Еремия
Тарау 52
Седекиях патша болғанда жиырма бір жаста еді, ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні либналық Еремия қызы Хамутал болатын.
2 Кезінде ағасы Жохақым істегендей, Седекиях та Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді.
3 Жаратқан Ие Иерусалим мен Яһуданың халқына қатты қаһарланғандықтан, оларды ақырында Өзінің қасынан аластатты. Сол кезде Седекиях Бабыл патшасына қарсы бас көтерді.
4 Седекияхтың патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айының оныншы күні Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанды. Олар қаланы қоршауға алып, оның қамалынан өрлеп өту үшін жан-жағын айналдыра тас-топырақ үймектер жасады.
5 Иерусалим Седекияхтың патшалық құрған он бірінші жылына дейін қоршауда болды.
6 Сол жылғы төртінші айдың тоғызыншы күні азық-түлік атаулы бітіп, қаланы аштық қатты жайлап тұрған еді.
7 Осы кезде жау қала қабырғасының бір жерін тесіп, ішке кірді. Сонда (Седекиях пен) барлық яһуди жасақшылары қашып кетуге тырысты. Халдейлер әскері қаланы қоршап тұрғанмен, олар түн ішінде патша бағының маңында екі қабырғаның арасында орналасқан қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан аңғарындағы елсіз далаға қарай бет алды.
8 Алайда халдейлер әскері Седекиях патшаның соңынан аттанып, оны Иерихонның маңайындағы елсіз далада қуып жетті. Седекияхтың бүкіл жасағы оның қасынан бытырап кеткен болатын.
9 Седекиях халдейлердің қолына түсіп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасының алдына апарылды. Ол Седекияхқа үкім шығарды.
10 Бабыл патшасы сол Риблада Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында түйреп өлтірді. Ол, сондай-ақ, Яһуданың барлық әміршілерін де түйреп өлтірді.
11 Мұнан кейін Бабыл патшасы Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, оны Бабылға айдап әкетті. Өлген күніне дейін Седекияхты сондағы зынданға тастады.
12 Набуходоносор Бабылға патшалық құрған он тоғызыншы жылдың бесінші айының оныншы күні оның бір нөкері — патша ұландарының әміршісі Набузар-Адан Иерусалимге келіп жетті.
13 Әмірші Жаратқан Иенің киелі үйіне, патшаның сарайына және Иерусалимдегі барлық үйлерге от қойып, үлкен ғимараттардың бәрін де өртеп жіберді.
14 Әміршіге еріп келген бүкіл бабылдық әскер Иерусалимді қоршаған қабырғаларды түгелімен қиратып тастады.
15 Ұландардың әміршісі Набузар-Адан халықтың кедейлерінің бірнешеуін, қалада қалып қойған басқаларды, қолөнершілер мен өзге шеберлердің қалғандарын және Бабыл патшасының жағына өтіп кеткендерді тұтқындап, айдап әкетті.
16 Әмірші тек ең кедей тұрғындардың біразын ғана жүзімдіктер мен егіндіктерді күту үшін елде қалдырды.
17 Халдейлер Жаратқан Иенің ғибадатханасында тұрған екі қола бағананы, жылжымалы қола тұғырларды және теңіз деп аталатын дәу қола қазанды бөлшектеп сындырып, солардың барлық қоласын Бабылға тасып әкетті.
18 Олар (киелі үйдегі құрбандық үстелін тазалауға арналған) күлсалғыштар мен күрекшелерді, білте түзеткіштерді, (су не қан бүркуге арналған шағын) тостағандарды, табақтарды және ғибадатханада Жаратқан Иеге құрбандықтар мен сый-тартулар ұсынғанда қолданылған басқа да қола ыдыс-аяқтар мен аспаптардың барлығын алып кетті.
19 Ұландардың әміршісі табақтарды, шоқ салынатын табаларды, тостағандарды, қазандарды, шам қойғыштарды, аяқтарды, сұйық тартуларды ұсынуға арналған тостағандарды және саф алтын не күмістен жасалған барлық басқа бұйымдарды да алып кетті.
20 Сүлеймен патша кезінде Жаратқан Иенің киелі үйіне арнап жасатқан екі бағананың, дәу қазанның және оның астындағы өгіз бейнелі он екі тұғырдың қоласы таразыға салып, салмағын өлшеуге тым ауыр болды.
21 Екі бағананың әрқайсысының биіктігі он сегіз шынтақ, діңінің айналдыра ұзындығы он екі шынтақ еді. Бағаналардың іштері қуыс, қабырғаларының қалыңдығы төрт елі болды.
22 Әр бағананың үстіңгі иығындағы қоладан жасалған үлкен тостаған кейпінің биіктігі бес шынтақ болды. Сол кейіптерге айналдыра шынжыр және анар тәрізді қола әшекейлер ілінген еді.
23 Бағананың жақтарында тоқсан алты әрі иықтарында жалпы саны бір жүз анар тәрізді әшекей болды.
24 Ұландардың әміршісі бас діни қызметкер Сераяхты, одан кейінгі лауазымды діни қызметкер Софонияны және ғибадатхананың үш қақпа күзетшісін де тұтқындады.
25 Қалада әлі де қалып қойғандардан ол жасақшылардың басшысын, патшаның кеңесшілерінің жетеуін, елдегі ер адамдарды әскери қызметке тіркеген қолбасшының хатшысын және елдің тағы алпыс тұрғынын қолға түсірді. Бұлар да қаладан табылған болатын.
26 Ұландар әміршісі Набузар-Адан олардың бәрін Хамат еліндегі Рибла қаласына, Бабыл патшасының алдына алып барды.
27 Сол жерде Бабыл патшасы оларды өлімге бұйырды. Осылайша Яһуда халқы өз елінен басқа жаққа жер аударылып кетті.
28 Набуходоносор жер аударған халықтың жалпы саны: оның патшалық құрған жетінші жылы — үш мың жиырма үш яһудалық,
29 оның он сегізінші жылы — Иерусалим қаласынан тағы сегіз жүз отыз екі адам,
30 әрі жиырма үшінші жылы — тағы жеті жүз қырық бес яһудалық болды. Бұларды ұландар әміршісі Набузар-Адан Бабылға айдап әкетті. Осылайша барлығы төрт мың алты жүз адам болды.
31 Ал Яһуда (елінің бұрынғы) патшасы Ехониях болса, ол Бабылға жер аударылып кеткеннен кейінгі отыз жетінші жылы Еуил-Меродах Бабылға патшалық құра бастады. Жаңа патша сол жылдың он екінші айының жиырма бесінші күні Яһуда патшасы Ехонияхты мейірімділікпен босатып, түрмеден шығарды.
32 Еуил-Меродах онымен жылы сөйлесіп, Бабылда өз қасында болған барлық басқа патшаларға қарағанда Ехонияхты ең жоғарғы орынға отырғызды.
33 Осылай Ехониях түрмедегі киімдерін ауыстырып, бұдан былай ұдайы патшамен дастарқандас болып, бірге тамақтанып жүрді.
34 Ехониях көз жұмған күнге дейін бүкіл өмір бойы оның күнделікті мұқтаждарын Бабыл патшасы қамтамасыз етіп отырды.