Жоқтау

1 2 3 4 5


Тарау 1

(Пайғамбар:)

Беу, бір кезде халқы мол болған қала Жападан-жалғыз отыр қазір қалайша! Ол сыйлы болатын халықтар арасында, Ал енді жесірдей болды тым бейшара. Аймақтарды басқарған ақсүйек ханша Жай күңдей қазір ауыр жұмыс жасауда.
2 Түнде ол еңіреп жылап жатады, Көз жасы бетінен төмен ағады. Ашына болғандардың ешқайсысы Жұбату үшін қасында қалмапты, Опасыз болып достарының барлығы да Айналып кетті оның жауларына.
3 Көп азап шегіп, езгіге салынып, Яһуданың халқы кетті айдалып, Халықтардың арасын мекендейді, Ал сол жерде тыныштықты білмейді, Жау қуып жетті оны мүшкіл күйінде.
4 Сионға апаратын жолдар қайғыруда, Өйткені келер ешкім жоқ мейрамдарына, Қаңырап бос тұр оның қақпалары да, Діни қызметкерлер күңірене жоқтауда, Қызметші қыздары қайғырып жылауда, Оның өзі де қатты қиналуда!
5 Жау айналды қаланың қожайынына, Бірақ жағдай жақсы қарсыластарында. Қаланың күнәлары тым көп болғаннан Қайғыға ұшыратты оны Жаратқан, Халқын жау айдап әкетті қаладан.
6 Сион шаһары бар сәнінен айырылған, Оның күллі әміршілері ұқсас болған Бұғыларға жайылым таппай ашыққан, Әлсіреп қашуда олар жау алдынан.
7 Иерусалим қиналып, ел кезіп жүргенде Бұрынғы мол байлығын сақтайды есінде. Халқы оның дұшпанның қолына түскенде, Көмектесер ешкім болмады өзіне. Жаулар қарап, күлді оның күйрегеніне.
8 Иерусалим күнәға терең батып, Осылай жексұрын болды арамданып. Бұрын оны құрметтеп сыйлағандар да Абыройының ашылғанын табалауда, Ал өзі сырт бұрылып, аһылауда.
9 Зор күнәсінен қала арамданып қалды, Соңында не боларын ол еш ойламады. Сондықтан да қала қатты құлдырады, Оны жұбататын ешкім де болмады. «Назар салшы азабыма, уа, Жаратқаным, — Дейді ол, — Тым мақтанады қас дұшпаным!»
10 Жау қол сұқты бар қымбат қазыналарына, Бөтен жұрт кіріп алды ғибадатханасына, Ал Сен бұйырдың: «Олар кірмесін жамағатқа!»
11 Бүкіл халқы нан іздеп аһ ұруда, Азық үшін бар дүние-мүлкін сатуда. (Иерусалим:) «Қорланғаныма назар салшы, уа, Жаратқан!»
12 «Бұл сендерге әсер етпей ме, ей, қасымнан Өтушілер, жан-жаққа қарап, Жаратқан Қаһары лап еткенде, мені қайғыртқан Кезде тартқан жазамды басқа кім тартқан?
13 Көктен Тәңірім бойыма от жіберді, Өрт жалмады күйретіп сүйектерімді. Аяғыма тұзақ құрып, мені кері бұрды, Ием мені қаңыратып бос қалдырды, Күн сайын шаршатып-шалдықтырды.
14 Күнәмді қолымен жіптей есіп шығарды, Жармадай етіп мойныма салды оларды, Жаратқан мені қуатымнан айырды, Қарсы тұра алмайтын жауыма тапсырды.
15 Жасақшыларымды Ием менсінбеді, Жас ерлерімді құртуға қол жинап әкелді. Жүзімнің сыққышта тапталатыны секілді Сүйікті Яһуда халқын таптай берді.
16 Сондықтан жылап, көз жасымды төгудемін, Жұбатып, маған күш беретін жоқ ешкім. Жау жеңіп, күйреді халқым менің». (Пайғамбар:)
17 Сион қол созса да, жоқ жұбатушылары, Ал Жаратқан Ие былай деп бұйрық шығарды: «Жақып елін қоршауға алсын дұшпандары!» Олар үшін Иерусалим арам затқа айналды. (Иерусалим:)
18 «Жаратқан Ие әділ, — дейді Иерусалим. — Мен Оның айтқанына бағынбаған едім. Бар халықтар, тыңдап, қараңдар азабыма, Жас жігіт-қыздарым менің кетті айдауға!
19 Шақырып ем көмекке көңілдестерімді, Алайда олар сатып кетті өзімді. Діни қызметкерлерім мен ақсақалдарым Қаза тапты аралап Иерусалим Қаласын азық іздеп жүріп өлмес үшін.
20 Менің қанша азап шегіп келгеніме Аударшы назарыңды, уа, Жаратқан Ие! Мен саған бағынбай, қарсы шыққандықтан, Жан дүнием менің алай-дүлей болған, Жүрегім де әбден тынышсызданған. Жол бойы семсер халқымды жалмауда, Үйлердің ішіне де ажал таяуда!
21 Жұрт естісе де ауыр күңіренгенімді, Жұбататын ешкім жоқ қасіретімді. Жауларымның барлығы басыма түскен Ғаламат азабым туралы естіген, Сенің солай істегеніңе жұрт көңілденген! Сен алдын ала айтқан сот күнің келсін, Олар да мен сияқты бола берсін!
22 Бар сұмдығы әшкереленсін алдыңда, Мені жазаладың көп күнәма бола, Дәл солай жазалай гөр оларды да! Көп аһ ұрып, жүрегім қан жылауда».