Еремия
Тарау 47
Мұнда Жаратқан Иенің філістірлер туралы Еремия пайғамбарға арнаған сөзі берілген. Сол кезде перғауын Газа қаласын әлі жаулап алмаған болатын.
2 — Жаратқан Ие мынаны айтады: Қараңдар, солтүстіктен жау топан судай ағылып келе жатыр. Олар асып-тасыған дариядай бүкіл елге жайылып, ондағы қалаларды тұрғындарымен қоса басып тастайды. Адамдар айқайлап, елде тұратындардың бәрі қиналып жыламақ.
3 Себебі жаудың атты әскері мен соғыс күймелерінің қатты дүрсілі естілмек. Әкелер әбден үрейленіп, қолдары сал болып, тіпті балаларын құтқару үшін бұрылып та қарамайды.
4 Тир мен Сидон елдерін ешкімнің қолдай алмауы үшін філістірлердің көздерін жоятын уақыт келді. Жаратқан Ие ежелде Крит аралының жағалауынан келіп, қоныстанған осы халықтың тірі қалғандарын құртуға шешім қабылдады.
5 Газа қаласы қирап, Ашқалон да үйіндіге айналады. Уа, жағалаудағы жазық даланың тірі қалған тұрғындары, қашанға дейін қайғырып терілеріңді тілгілеп жарақаттамақсыңдар?
6 «Әй, Жаратқан Иенің семсері, қашанға дейін тыным таппайсың? Қынабыңа қайта оралып, дамылдап, тынышталсаң екен!»
7 Бірақ егер Жаратқан Ие оған Ашқалонды және теңіздің жағалауын шабуылдауды бұйырған болса, ол қалайша тыным табады?