
13 Өз құдіретіңмен теңізді қақ жардың, Дәу су мақұлықтарының бастарын жойдың,
14 Алып хайуанның бастарын мыжыдың, Өлігін жыртқыш аңдарға жем қылдырдың,
15 Көздер мен бұлақтарды ашып ағыздың, Ешқашан суалмас өзендерді суалттың.
16 Күндіз бен түнге Өзің билік құрасың, Күн мен басқа аспан шырақтарын жараттың,
17 Жер бетінің бар шектерін Сен бекіттің, Жаз бен қыс мезгілдерін де белгіледің.
18 О, Жаратқан, есіңе алшы дұшпанның мазағын, Зердесіз ұлттың өз есіміңді қорлағанын.
19 Жыртқышқа «көгершініңнің» жанын қимашы, Бейшара халқыңды мәңгілік ұмытпашы.
20 Жеріміз қара түнек пен зорлыққа толы, Жасаған Келісіміңе енді ден қойшы,
21 Қаналған жандар қорлана шегінбесін, Қайта, жарлы-жақыбайлар атыңды дәріптесін!
22 Уа, Құдай, көтеріліп, ісіңді қорғай көрші, Күнде ессіздің Өзіңді қорлағанын ескерші:
23 Жауларыңның айқайын ұмыта көрме, Саған қарсы шыққандардың шуы күшеюде.