Еремия
Тарау 48
Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, Моаб туралы мынаны айтады: — Небо қаласы қасіретке қалады! Ол қирап бос қалады. Кириятаим да қолға түсіп, қор болады. Жартастағы сол бекініс масқара болып, күйрейді.
2 Осылай Моаб өз даңқынан жұрдай болады. Жаулары Хешебонда оған қарсы жамандық ойластырып: «Жүріңдер, оны мүлдем жойып, ел болудан қалдырайық!» — десті. Сен де, уа, Мадмен қаласы, үнсіз қатып қаласың, семсер сенің соңыңнан қалмайды.
3 Хоронаимнан да талқандалу мен ғаламат қираудың шуы шықпақ.
4 Осылайша Моаб елі құрып, оның балалары зар еңіреп айқай салады.
5 Босқындары да жылап, Лухит асуына қарай өрлейді. Кейін Хоронаимға ылдилап баратын жолда да бейшара адамдардың өз елдерінің қирағанына үрейлене айқайлаған дауыстары естіліп жатпақ.
6 Қашыңдар! Бас сауғалаңдар! Құла түздегі жыңғылдай болып жасырыныңдар!
7 Өз жетістіктерің мен байлығыңа сенген едің. Енді сен де тұтқынға түсіп, жалған тәңірің Хамос та өзінің абыздарымен және әміршілерімен бірге жер аударылып кетеді.
8 Жау әрбір қаланы талан-таражға салады. Аңғарда болсын, жон далада болсын, ешбір қала аман қалмайды. Барлығы Жаратқан Иенің айтқанындай болады.
9 Моаб халқына ұшып құтылып кету үшін қанат берсеңдерші! Өйткені оның қалалары күйреп, бірде-бір жан тұрмай қаңырап бос қалады.
10 Жаратқан Иенің өзіне жүктеген тапсырмасын салақ орындаған қарғысқа ұшырайды. Семсерімен жауларының қанын төгуден жалтарған да қарғысқа ұшырайды!
11 Моаб жастық шағынан-ақ тыныш өмір сүріп келді, ол қуғын-сүргін атаулыны мүлдем көрген емес. Ол дайын болғаннан кейін бірде-бір рет басқа ыдысқа құйылмай, ашытқының үстінде сақталған шарапқа ұқсайды. Сондықтан ол өзінің иісі мен дәмін жақсы сақтап келеді.
12 Бірақ Жаратқан Ие мынаны айтады: Болашақта Мен оған сусынын төгетін адамдарды жіберемін. Олар келіп, Моабтың ыдыстарын төңкеріп босатып, қыш құмыраларын соғып сындырмақ.
13 Сонда Солтүстік Исраил халқының Бетелдегі жалған тәңірге сенімдерін артқандықтан масқара болғанындай, Моаб та дәл солай Хамосқа сүйенгендіктен масқара болады.
14 Өздеріңді: «Соғысқа әбден жаттыққан нағыз жауынгер, батыл адамдармыз!» деп қалай ғана айтасыңдар?
15 Әй, Моаб, сенің қалаларың жау қолына түсіп, адамдарың толықтай құриды. Бетке ұстар жас жігіттерің қой іспетті бауыздалады! — Есімі «Әлемнің Иесі» деген Патша осыны нық айтады.
16 Моабтың қирауы таяп қалды! Оның басына апат тез түседі!
17 Уа, айналасындағы халықтар, ол үшін қайғырыңдар! Моабтың атақ-даңқы туралы білетіндер: «Оның салтанатты билігінің қирағанын-ай!» деп, оны жылап жоқтаңдар!
18 Енді салтанаттарыңнан бас тартып, тақырға отырыңдар, ей, Дибон қаласының тұрғындары! Өйткені Моабты құртатын қолбасшы сендерге қарсы аттанып келіп, бекінген қорғандарыңды қиратып талқандамақ.
19 Арогердің тұрғындары, сендер де жол бойына шығып, сытылып, қашып келе жатқан әйелдер мен ер адамдардан: «Не болып жатыр?» — деп сұраңдар.
20 Олар: «Моаб ойрандалып, масқара болды. Айқайлап жылаңдар, Арнон өзенінің бойында Моабтың ойрандалғаны туралы жар салыңдар! — дейтін болады. —
21 Жон даладағы барлық қалаларға да үкім шығарылып, олар жермен-жексен болды: Холон, Жахса және Мефағат,
22 Дибон, Небо және Бет-Диблатаим,
23 Кириятаим, Бет-Ғамул және Бет-Меон,
24 Кериот пен Бесер — Моабтың алыс-жақын барлық қалалары».
25 Моабтың құдіреті күйреп, оның билік жүргізетін қолы сынды, — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
26 Моаб паңданып, Жаратқан Иеге қарсы бас көтергендіктен енді (Оның қаһарынан) мас адамдай теңселіп, жерге құласын, содан өз құсығында аунап жатсын. Ол да көрінгеннің мазағына айналсын.
