Еремия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52


Тарау 4

— Шіркін, қайтып келсең ғой, о, Исраил, Өзіме қайтып оралсаңшы! — дейді Жаратқан Ие. — Тек жиренішті тәңірсымақтарыңды Менің алдымнан аластатып, бұдан былай адасып тентіреулеріңді қоюға тиіссіңдер.
2 «Мәңгі тірі Жаратқан Ие» деген Менің атыммен ант беріп, шындық, әділет және әділдікпен жүріңдер. Содан өзге халықтар сендер арқылы жарылқанып, есімімді даңқтап, мақтан тұтатын болады.
3 Жаратқан Ие Яһуда мен Иерусалимнің адамдарына мынаны да айтады: — Жүректерің тікенек басқан тың жер сияқты қатайып кеткен. Тың жерлеріңді жыртыңдар! Тікенек арасына тұқым сеуіп ысыраптамаңдар!
4 Уа, Яһуда мен Иерусалимнің халқы! Өздеріңді толықтай Жаратқан Иеге арнаңдар, Оған жүректеріңді де түгелдей бағыштаңдар! Әйтпесе сендердің жасаған барлық күнәларыңнан Менің қаһарым жалындай лап етіп, оттай лаулайтын болады. Сонда оны ешкім сөндіре алмайды.
5 Яһудада хабарлап, Иерусалимде жариялаңдар, бар күштеріңмен айқайлап, мынаны айтыңдар: «Керней тартып, бүкіл елде дабыл қағыңдар! Бәріне былай деңдер: Жиналыңдар! Бекіністі қалаларға қашып барып бас сауғалайық!
6 Сионға қарай бағыттап белгі көтеріп қойыңдар! Босқа тұрмай, тез қашып құтылыңдар! Өйткені Мен солтүстіктен сұрапыл апат әкеле жатырмын!»
7 Халықтарды қырып-жоюшы жау ну қамыстағы апанынан шыға келген арыстандай екпіндеп келе жатыр. Жеріңді күйрету үшін ол өз орнынан аттанып шықты. Яһуда, сенің қалаларың қирап, бірде-бір тұрғыны аман қалмайды.
8 Сондықтан азалы киім киіп, еңіреп жыла! Өйткені Жаратқан Иенің лаулаған қаһары бізден бетін аударып әкеткен жоқ.
9 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сол күні патша мен әміршілердің зәресі қалмай, діни қызметкерлер қатты шошып, пайғамбарлар да үрейлене аңтарылады!» —
10 Сонда мен: «Уа, Жаратушы Тәңір Ие, «Сендерге амандық пен тыныштық болады» деп халық пен Иерусалимді алдаған екенсің! Ал шынында семсер тамағымызға таяп, орып жіберейін деп-ақ тұр!» — деп мұңымды шақтым.
11 Сол кезде мына халық пен Иерусалимнің тұрғындарына былай делінеді: «Шөлдегі тақыр төбелерден Менің сүйікті халқыма қарай аңызақ жел соғып тұр. Бірақ бұл бидайдың қауызын ұшырып әкетіп, дәндерін шаң-тозаңнан тазалауға қолайлы жел емес!
12 Менің бұйрығыммен үрлеп тұрған осы дауыл бұл үшін тым күшті. Қайта, енді Мен оларға қарсы үкімімді шығарамын».
13 — Қараңдар! Жау бұлттай жөңкіп, соғыс күймелері құйындай жүйткіп, алға қарай зымырап келе жатыр. Жылқылары шүйілген бүркіттен де жүйрік! Сорладық, біз қасіретке қаламыз!
14 — Уа, Иерусалим, жүрегіңді зұлымдықтан жуып тазарт! Сонда ғана сен құтқарыласың. Қашанға дейін ішіңде жаман ойларды сақтап жүре бермексің?
15 (Сонау солтүстіктегі) Дан жақтан бір дауыс естілді, Ефремнің тауларынан бір апат жайлы хабар жетті.
16 Соны халықтарға айтып, Иерусалимге жариялаңдар: «Алыс елден қамал бұзғыш әскер келе жатыр, олар Яһуданың қалаларын басып алмақ болып қатты атой салады!
17 Осы жасақшылар егістіктің қарауылдары іспетті Иерусалимді қоршап алады. Өйткені сол қала Маған мойынсұнбай бас көтерді, — дейді Жаратқан Ие. —
18 Бұның бәрі сенің басыңа өз іс-әрекеттеріңнің кесірінен түсіп отыр. Саған тиісті жаза осы. Ол қандай ауыр, көкіректі қарс айырады!»
19 — Жаным-ай, жаным-ай! Аурудан бүрісіп қиналып жатырмын! Жүрегім толқып дүрс-дүрс соғып тұр. Үнсіз қала алмаймын. Өйткені кернейдің шабуылға шақырғанын, әскердің атой салғанын естіп тұрмын.
20 Бір апаттан кейін бір апат, бүкіл ел қирап иесіз бос жатыр. Бір мезетте-ақ шатырларым, көзді ашып-жұмғанша жабынды күркем жермен-жексен болып қалды.
21 Қашанға дейін мен әскердің туына қарап, кернейдің үнін тыңдауым керек? (— дейді Еремия.)
22 — Өз халқымның сана-сезімі кем, олар Мені жақыннан танымайды. Халқым ақылсыз балалар сияқты түсінік дегеннен жұрдай. Жамандықты істеуге келгенде шебер-ақ, ал жақсылық жасауды білмейді! (— дейді Жаратқан Ие.)
23 — Жерге қарасам, ретсіз, тіршіліксіз бос жатыр, аспанға қарасам, жарығынан жұрдай болып тұр.
24 Тауларға қарасам, олар сілкініп, төбелер де шайқалып тұр.
25 Тағы қарасам, бірде-бір адам баласы жоқ, әрі аспандағы құс атаулы бірі қалмай ұшып кеткен.
26 Енді қарасам, шұрайлы ел шөл далаға айналыпты, ал ондағы қалалар Жаратқан Иенің алдында Оның лаулаған қаһарынан қирап қалыпты!
27 Өйткені Жаратқан Ие мынаны айтады: «Бүкіл ел қирап қаңырап бос қалады! Дегенмен оны түгелдей қырып-жоймаймын.
28 Елдің қирағанына бола жер жоқтап аза тұтып, аспан түнеретін болады. Өйткені Мен осындай шешім қабылдап, соны білдіріп тұрмын. Мен райымнан қайтпаймын, шешімімді сөзсіз орындаймын!»
29 Қарасам, атты әскер мен садақшылардың айқай-шуынан бар қаланың тұрғындары бас сауғалап қашып кетіп бара жатыр екен! Біреулері қалың тоғайға қарай безсе, басқалары тау-тасқа өрмелеп бара жатты. Қалалардың бәрі бос қалған, оларда ешкім тұрмайды.
30 Жақында жаудың талауына түсетін қала, не істеп отырсың? Несіне қымбат ал қызыл киім киіп, алтын әшекейлеріңді тағасың? Қас-қабағыңды неге сүрме жағып бояйсың? Бекерге сыланып-сипанасың. Көңілдес одақтастарың сені менсінбейді, олар тіпті жаныңды алмақшы.
31 Толғатып, тұңғышын босанайын деп жатқан әйелдің айқайындай айқай естіп тұрмын. Бұл ентігіп, демін ала алмай жатқан Иерусалимнің айқайы. Ол қолдарын жайып: «О, қасірет! Сорладым! Жан алғыштардың алдында дәрменсізбін!» — деп түңілді.