Еремия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52


Тарау 28

Яһуда еліне Седекиях патшалық құрған сол төртінші жылының бесінші айында гибеондық Азур ұлы Хананиях Жаратқан Иенің киелі үйінде діни қызметкерлер мен жиналып тұрған бүкіл халықтың көзінше маған тіл қатып былай деді:
2 — Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Мен Бабыл патшасының мойынтұрығын сындырамын.
3 Осыдан екі жыл өтпей-ақ Мен Бабыл патшасы Набуходоносордың Жаратқан Иенің киелі үйінен Бабылға алып кеткен бұйымдарының бәрін де осы жерге қайтарамын!
4 Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехонияхты да, Яһудадан жер аударылған басқалардың бәрін де қайтып алып келемін! — деп уәде етеді Жаратқан Ие. — Себебі Мен Бабыл патшасының мойынтұрығын сындырамын!
5 Жаратқан Иенің киелі үйінде жиналып тұрған діни қызметкерлер мен бүкіл халықтың көзінше Еремия пайғамбар Хананиях пайғамбарға былай деп жауап берді:
6 — Аумин, Жаратқан Ие солай етсін! Ол Бабылдан Өзінің киелі үйінің бұйымдарын да, жер аударылған адамдарды да осында қайтарып, сенің «пайғамбарлық сөздеріңді» жүзеге асырсын!
7 Ал енді өзіңнің және бүкіл мына халықтың алдында айтатын сөзімді тыңда!
8 Ежелгі замандардан бері сен екеуімізден бұрын болған пайғамбарлар әрқашан көптеген елдер мен ұлы патшалықтарға төнетін соғыс, апат және оба індеті туралы алдын ала білдіріп келді.
9 Бірақ «Амандық пен тыныштық болады!» деп алдын ала айтқан пайғамбарды шынымен Жаратқан Ие жіберген деп халық тек оның айтқан сөзі жүзеге асқаннан кейін ғана мойындайтын.
10 Сонда Хананиях пайғамбар Еремия пайғамбардың мойнынан мойынтұрықты шешіп алып, сындырып тастады да,
11 бүкіл халықтың алдында былай деді: — Жаратқан Ие мынаны айтады: Екі жыл өтпей-ақ Мен Бабыл патшасы Набуходоносордың халықтарға кигізген мойынтұрығын дәл осылайша сындырып алып тастаймын! — деді. Ал Еремия өз жөніне кетті.
12 Хананиях пайғамбар Еремия пайғамбардың мойнындағы мойынтұрықты сындырған оқиғадан кейін Жаратқан Ие Еремияға сөзін арнап былай деді:
13 — Бар да, Хананияхқа былай де: Жаратқан Ие саған мынаны айтады: Ағаш мойынтұрықты сындырған едің, енді оны темір мойынтұрыққа айналдырдың.
14 Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны айтады: Мен барлық осы халықтардың мойнына темір мойынтұрық кигізіп, оларды Бабыл патшасы Набуходоносорға басыбайлы қызмет етуге мәжбүрледім. Содан олар оған сөзсіз қызмет ететін болады! Мен тіпті даланың жабайы аңдарын да оған бағынышты етемін.
15 Содан соң Еремия пайғамбар Хананиях пайғамбарға қарап былай деді: — Тыңда, Хананиях! Өзіңді Жаратқан Ие жібермеген болса да, сен мына халықты жалған хабарға сендіріп келесің.
16 Сол себепті Жаратқан Ие мынаны айтады: Енді Мен сені жер бетінен аластатып қуып жіберемін! Дәл осы жылы өлесің, өйткені сен халықты Жаратқан Иеге қарсы шығуға арандаттың.
17 Хананиях пайғамбар (осы оқиғадан екі ай өтпей-ақ) сол жылдың жетінші айында қайтыс болды.