Еремия
Тарау 50
Жаратқан Иенің Еремия пайғамбар арқылы Бабыл қаласы мен халдейлердің елі туралы айтқан сөзі мынау:
2 Ұлттардың арасында мына хабарды жар салып, бәріне естіртіңдер; оны белгі беретін жалаудай көтеріп, әркімге де білдіртіңдер! Ештеңесін бүкпей жариялаңдар: «Бабыл жау қолына түседі! Оның тәңірсымағы Бел Меродах масқара болып, үрейге толады. Халық табынған тәңір мүсіндері аяқ асты болып, сындырылады.
3 Өйткені солтүстіктен бір ұлт аттанып келіп, Бабылдың елін ойрандайды. Сонда адам да, мал да одан қашып, Бабылды мекендейтін ешкім қалмайды.
4 Сол кездері Солтүстік Исраил мен Яһуданың халқы екеуі бірдей көз жастарын төгіп, Маған — өз Құдайлары Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрып сиынады, — дейді Жаратқан Ие. —
5 Олар Сионға апаратын жолды сұрастырып, Иерусалимге бет алмақ. Екі халықтың да адамдары айдалып кеткен жақтарынан қайтып келмек. Сонда олар ешқашан ұмытылмайтын мәңгілік Келісімнің арқасында Жаратқан Иемен тығыз байланыста тұратын болады.
6 Менің халқым қойлар сияқты жоғалып кетті. Бағушылары азғырып, тауда адастырып жіберген олар тау-төбелерді кезіп, өздерінің тынығатын жерін ұмытқан.
7 Кездестірген жауларының бәрі де оларды жалмап қойып, былай дейтін: «Біз кінәлі емеспіз, өйткені олар өздерінің тынығатын шынайы «мекені» — Жаратқан Иеге қарсы күнә жасады. Ал Ол ата-бабалары үміт артқан Жаратқан Ие ғой».
8 Уа, яһудалықтар, Бабылдан қашыңдар! Халдейлердің елін тастаңдар! Отарды бастап жүретін серкедей алғашқы болып сол елден кетіңдер!
9 Өйткені Мен солтүстік жақтан үлкен халықтардың тобын Бабылға қарсы көтеріп, алып келемін. Солар Бабылға қарсы соғысуға шеп құрып орнығып, оны басып алады. Ал атқан жебелері шайқастан олжасыз оралмайтын тәжірибелі жауынгер сияқты дәл тиетін болады.
10 Осылайша Бабыл тоналып, оны талан-тараж еткендер олжаға қарық болып қалады!» — деп нық айтады Жаратқан Ие.
11 Ей, бабылдықтар, сендер Менің меншікті халқымды талан-таражға салдыңдар. Соған мәз болып, астық бастырып, бидайға тойып алған қашардай секіректеп, айғырдай кісінеп жатырсыңдар.
12 Сол үшін сендердің «аналарың», Бабыл қаласы, масқараланып, халықтардың ішіндегі ең елеусізіне айналады. Сонда ол елсіз дала, қу тақыр, құла түз болып кетеді.
13 Менің, Жаратқан Иенің, қаһарым лап еткеннен қала қаңырап бос қалып, енді қайтып оны ешкім мекендемейді. Бабылдың маңынан өткен-кеткендердің бәрі қаланың басына түскен пәлелерді көргенде аңтарыла жандары түршігіп, ысқырып табалайтын болады.
14 Ей, садақшылар, Бабылды жан-жақтан қоршап алып, шабуылға дайындалып шеп құрыңдар! Оған қарай жебелеріңді аямай атқылаңдар! Өйткені Бабыл халқы Жаратқан Иеге қарсы күнә жасады.
15 Қалаға жан-жағынан атой салыңдар! Сонда ол беріліп, мұнаралары құлап, қамал қабырғалары опырылады. Бұл — Жаратқан Иенің жүзеге асырып жатқан әділ жазасы. Сондықтан Бабылға тиісті жазасын тартқызыңдар! Сол қала басқа халықтарды қалай қырған болса, сендер де оны солай қырыңдар.
