Еремия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52


Тарау 29

Набуходоносор Иерусалимнен Бабылға жер аударып әкеткен халықтың әлі де көзі тірі ақсақалдарына, діни қызметкерлері мен пайғамбарларына және бүкіл халыққа Еремия пайғамбар сәлемхатын жолдады.
2 Ол бұл хатты Ехониях патша, оның шешесі, сарай қызметкерлері және Яһуда мен Иерусалимнің әміршілері, қолөнершілері мен ұсталары Иерусалимнен айдалып кеткеннен кейін жазды.
3 Еремия хатын жеткізуді Яһуда патшасы Седекияхтың Бабыл патшасы Набуходоносорға жіберген елшілері Шапан ұлы Еласах пен Хелкия ұлы Гемарияхқа аманаттады. Хатта былай делінген еді:
4 «Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы Өзі Иерусалимнен Бабылға жер аудартқандарға мынаны айтады:
5 Үй салып, қоныстаныңдар, бау-бақша отырғызып, өнімін жеңдер,
6 үйленіп, ұл-қыз сүйіңдер, ұлдарыңды үйлендіріп, қыздарыңды ұзатыңдар, олар да бала сүйсін. Сол жақта сандарың азаймай, өсіп-өніп көбейіңдер!
7 Мен өздеріңді жер аудартқан қаланың бейбіт өркендеуіне атсалысыңдар! Жаратқан Иеге қала үшін дұға етіп сиыныңдар! Өйткені қала бейбіт өркендесе, сендер де амандық пен тыныштықта өмір сүріп өркендейсіңдер.
8 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны да айтады: Өз араларыңдағы пайғамбарларың мен сәуегейлеріңнің алдағандарына алданып қалмаңдар! Олардың көріп жүрген түстеріне сенбеңдер!
9 Олар сендерге Менің атымнан өтірік хабар айтып жүр. Мен оларды хабар айтуға жіберген емеспін, — деп ескертеді Жаратқан Ие.
10 Себебі Жаратқан Ие былай деп уәде береді: — Сендер Бабылда жетпіс жыл болғаннан кейін Мен сендерді қамқорлауға келіп, өздеріңді осы жерге қайтып әкелемін деген ізгі уәдемді орындаймын.
11 Өйткені сендерге деген ниетім Өзіме аян: сендерге қасірет емес, амандық пен тыныштық бұйырып, болашақ пен үміт сыйлайтын ниетім бар, — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
12 Сол кезде Маған сиынып шақырасыңдар, алдыма келіп дұға етесіңдер, ал Мен сендерге құлақ асамын.
13 Егер де Маған шын жүректен бет бұрып сиынып Мені іздесеңдер, табасыңдар.
14 Сонда Мен сендерге Өзімді тапқызамын! — деп уәде береді Жаратқан Ие. — Иә, Мен сендерді тұтқыннан кері қайтарып, жағдайларыңды бұрынғыдай игілікке кенелтемін. Өзім сендерді жер аудартқан барлық халықтар мен елдерден жинап, осы жерге қайта алып келемін.
15 «Жаратқан Ие бізге Бабылда да Өзінің хабарын жеткізіп тұрған пайғамбарларын берді ғой!» дейтін шығарсыңдар.
16 Бірақ Жаратқан Ие Дәуіттің тағында отырған патша туралы және өздеріңмен бірге жер аударылмай, Иерусалим қаласында қалып қойған ағайындарың туралы Өзінің еркін білдірді.
17 Әлемнің Иесі солар туралы мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен олардың бастарына семсер, ашаршылық және індет түсіріп, оларды бұзылып, жеуге жарамай қалған жиренішті інжір жемістері сияқты етемін!
18 Иә, Мен оларды семсер, ашаршылық және індетпен соңдарынан қалмай қуып, бүкіл жер бетіндегі патшалықтарға қорқынышты көрініс етемін. Оларды Өзім қуып жіберген барлық халықтардың арасында бәрі қарғап, жандары түршігіп ысқырып, келекелеп масқаралайтын болады.
19 Өйткені олар Менің пайғамбарларым арқылы өздеріне қайта-қайта жіберген сөздеріме құлақ асқан жоқ! Және жер аударылған сендер де тыңдаған жоқсыңдар! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
20 Ал енді, Мен Иерусалимнен Бабылға жер аудартқан сендердің барлығың, сөзіме құлақ салыңдар!
21 Мен, Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны Қолаях ұлы Ахаб пен Мағасиях ұлы Седекиях туралы айтамын: Олар Менің атымнан жалған хабарлар айтып келеді. Біліп қойыңдар, Мен оларды Бабыл патшасы Набуходоносордың қолына түсіремін. Ол сол екеуін сендердің көз алдарыңда өлтіреді.
22 Сондықтан Яһудадан Бабылға жер аударылып келгендер арасында: «Бабыл патшасы отпен өртеген Седекиях пен Ахаб сияқты, Жаратқан Ие саған да солай істесін!» деген теріс бата берілмек.
23 Өйткені олар Исраилде түрлі арамза істер істеп, тіпті басқалардың әйелдерімен опасыздық жасап келеді. Сонымен қатар олар Мен өздеріне айтпасам да, олар Менің атымнан жалған хабар жеткізіп жүр. Мен бұл қылықтарын білемін және соларына Өзім куәмін!»
24 Нехеламдық Шемаяхқа былай де:
25 — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Сен өз атыңнан Иерусалимдегі бүкіл халыққа, діни қызметкер Мағасиях ұлы Софонияға және басқа барлық діни қызметкерлерге мынадай хаттар жазыпсың:
26 «Жаратқан Ие сізді діни қызметкер Еходайдың орнына ғибадатханада сақшылар бастығы болуға тағайындады. Сондықтан пайғамбарсып жүрген әрбір есуасты тұтқындап, мойнына және аяғына темір бұғау салуыңыз керек болатын!
27 Ендеше сіздерге пайғамбар болып жүргенсіген анатоттық Еремияға неліктен осы уақытқа дейін тыйым салмай жүрсіз?
28 Ол тіпті Бабылдағы біздерге сәлемхатын жолдап былай деді: «Сендер сол жақта әлі ұзақ уақыт боласыңдар. Сондықтан үй салып, қоныстаныңдар, бау-бақша отырғызып, өнімін жеңдер!» деп жазды».
29 Діни қызметкер Софония осы хатты алғанда оны Еремия пайғамбарға оқып берді.
30 Сонда Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап:
31 — Барлық жер аударылғандарға хат жолдап былай деп жаз: «Нехеламдық Шемаях туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен өзін жібермесем де, Шемаях сендерге пайғамбар болғансып сөз айтып, сендерді өтірікке сендіргені үшін,
32 Жаратқан Ие ол туралы мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен нехеламдық Шемаяхты да, оның ұрпақтарын да жазалаймын. Оның бірде-бір ұрпағы мына халықтың арасында тұрмайтын болады. Оның өзі де Мен халқым үшін жасайтын жақсылықтардың ешқайсысын да көрмейтін болады! Өйткені ол халықты Маған мойынсұнбауға шақырды! Жаратқан Ие осыны нық айтады», — деді.