Еремия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52


Тарау 24

Жаратқан Ие маған бір көріністе інжір жемісіне толы екі себетті көрсетті. Себеттер Оның ғибадатханасының алдында тұр екен. Бұл Бабыл патшасы Набуходоносор Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехонияхты, елдің әміршілерін, қолөнершілері мен ұсталарын Иерусалимнен Бабыл еліне айдап алып кеткеннен кейін болды.
2 Бір себеттегі інжірлер ерте піскендер іспетті өте жақсы, ал екінші себеттегісі бұзылған, тіпті жеуге келмейтін жемістер екен.
3 Жаратқан Ие маған: — Нені көріп тұрсың? — деген сауал қойды. Мен: — Інжір жемістерін көріп тұрмын. Жақсылары өте жақсы, ал жамандары өте жаман, бұзылғандықтан тіпті жеуге келмейді, — деп жауап бердім.
4 Сонда Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
5 — Исраилдің Құдайы, Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен Өзім бұл жерден халдейлердің еліне жер аудартқан Яһуданың адамдарын да осы жақсы жемістер іспетті жақсы деп санаймын.
6 Оларға көз қырымды салып, жағдайларының жақсы болуын қадағалаймын. Кейін оларды осы елге кері қайтарамын. Сол жерде оларды құртпаймын, керісінше, тұрғызып өркендетемін, оларды жұлып тастамаймын, керісінше, қайтадан егіп отырғызамын.
7 Оларға Мені, Жаратқан Иені, жақыннан танып біле алатын жүрек сыйлаймын. Олар Маған шын жүректен қайтып келгендіктен Менің халқым, ал Мен олардың Құдайы боламын.
8 Ал жеуге келмейтін жаман інжірлер туралы Жаратқан Ие мынаны айтты: — Мен Яһуда патшасы Седекияхты, оның әміршілерін, Иерусалимнің тірі қалып, осы елде тұратын адамдарын және Мысырға көшіп қоныстанғандарын сол бұзылған, жеуге болмайтын жемістерге ұқсатамын.
9 Мен барлық патшалықтарды олардан шошынып аңтарыла жиренетін қыламын. Қай жерге шашыратып жіберсем де, олар мазаққа айналып табаланады әрі келекеленіп қарғалатын болады.
10 Ата-бабаларына Өзім табыстаған осы елден олар толығымен құрып кетпейінше, Мен оларға семсер, ашаршылық және індет жібере беремін.