27 Уа, Моаб халқы, сендер де Исраилді мазақ қылмап па едіңдер? Ол туралы айтқан сайын мысқылдап бас шайқайтындай, Исраил халқы қарақшылардың арасында (ұрлық жасап жатқан жерінде) қолға түсті деп ойлайсыңдар ма?
28 Енді өз қалаларыңды тастап, құз-жартастарды мекендеңдер, Моабтың тұрғындары! Ұясын үңгірдің аузына салатын көгершін сияқты оңаша жерге бас сауғалаңдар!
29 Біз Моабтың ерен тәкаппарлығы мен өркөкіректігі, оның менмендігі мен кердеңдігі әрі керенау паңдығы туралы естігенбіз.
30 «Мен оның паңдығын толықтай білемін, — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Алайда онысының бәрі құр бос әңгіме. Ол көп мақтанғанмен, қолынан келетіні шамалы ғана».
31 Сондықтан мен Моаб үшін қайғырып, бүкіл Моаб елі үшін жоқтау айтамын. Кир-Хәрес қаласы үшін де мұңая күрсінемін.
32 Сибманың жүзім бұталары үшін Жазер халқы іспетті мен де қатты қайғырамын. Бұрын олардың бау-бақшалары тіпті Өлі теңізге дейін жайылып, жайқалып тұратын еді. Бірақ құртушы жау келіп, құрма, інжір, жүзім жемістерін жинап алып кетпек.
33 Содан Моаб елінің құнарлы бау-бақшаларында қуаныш пен шаттық мүлдем қалмайды. Сыққыш шұңқырлардан жүзім шырынын да ақпайтын қыламын. Енді қайтып ешкім қуана айқай салып жүзімді таптамайтын болады. Елде айқай әлі де естіледі, бірақ ол қуаныштың айқайы емес.
34 Олардың қиналған айқайы Хешебоннан Елғале мен Яхасқа, Сиғордан Хоронаим мен Үшінші-Әглатқа дейін естіледі. Тіпті Нымрим сайының суы да тартылып қалады.
35 «Мен Моаб еліндегі биіктеу жерлерде жалған тәңірлерге арнап құрбандық шалып, өртеп, хош иісті заттар түтету атаулыны жоямын!» — деп ескертеді Жаратқан Ие.
36 Сол себепті жүрегім Моаб үшін, ондағы Кир-Хәрес қаласының адамдары үшін қайғылы әуен тартқан сыбызғыдай жылайды. Олар жиып-терген мол байлығынан жұрдай болды.
37 Олардың барлығы аза тұтып бастарын тақыр қылып, сақалдарын қырып тастайды және қолдарын тілгілеп жарақаттап, азалы киім киеді.
38 «Моабтың әрбір үйі мен көшесінде адамдар қайғырады. Өйткені Мен Моабты ешкімге қажеті жоқ қыш құмырадай сындырып тастадым», — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
39 Ол қалай оңбай сынады! Қалай олар күңіренеді! Масқара болған Моаб қалай бетін тасалайды! Айналасындағы барлық халықтар оны күлкі қылып, ойран болғаны үшін табалайды.
40 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Біліп алыңдар, жау қанатын кең жайып шүйілген бүркіт секілді Моаб еліне бас салмақ!»
41 Моабтың қалалары жау қолына түсіп, қорғандары да алынады. Сол күні Моабтың батырларының жүректері толғатып жатқан әйелдікіндей үрейленетін болады.
42 Өркөкіректеніп Жаратқан Иеге қарсы бас көтергендіктен, Моаб ел болудан қалады.
43 «Сені күтіп тұрғаны — қорқыныш, ор әрі тұзақ, уа, Моабтың тұрғындары!» — деп ескертеді Жаратқан Ие. —
44 Қорқыныштан қашатындар орға түседі, ал ордан өрмелеп шыққандар тұзаққа түседі. Өйткені Менің Моабты күнәлары үшін жазалайтын уақытым келді!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
45 Жаудан қашқан босқындар Хешебонның көлеңкесінде күшінен жұрдай болып әрі қарай жүруге қуаты қалмайды. Хешебоннан от шықпақ, ежелгі Сихон патшасының осы қаласынан өрт лап етпек, ол Моаб елін оның қыңыр халқымен қоса өртеп жібереді.
46 О, Моаб, сен қасіретке қаласың! Уа, Хамосқа табынатын халық, сен ойрандалып, ұл-қыздарың тұтқынға түседі.
47 «Бірақ болашақта Мен Моабтың жер аударылып кеткен халқын елдеріне қайтарамын!» — деп уәде береді Жаратқан Ие. Моаб туралы айтылған айыптау сөздері осымен бітеді.