Еремия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52


Тарау 30

Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді:
2 — Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Өзіңе айтқан сөздерімнің бәрін шиыршық кітапқа жазып қой!
3 Өйткені былай деп уәде беремін: Мен өз халқым (Солтүстік) Исраил мен Яһуданы жер аударылудан қайтарып алып келемін. Сонда Өзім ата-бабаларына мұралық меншікке тапсырған елді олардың иемденетін уақыты жетеді. —
4 Мынау Жаратқан Иенің Солтүстік Исраил мен Яһуда туралы тағы да айтқан сөздері: —
5 Жаратқан Ие мынаны айтады: Қорқынышты айқай естіледі! Айналдыра үрей, еш тыныштық жоқ!
6 Сұрастырып көріңдерші, ойлаңдаршы: ер адам бала туа алатын ба еді? Тумаса, неліктен әрбір еркек толғатып жатқан әйелдей ішін екі қолымен ұстап алған? Неге өңдері құп-қу болып кеткен?
7 Ойпырмай, сол күн қандай ауыр болады десеңші! Ешбір күн дәл сол күнге ұқсамайды. Сол кез Жақыптың ұрпақтары үшін қиын-қыстау кезең болады! Бірақ ең соңында олар содан құтқарылады.
8 Сол кезде Мен олардың киген мойынтұрықтарын сындырып алып тастап, бұғауларын талқандап лақтырамын. Бөтен халықтар бұдан былай оларды құлдыққа түсірмейтін болады, — деп уәде береді Әлемнің Иесі. —
9 Енді олар өз Құдайлары Жаратқан Иеге және Дәуіттің әулетінен шыққан өз патшаларына мойынсұнып қызмет ететін болады. Мен сол үшін оларға Дәуіттің ұрпағын патша болуға қайтадан тағайындап беремін.
10 Сондықтан қорықпа, уа, қызметшім Жақып, үрейленбе, уа, Исраил халқы! — дейді Жаратқан Ие. — Біліп ал: Мен сені жүрген алыс жерлеріңнен құтқарамын, ұрпақтарыңды да тұтқында жүрген елдерінен құтқарып алып келемін. Сол жерде Жақыптың үрім-бұтағы елге қайта оралып, аман-есен өмір сүреді. Ешкім де оларды қорқытпайды.
11 Мен саған жар болып, сені құтқарамын, — деп уәде береді Жаратқан Ие. — Сені араларына шашыратып жіберген халықтарды құртып жоқ қыламын, бірақ өзіңді құртып жоқ қылмаймын. Алайда сені мүлдем жазасыз қалдырмай, әділдікпен жазалаймын.
12 Өйткені Жаратқан Ие мынаны нық айтады: — Сенің жараңа ешқандай ем жоқ, жарақатың тым ауыр!
13 Мүддеңді қорғайтын қамқоршың, жарақатыңа ем, өзіңе шипа болатын дәрі-дәрмек жоқ.
14 Көңілдес одақтастарыңның бәрі сені ұмытып, естеріне еш алмайды. Кінәң тым ауыр, күнәларың тым көп болғандықтан, Мен сені жау соққы бергендей соғып, қатыгез адамның жазалағанындай жазаладым.
15 Өзіңнің жарақатыңнан, шипасы жоқ ауруыңнан несіне айқайлайсың? Кінәң тым ауыр, күнәларың тым көп болғандықтан саған сондай жаза тартқыздым.
16 Бірақ сені жалмағандардың бәрі өздері жалманады, дұшпандарың біреуі қалмай тұтқынға түседі. Сені тонағандардың өздері тоналып, талан-таражға салғандар соны өз бастарынан өткізеді.
17 Сен «аластатылған, еш қамқоршысы жоқ Сион» деп аталғандықтан, Мен сені қайтадан сауықтырып, жарақаттарыңды жазамын.
18 Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: Біліп қойыңдар, Мен Жақыптың ұрпақтарына рақым көрсетіп, жер аударылған жағынан қайтарамын. Қирап, үйінді болған қала қайта тұрғызылып, қорғаны да өзінің бұрынғы орнында тұратын болады.
19 Олардан шүкірлік ән-жырлары мен қуанғандардың үндері шығатын болады. Мен олардың сандарын азайтпай, өсіріп-өндіріп көбейтемін. Абыройға бөлеймін, олар енді масқара болмайды.
20 Бұрынғыдай үбірлі-шүбірлі болып, қауымы Менің алдымда нығаяды. Мен оларға қысым көрсеткендердің бәрін жазалаймын.
21 Олардың билеушісі халықтың ішінен, өз араларынан шығады. Оны Өзіме жақындатамын, ол Менің алдыма келе береді. Өйткені Мен шақырмасам, өздігінен Менің алдыма келуге кімнің дәті барады? — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
22 Осылай сендер Менің халқым, ал Мен сендердің Құдайларың боламын.
23 Қара да тұр, Жаратқан Иенің қаһары дауылдай буырқанып, құйын сияқты зұлымдардың басына шүйілейін деп жатыр!
24 Жаратқан Ие жүрегіндегі ой-ниеттерін толығымен орындап болмайынша, Өзінің лаулаған қаһарынан қайтпайды. Алдағы уақытта сендер мұны түсінесіңдер.