Еремия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52


Тарау 46

Мұнда Жаратқан Иенің басқа халықтар жайлы Еремияға арнаған сөздері берілген.
2 Мысыр елі туралы мына сөз Мысыр патшасы Нехо перғауынның әскері жөнінде айтылды. Сол кезде бұл әскер Евфрат өзенінің жағасындағы Қаркеміш қаласының маңында тұрақтаған еді. Олар Жосия ұлы Жохақым Яһуда еліне патшалық құрған төртінші жылы сол төңіректе болған шайқаста Бабыл патшасы Набуходоносордың әскерінен жеңіліп қалды.
3 — Үлкен және кіші қалқандарыңды дайындап, шайқасқа шығыңдар!
4 Аттарыңды ерттеп, тұлпарларыңа мініңдер! Дулыға киіп, сапқа тұрыңдар! Найзаларыңды үшкірлеп, сауыттарыңды киіңдер!
5 Ал Мен не көріп тұрмын? Мысырдың жасақшылары қорқып, шегініп, батырлары да жеңіліп, алды-арттарына қарамай қашып бара жатыр. Айналдыра бәрі де қорқыныш! — дейді Жаратқан Ие. —
6 Тіпті желаяқтары да қашып құтылып, күштілері де сытылып кете алмайды. Олардың барлығы да солтүстіктегі Евфрат өзенінің бойында сүрініп, құлап жатыр.
7 Суы бүкіл елге жайылып, Ніл өзеніндей асып-тасып жатқан кім бұл?
8 Мысырдың әскері Ніл өзеніндей асып-тасып, толқындары асау ағындай бұлқынады. Ол мақтанып: — Мен тасып, бүкіл жер бетін жабамын, әрбір қаланы тұрғындарымен қоса қырып тастаймын! — дейді.
9 — Мейлі, аттарыңмен алға басыңдар, күймелеріңмен жойқын шабуыл жасаңдар, уа, батырлар! Уа, қалқан ұстайтын құштық және пұттық жасақшылар, әрі жебені алып, садақты тартатын лудтық сарбаздар, сендер де алға басыңдар!
10 Алайда осы күн — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Иеге тиесілі күн! Ол сол күні өз жауларын қатаңдықпен соттап, оларға лайықты жазаларын тартқызады. Семсер тойғанша, шөлін қанға қандырып болғанша жалмай беретін болады. Өйткені Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие сол жауларды солтүстіктегі жерде Евфрат өзенінің бойында құрбандық шалғандай қырып тастайды.
11 Дәрі май іздеп, Ғилақад қыраттарына шық, уа, сорлы Мысыр халқы! Дәрілеріңнің санын көбейтіп қолдана бергеніңнен еш пайда болмайды, сен бәрібір айықпайсың.
12 Басқа ұлттар сенің масқараң туралы біліп алып, жан айқайың барша жерде естілуде. Қашып жатқан жасақшыларың бір-бірімен соқтығысып, екеуі де бірдей құлап түседі.
13 Жаратқан Ие Бабыл патшасы Набуходоносордың болашақта Мысыр елін шабуылдайтыны туралы Еремия пайғамбарға сөзін арнап былай деді:
14 — Бүкіл Мысыр елі бойынша жар салып, Миғдолда айтыңдар, Мемфис пен Тахпанхесте де мынаны жариялаңдар: Айналаларыңдағы бар халықтарды семсер жалмап жатыр. Сондықтан шепке тұрып, дайындалыңдар!
15 Мықты жасақшыларың неліктен жеңіліп, құлайды? Өйткені Мен, Жаратқан Ие, итеріп жібергендіктен олар тұра алмайды.
16 Мен оларды сүріндіремін. Олар (асыға қашып) бір-бірімен соқтығысып құлап, өзара: «Тұр, зорлықшыл жаудың семсерінен қашып құтылайық! Әрқайсымыз өз халқымызға, өз туған елімізге қайтайық!» — дейтін болады.
17 Елдеріне қайтқан соң олар былай деп айқайлайды: «Мысыр патшасы перғауын у-шу шығарған мақтаншақ. Алайда ол өзіне қолайлы сәтті пайдалана білмеді».
18 Есімі «Әлемнің Иесі» деген мәңгі тірі Патша өз атымен ант етеді: — Бір жеңімпаз қолбасшы мұнда келе жатыр. Таулардың арасында Табор тауы әрі теңіз жағасындағы Қармил тауы алып та айбынды екеніндей, ол да бәрінен мықты да айбынды болады.
19 Әй, Мысырдың бейшара тұрғындары, буынып-түйініп, жер аударылуға дайындалыңдар! Өйткені Мемфис қаласы өртеніп қиратылып, қаңырап бос қалады!
20 Мысыр әдемі тана сияқты. Ал солтүстіктен құжынаған бөгелектер іспетті жау қаптап келе жатыр.
21 Тіпті Мысырдың жалдамалы жауынгерлері бордақыланған тайыншадай шайқасқа жарамайтын болады. Олар да бұрылып, бәрі бірдей қаша жөнеледі. Жазаларын тартып құритын күндері келгенде олар берік тұра алмайды.
22 Жау таяп келе жатқандықтан Мысыр жылан сияқты ысылдап қаша жөнеледі. Жаулары оған қарсы ағаш шабатын адамдардай балта ұстап келетін болады.
23 Мысырдың халқы ну ормандай көп болса да, жау оларды шауып тастайды, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Өйткені жаудың жасақшылары тіпті шегірткелерден де көп, олардың санын есептеп шығуға болмайды.
24 Сонда Мысыр елі масқара болып, солтүстіктен келген халықтың қолына түседі.
25 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен Но қаласының тәңірсымағы Амонды және Мысырдың барлық басқа тәңірсымақтарын, оның билеушілерін, перғауынды және оған сенімдерін артатындарды жазалайтын боламын!
26 Оларды жандарын алмақ болған Бабыл патшасы Набуходоносор мен оның нөкерлерінің қолдарына тапсырамын. Алайда кейінірек Мысыр қайтадан ежелгі замандағыдай халқы көп ел болады. — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
27 — Ал сен, қызметшім Жақып, қорықпа! Үрейленбе, уа, Исраил халқы! Біліп ал: Мен сені шалғай жерлерден, ұрпақтарыңды да тұтқында жүрген елдерінен құтқарып алып келемін. Сонда Жақыптың үрім-бұтағы елге қайта оралып, аман-есен өмір сүреді. Ешкім де оларға қоқан-лоқы жасамайтын болады.
28 Қорықпа, уа, қызметшім Жақып, — дейді Жаратқан Ие. — Себебі Мен саған жар боламын. Сені араларына айдатып жіберген халықтарды құртып жоқ қыламын, бірақ өзіңді құртпаймын. Алайда сені мүлдем жазасыз қалдырмай, әділдікпен жазалап тәрбиелеймін.