16 Бабыл еліндегі егін егіп, өнімін жинайтын диқандарының көздерін құртыңдар! Бабылға жер аударылып келген әркім зорлықшыл жаудың семсерінен құтылып, өз халқына, өз жеріне қайта оралсын!
17 Исраил арыстандар қуып, шашырап кеткен қой отары сияқты. Оны бірінші жалмаған Ассур патшасы болған еді, ал оның сүйегін кемірген соңғысы — Бабыл патшасы Набуходоносор.
18 Сондықтан Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: «Біліп алыңдар, Мен Ассур патшасына жазасын тартқызғандай, Бабыл патшасын да, оның елін де дәл солай жазалаймын!
19 Сонда Мен Исраилді өзінің жайлы мекеніне қайтарып, ол қайтадан Қармил мен Башан тауларында жайылып, Ефрем мен Ғилахадтың қыраттары аймақтарында да тойынатын болады. —
20 Жаратқан Ие тағы мынаны уәде етеді: — Сол заманда Солтүстік Исраилдің айыбы мен Яһуданың күнәсі іздесе де, еш табылмай жоқ болып шығады. Өйткені Мен халқымнан тірі қалдырған адамдардың күнәларын кешіремін».
21 «(Бабыл еліндегі) Мератайым аймағына және Пеходтың тұрғындарына қарсы аттаныңдар! Олардың жерін қаңыратып бос қалдырып, толығымен құртыңдар! Өздеріңе айтқандарымның бәрін орындаңдар!» — Жаратқан Ие осыны бұйырады.
22 Бабыл елінде соғыстың және зор күйреудің у-шуы естіледі.
23 Бабыл бүкіл жер бетін тоқпақтаған балға іспетті талқандап келеді. Енді оның өзі шабылып, күл-талқан болады. Халықтардың арасында Бабыл қорқынышты көрініске айналмақ.
24 Мен саған тұзақ қойып, сен де соған түсесің, о, Бабыл. Маған, Жаратқан Иеге, қарсыласқандығыңнан өзің тұзаққа түсіп, тұтқындаласың.
25 Мен қару-жарақ қоймамды ашып, одан қаһарымның қаруын шығардым. Өйткені Мен, Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие, халдейлердің елінде ойыма алған бір ісімді жүзеге асырмақпын.
26 Бабылға қарсы ең шалғай жақтардан аттанып келіңдер! Оның астық қоймаларын ашыңдар. Үйлерін қиратып, үйілген бидай сияқты төбе-төбе қылып тастаңдар! Ешкімді қалдырмай, бәрін де жойыңдар!
27 Оның бұқадай мықты жасақшыларының бәрін өлтіріңдер, барлығы да бауыздалып қырылсын! Олар қасіретке қалды, өздеріне тиісті жазаны тартатын уақыттары таяп қалды.
28 Тыңдаңдар, Бабыл елінен бас сауғалап қашып келген босқындардың дауыстары естіліп жатыр. Олар Жаратқан Иенің Бабылды қатаңдықпен соттап, Өзінің киелі үйін қиратқаны үшін оған тиісті жазасын тартқызғаны туралы Сион шаһарында айтып жүр.
29 Бабылға қарсы соғысу үшін садақшыларды көптеп шақырыңдар. Оны айнала қос тігіп, қоршауға алыңдар. Ешкім одан қашып шықпасын. Оған өзінің істегендерінің қарымтасын қайтарыңдар. Өйткені ол Исраилдің киелі Құдайы Жаратқан Иеге қарсы өркөкіректеніп бас көтерді.
30 Сондықтан да оның жас жігіттері көшелерінде қаза тауып, барлық жасақшылары сол күні қырылып, үнсіз қалады! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
31 «Құлақ сал, уа, тәкаппар қала, Мен саған қарсымын, — дейді Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие. — Расында сенің үкімің шығарылып, жазаланатын уақытың жетті.
