Еремия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52


Тарау 11

Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді:
2 — Мына Келісімнің шарттарын тыңдап ал да, оларды Яһуда халқы мен Иерусалимнің тұрғындарына жеткізіп былай де:
3 Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Осы Келісімнің шарттарына құлақ аспайтын адамды қарғыс атсын!
4 Мысыр елі ата-бабаларың үшін темір балқытып тазартатын пеш іспетті болды. Мен көп азап шеккен оларды сол елден бастап алып шыққанымда оларға осы Келісімнің шарттарын тапсырып, былай деген едім: «Менің даусыма құлақ салып, бұйырғандарымның бәрін орындасаңдар, сендер Менің халқым, ал Мен сендердің Құдайларың боламын.
5 Сонда сендердің ата-бабаларыңа берген антымды орындап, өздерің бүгін мекендеп отырған ағы мен балы ағыл-тегіл елді табыстаймын!» — Сонда мен: — Аумин, солай болсын, уа, Жаратқан Ием! — деп жауап бердім.
6 Содан соң Жаратқан Ие маған былай деді: — Мына сөздерді Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде түгелімен жарияла: Келісімнің шарттарын тыңдап, оларды орындайтын болыңдар!
7 Мен ата-бабаларыңды Мысыр елінен алып шыққалы бері осы күнге дейін қайта-қайта оларға «Даусыма құлақ салыңдар!» деп ескертіп келдім.
8 Бірақ олар құлақ салып ден қойған жоқ, керісінше, қасарысқан жүректерінің зұлым қалауларымен жүре берді. Сондықтан Келісімде белгіленген қарғыстардың барлығын бастарына түсірдім. Себебі Мен осы Келісімнің шарттарын оларға тапсырсам да, олар ұстанбады.
9 Содан соң Жаратқан Ие маған тағы былай деді: — Яһуда мен Иерусалимнің халқының арасында Маған қарсы сыбайласып жатқандар бар!
10 Олар Менің сөзіме мойынсұнудан бас тартқан ата-бабаларының зұлым істеріне қайта оралып, бөгде тәңірлердің жолына түсіп, соларға құлшылық етеді. Өздерінің ата-бабаларымен жасаған Келісімімді Исраилдің де, Яһуданың да халқы бұзды!
11 Сондықтан Жаратқан Ие ескертіп мынаны айтады: Мен оларға қашып құтыла алмайтын бір апат жіберемін. Олар Менен рақым етуімді жалбарына өтінсе де, оларға құлақ аспаймын.
12 Сонда Яһуда қалалары мен Иерусалимнің тұрғындары өздері хош иісті зат түтетіп, құрбандықтар өртеп ұсынатын жалған тәңірлеріне барып, жалбарынатын болады. Бірақ бастарына күн туғанда, солар мүлдем көмек көрсетпейді.
13 «Ей, Яһуда халқы, сендерде қанша қала болса, сонша жалған тәңір бар! Иерусалимде қанша көше болса, сендер сол масқара тәңірсымақ Бағалға арнап сонша құрбандық үстелдерін тұрғыздыңдар! Иә, солардың үстінде Бағалға хош иісті зат түтетіп, құрбандықтар өртеп ұсынасыңдар!»
14 Ал сен бұл халық үшін сиынушы болма! Олар үшін ешқандай мінажат етіп, өтініш те білдірме! Себебі бастарына пәле түсіп, Маған жалбарынғанда Мен оларды мүлдем тыңдамаймын.
15 Менің сүйікті халқым қалайша Өзімнің киелі үйіме келе алады? Ол сондай опасыз істер істеп жүр ғой! Әлде олар құрбандықтың етін ұсынып, өз жазаларынан құтыла аламыз дей ме? Ал зұлымдық жасаған кезде олар тіпті шаттанады!
16 Бұл халықты Жаратқан Ие жемістері жақсы піскен, жапырағы жайқалған зәйтүн ағашы дейтін еді. Бірақ енді Ол гуілдеген бір сұрапыл дауылды жіберіп, өртті қоздырып тұтатады! Сонда ағаштың бұтақтары өртеніп, сынып қалады.
17 «Мен, Әлемнің Иесі, сендерді елде сеуіп отырғызған едім, ал енді бастарыңа апат бұйырдым. Себебі Исраилдің де, Яһуданың да халқы зұлым істер істеп, жалған тәңір Бағалға арнап хош иісті зат түтетіп әрі құрбандықтар ұсынып келеді. Сөйтіп сендер Менің қаһарымды туғыздыңдар!»
18 Дұшпандарымның не істеп жатқандарын, яки қастандық жоспарлап жүргендерін Жаратқан Ие маған ашып білдірді.
19 Сойылуға апарыла жатқанда ештеңе аңғармайтын момын тоқтыдай, мен бұдан мүлдем хабарсыз болған едім. Дұшпандарым зұлым жоспар құрып былай деп жүр екен: «Ағашты жемісімен қоса құртайық, оны бұ дүниеден аластатайық! Оның аты тіпті еске алынбасын!»
20 Бірақ Сен, уа, Әлемнің Иесі, әрқашан әділ шешім шығарасың! Адамның жан дүниесі мен ой-санасында не барын тексеріп анықтайсың. Өзіңе жағдайымды сеніп тапсырдым. Енді оларға лайықты жазаларын тартқызғаныңды маған көрсете көрші!
21 Жанымды алмақ болып маған: «Жаратқан Иенің атынан пайғамбарлық сөздеріңді жариялама, әйтпесе өлтіреміз!» — деп, көзімді құртқысы келіп жүрген Анатоттың адамдары туралы Жаратқан Ие мынаны айтады:
22 «Мен оларды жазалаймын. Жас жігіттері семсерден қаза тауып, балалары аштан өледі! — Әлемнің Иесі осыны нық айтады. —
23 Анатоттың сол адамдарының тірі қалғандары болмайды. Мен оларды жауапқа тартатын жыл келгенде бастарына пәле жіберемін!»