Жоқтау
Тарау 5
Уа, Иеміз, бізге не болғанын ескере гөр, Көрген масқарамызға қарап көңіл бөле гөр!
2 Жат жерліктерге өтті мұралық жеріміз, Сырттан келген жауға тиді біздің үйлеріміз.
3 Әкесі жоқ жетім болдық өздеріміз, Жесірге айналды біздің шешелеріміз.
4 Ішетін суымызды ақшаға сатып аламыз, Отынымызды да құнын төлеп алып тұрамыз.
5 Дұшпандар бізді артымыздан қалмай қууда, Қажысақ та, мұршамыз жоқ демалуға.
6 Біздер жеп тойынуымыз үшін нанға Бодан болдық Мысыр, Ассур халықтарына.
7 Күнә жасап, қайтыс болды ата-бабамыз, Ал олардың жазасын енді біз тартудамыз.
8 Біздің үстімізден құлдар билік құруда, Қолдарынан құтқарар жоқ бір адам да.
9 Жейтін нанымызды табамыз бас қаупімен, Өйткені далада қатер төнуде семсерден.
10 Аштықтан қатты зардап шегіп келеміз, Отқа күйгендей қарайып кетті теріміз.
11 Сиондағы әйелдерді жаулар зорлады, Яһуданың пәк қыздарын да олар қорлады.
12 Дұшпандар асып қойды әміршілерді, Қарияларға олар еш құрмет білдірмеді.
13 Жас жігіттерге диірмен тасын айналдыртады, Балаларға сүріндіргенше отын тасытады.
14 Ақсақалдар енді қақпада бас қоспайды, Жастар көңілді ән-күй салуларын қойды.
15 Жүректерімізден қуаныш ғайып болды, Би билеуіміз қайғы-қасіретке айналды.
16 Тәжіміз лақтырылып түсті басымыздан, Қасіретке қалдық күнә жасағандықтан.
17 Содан жүректеріміз әлсірей қайғыланып, Көздеріміз талып қалды жасы мол ағып.
18 Себебі Сион тауы бос жатыр қаңырап, Оны түлкі мен шибөрі кезіп жүр шарлап.
19 «Ал Сен, Жаратқан Ие, мәңгі билік жүргізесің, Ұрпақтан ұрпаққа ұласады Сенің билігің!
20 Неліктен біздерді мүлдем ұмытып кеттің? Сонша ұзақ уақытқа неге тастап кеттің?
21 Уа, Иеміз бізді Өзіңе қабылдай гөр қайта, Сонда біз бет бұрамыз Саған тағы да, Бұрынғыдай етші күндерімізді жаңарта!
22 Әлде Сен бізге әбден қаһарландың ба, Әлде бізден біржола бас тартқансың ба?»