Еремия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52


Тарау 16

Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді:
2 — Бұл елде енді үйленіп, ұл-қыз сүюіңе болмайды!
3 Өйткені Мен, Жаратқан Ие, осы елде дүниеге келген ұл-қыздар мен олардың мұнда тұратын әке-шешелері туралы мынаны айтамын:
4 Олар жазылмайтын індеттерден қырылады. Оларды жоқтап, қабірге қоятын ешкім болмағандықтан, сүйектері қи-қоқыс сияқты әр жерде шашылып жататын болады. Ал қалғандары семсерден қаза тауып, аштан өледі; денелері аспандағы құстар мен жердегі аңдарға жем болады.
5 Мен, Жаратқан Ие, тағы мынаны айтамын: Сенің қазалы үйге барып, қайғыларына ортақ болып көңіл айтып, дәм татуыңа да болмайды! Себебі Мен бұл халықтан Өзімнің жарылқауым мен рақым-шапағатымды алып қойдым.
6 Осы елдің ұлығы да, қарасы да құриды. Олар қабірге қойылмай қалады, ешкім аза тұтып жоқтамайды да. Олардың өлгенін жоқтап, өз денелерін тілгілеп жарақаттап, шашын тақырлап алып тастайтын да ешкім болмайды.
7 Аза тұтып жатқан адамдарды жұбатып, нан үзіп беретін де, тіпті өлген әке-шешесін еске алғанда жұбаныш сусынын құйып беретін де ешкім болмайды.
8 Той болып жатқан үйге кіріп, олармен бірге отырып, ішіп-жеуіңе де болмайды.
9 Өйткені Мен — Әлемнің Иесі Исраилдің Құдайы, мынаны айтамын: Бұл елде қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу мен қалыңдықтың көңілді дауыстарын сап тыямын. Сендер соны өз көздеріңмен көресіңдер, себебі бұл іс кейін емес, тірі кездеріңде болады.
10 Осының бәрін сен халыққа айт! Олар сенен: «Жаратқан Ие соншама азапты біздің басымызға не үшін төгейін деп отыр? Құдайымыз Жаратқан Иеге қарсы қандай күнә жасадық? Оның алдындағы айыбымыз қандай?» деп сұрайтын болса,
11 оларға былай деп жауап бер: «Өйткені сендердің ата-бабаларың Менен бас тартып кетті, — дейді Жаратқан Ие. — Олар бөгде тәңірлердің жолын қуып, соларға қызмет етіп иіліп, табынып кетті. Осылайша Мені тастап кетіп, Таурат заңымды сақтамады.
12 Бірақ сендер бұл жағынан тіпті ата-бабаларыңнан да асып кеттіңдер. Әркім өзінің қасарысқан жүрегінің қалауымен жүріп, Мені тыңдаудан бас тартып жүр.
13 Сондықтан Мен сендерді осы елден өздерің де, ата-бабаларың да бұрын танып білмейтін бір елге жіберемін. Сол жерде сендер күні-түні бөгде тәңірлерге құлшылық ететін боласыңдар. Ал Мен сендерге еш мейірім көрсетпеймін».
14 Әйтсе де Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Исраил халқын Мысыр елінен алып шыққан мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп емес,
15 «Исраил халқын солтүстіктегі елден және Өзі аластатып жіберген басқа да барлық жерлерден алып келген мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп ант беретін уақыт туатын болады! Өйткені Мен исраилдіктерді ата-бабаларына Өзім табыстаған елге қайта әкелетін боламын.
16 Ал қазір Мен көптеген балықшыларды жіберіп отырмын! — дейді Жаратқан Ие. — Сол балықшылар оларды қармап ұстап алатын болады. Мұнан кейін Мен көптеген аңшыларды жіберемін! Аңшылар исраилдіктерді барлық тау-төбелерден әрі жартастардың жарықтарынан іздеп жүріп, ұстап алатын болады.
17 Мен халқымның жүрген жолдарының барлығын көріп тұрмын. Олар көзімнен жасырын емес, ешбір күнәлары да Менің назарымнан тыс қалмайды.
18 Мен халқымды өз еліне қайтармас бұрын, оны жасаған ауыр күнәлары үшін екі есе қатты жазалаймын. Себебі олар Менің өздеріне табыстаған елімді жалған тәңірлерінің өлі де жексұрын мүсіндерімен арамдап, жерімді сол жиренішті нәрселерімен толтырып тастады.
19 — Уа, Жаратқан Ие, Сен күш-қуатымның қайнар көзісің, басыма күн туғанда паналайтын қорғанымсың. Жердің шет-шеттерінен халықтар Саған келіп: «Ата-бабаларымыз өтірікке алданып, түкке тұрғысыз тәңірсымақтарға табынып келді.
20 Адам өзі үшін тәңірлер жасай ала ма? Сондай «тәңірсымақтар» бәрібір шынайы құдай емес қой!» — дейтін болады.
21 — Міне, сондықтан да Мен оларға тәлім беремін, құдіретті билігім мен күш-қуатымды жуырда ашып көрсетемін. Сонда олар Менің есімімнің «Жаратқан Ие» екенін білетін болады.