Еремия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52


Тарау 17

Яһуданың күнәсі олардың жүректерінде және құрбандық үстелдерінің мүйіз тәрізді шошақтарында тас тақтайшаға темір құралмен не үшкір алмаспен жазылғандай анық та берік тіркелген.
2 Тіпті олардың балалары да жапырағы жайқалған ағаштардың түбінде және биік төбелерде жалған тәңірлерге арнап орнатылған құрбандық үстелдерін және Ашераға бағышталған ағаш бағаналарын жақсы біледі.
3 Сондықтан (біліп қой, Яһуда халқы:) Мен Өзімнің осы жердегі Сион тауымды әрі сенің барлық қазына-дәулетіңді биіктеу жерлердегі табыну орындарыңмен қоса жауларыңа олжа етіп бере саламын. Себебі бүкіл елің бойынша күнә жасай бересің.
4 Мен өзіңе табыстаған мұралық жеріңді уысыңнан шығарып аласың. Өзің бұрын танып білмеген елде Мен сені жауларыңа құлдыққа түсіремін. Өйткені сен Менің қаһарымды тұтатқан едің, енді ол мәңгілікке лаулайтын болады, — дейді Жаратқан Ие.
5 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Адамға сенім артып, өмірі өткінші пендені қорған санайтын, әрі жүрегін Жаратқан Иесі — Менен алшақтап әкеткен әркімді қарғыс атсын!
6 Ондай адам құлазыған далада өсіп тұрған бұта сияқты болады. Ол ешқандай жақсылықты көрмей, шөлдің қуаңшылықтан жарылып кеткен, ешкім тұрмайтын сортаң жерін мекендегендей болады.
7 Ал Жаратқан Иеге сенімін артатын, бар үмітін Оған жүктейтін адам бақытты!
8 Ол судың жағасында өсіп тұрған, тамырларын өзенге қарай созған ағашқа ұқсайды. Аптап ыстық келсе де, еш қауіптенбей, жапырақтары да әрдайым жасыл болады. Қуаңшылық жылы да алаңдамайды, ешқашан жеміс бермей қалмайды.
9 Адамның жүрегі бәрінен бетер алдамшы әрі жазылмайтындай бүлінген. Оны танып біле алатын кім бар?
10 Мен, Жаратқан Ие, адамның жүрегіндегісін зерттеймін, оның жан дүниесін анық тексеремін. Содан әркімге жасаған қылығына, істеген істеріне қарай есесін қайтарамын.
11 Байлығын әділетсіздікпен жиған адам өзге құстың жұмыртқасын басып шығарған шілге ұқсайды. Өмірінің орта тұсында байлығы одан кетіп, ақыр соңында ақымақтығы өзіне аян болады».
12 «Киелі үйіміздің орны — әуел бастан асқақталған да салтанатты патшалық тақ!
13 Уа, Жаратқан Ие, Исраилдің үміті Сенсің! Өзіңнен безіп кеткен әркім масқара болады. Сенен кері бұрылғандардың есімдері шаң-тозаңға жазылғандай ұмытылады. Өйткені олар тірі судың қайнар көзі — Жаратқан Иеден бас тартты».
14 «Сауықтыра гөр мені, уа, Жаратқан Ие, сонда мен шынымен сауығамын. Өзің құтқара гөр мені, сонда мен шынымен құтқарыламын. Себебі Сені ғана мақтан тұтып дәріптеймін.
15 Ал дұшпандарым мені: «Жаратқан Иенің айтқан сөзі қайда? Кәне, қазір-ақ іске ассыншы!» деп келекелей береді.
16 Халқыңды бағушыдай қамқорлаудан қашқан емеспін және апаттың бастарыңа түсуін өздігімнен аңсап тілемегенімді Сен білесің. Айтқан сөздерімнің бәрі де Саған айқын.
17 Мені үрейлендіре көрме! Басыма күн туғанда Сені паналаймын.
18 Мені қудалаушылар масқара болсын, бірақ мені масқарадан сақтай гөр. Олар үрейленсін, бірақ мені үрейден сақтай гөр. Олардың басына апат күнін тудырып, екі есе қатты жазалап құрта гөр!»
19 Жаратқан Ие маған былай деп тапсырды: Бар да, Иерусалимнің күллі қақпаларының маңында, соның ішінде Яһуда патшалары кіріп-шығатын қақпаның жанында тұрып алып, мына сөздерді
20 халықтың барлығына жеткіз: Уа, осы қақпадан өтетін Яһуда патшалары, Яһуданың бүкіл халқы және Иерусалимнің тұрғындары! Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар!
21 Жаратқан Ие мынаны айтады: Өмірлеріңді сақтап қаламын десеңдер, демалыс күндері ешқандай жүкті көтеріп жүрмеңдер! Оларды Иерусалимнің қала қақпаларынан өткізбеңдер!
22 Сол күндері үйлеріңнен жүк алып шығушы не басқа да жұмыс істеуші болмаңдар! Мен ата-бабаларыңа өсиет еткендей, демалыс күнін Маған, Жаратқан Иеге, бағыштап, қасиет тұтыңдар!
23 Бірақ ата-бабаларың бұны тыңдаған да жоқ, сөздеріме мән де берген жоқ. Олар қыңырланып, Менің айтқаныма құлақ салмай, тіпті Мен оларды жазалағанда да түзелген жоқ.
24 Ал егер сендер Маған толығымен бағынсаңдар, — дейді Жаратқан Ие, — әрі демалыс күні қала қақпаларынан еш жүк тасымай, осы күні еш жұмыс істемеу арқылы оны Маған, Жаратқан Иеге, бағыштайтын болсаңдар,
25 онда патшаларың әрқашан (Менің еркім бойынша) Дәуіттің тағында отыратын болады. Патша өзінің әміршілерімен күймелер мен аттарға мініп, Яһуданың адамдары мен Иерусалимнің тұрғындарын ертіп, (салтанатты шеру құрып) осы қаланың қақпаларымен өтетін болады. Сонда бұл қала мәңгі бақи адамдардың мекені болады.
26 Халық Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің айналасындағы ауылдардан, Бунямин жерінен және батыстағы төменгі қыраттар мен оңтүстіктегі Негев аймағынан ағылып, түгелдей өртелетін құрбандықтары мен тартуларын, астық тартулары мен хош иісті заттарын және Өзіммен қарым-қатынастарына ризашылық құрбандықтарын Менің киелі үйіме алып келетін болады.
27 Бірақ егер айтқанымды орындамасаңдар, демалыс күнін Маған бағыштамасаңдар, әрі сол күндері Иерусалимнің қақпаларынан жүк алып кіретін болсаңдар, онда Мен Иерусалимнің қақпаларына ешқашан өшпейтін от қоямын! Содан оның сарайлары да өртеніп кетеді.