32 Сол тәкаппар қала сүрініп, жығылады. Оны көтеріп алатын ешкім болмайды. Мен қалаларыңа от қойып, ол айналаңдағының бәрін де өртеп жібереді!»
33 Әлемнің Иесі тағы мынаны айтады: «Солтүстік Исраил мен Яһуданың адамдары қаналып келеді. Тұтқындап әкеткендер оларды құлдықта ұстап, босатудан бас тартады.
34 Бірақ сол екі халықтың құтқарушы Қамқоршылары күшті. Оның есімі: «Әлемнің Иесі». Ол солардың мүдделерін қайсарлықпен қорғайды. Осылай Ол елдеріне тыныштық сыйлайды, ал Бабылдың тұрғындарына зобалаң жібереді.
35 Халдейлер семсердің жүзінен қырылатын болады! — деп жариялайды Жаратқан Ие. — Бабылдың тұрғындарына, оның әміршілері мен данышпандарына семсер төніп тұр!
36 Семсер Бабылдың сәуегейлеріне төнгенде солар ақылдарынан алжасып, батырларына төнгенде олар қатты қорқатын болады.
37 Семсер Бабыл әскерінің аттары мен соғыс күймелеріне және елдегі жат жұрттық жасақшыларға төнгенде олар әйел сияқты әлсізденеді. Семсер қазыналарына тигенде олар талан-таражға түседі.
38 Елдегі сулар тартылып құрғап, қуаңшылық жайылады! Өйткені бұл ел жалған тәңірлерге табынып, халық сол жексұрын мүсіндерге құштарлана беріліп кеткен!
39 Сондықтан Бабыл қаласын құла түздің аңдары мекендеп, оны шибөрілер мен арам құстар жайлайтын болады. Адамдар онда енді қайтып қоныстанбайды, ол ұрпақтан ұрпаққа елсіз қаңырап бос қала береді.
40 Менің ежелде Содом мен Ғомораны көршілес қалаларымен бірге құртып жібергенімдей, Бабылда да ешкім тұрмайтын, ешбір адам баласы оны мекендемейтін болады». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
41 «Біліп қой, солтүстіктен бір әскер аттанып келеді. Бір үлкен халық пен көп патшалар жер бетінің алыс шеттерінен жылжып келетін болады.
42 Садақ пен найза ұстанған олар қатыгез, аяуды білмейді. Атқа мініп шапқанда дауылды теңіздей гүрілдейді. О, сорлы Бабыл, олар шеп құрып, сені басып алуға келеді!
43 Олар туралы хабар естігенде Бабыл патшасының қолдарының әлі кетіп, сылқ етеді. Жанын қорқыныш билеп, толғатқан әйелдей қиналады.
44 Мен Иорданның бойындағы ну тоғайлардан шыға келіп, шұрайлы жайылымдағы ұсақ малға бас салатын арыстанға ұқсап әп-сәтте Бабылды өз жерінен қуып жіберемін. Бұл үшін Мен тағайындайтын таңдаулым кім екен? Менімен теңдес болып, Мені жауапқа тарта алатын ешкім жоқ. Маған қарсы тұра алатын ешбір бақташы да жоқ».
45 Сондықтан Жаратқан Ие Бабыл қаласының және халдейлер елінің тұрғындарына қарсы нені жоспарлағанын тыңдаңдар: Бабылдың халқы, тіпті олардың балалары да міндетті түрде басқа жаққа айдалып әкетіледі! Істеген қылықтарының кесірінен олардың мекендері сөзсіз қаңырап бос қалады.
46 Бабылдың жау қолына түскен кезіндегі у-шуынан жер (бетіндегі халықтар) дірілдейді, оның қиналған айқайы тіпті бөтен ұлттардың арасына дейін жаңғырып естіледі.