Еремия

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52


Тарау 21

Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнады. Сол кезде Седекиях патша Малқиях ұлы Пашхурды және Мағасиях ұлы Софония есімді діни қызметкерді Еремияға жіберіп:
2 — Бабыл патшасы Набуходоносор бізге қарсы соғыс ашты. Енді Жаратқан Иеден біз үшін мынаны сұрап біліп алсаңыз екен: Мүмкін, Ол ежелде көрсеткен кереметтері сияқты бізге де керемет жасап, жауды елімізден шегіндіріп кері қайтармас па екен? — деген өтінішін білдірген болатын.
3 Еремия оларға мына жауапты қайтарды: — Седекияхқа былай деңдер:
4 Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сендерді қала қабырғасының сыртынан қоршап алған Бабыл патшасы мен халдей жасақшыларына қарсы қолданып жатқан қару-жарақтарыңды өздеріңе қарсы бұрамын. Сонда Мен жауларыңды қаланың ортасына жинап әкелемін!
5 Сендерге қарсы зор күш-қуатыммен, кәрлі ашу-ызаммен құдіретті қолымды алға созып тұрып Өзім соғысамын.
6 Мен осы қаладағылардың адам болсын, мал болсын барлығына да апат жіберіп, олар қорқынышты індеттен қырылатын болады.
7 Ал содан кейін Мен Яһуда патшасы Седекияхтың өзін де, осы қалада індет, семсер және ашаршылықтан аман қалған нөкерлері мен халқын да Бабыл патшасы Набуходоносордың әрі жандарын алмақ болған басқа да жауларының қолына тапсырамын. Набуходоносор оларды семсермен қырып, еш аяу, мүсіркеу, рақым ету дегенді білмейтін болады, — деп ескертеді Жаратқан Ие.
8 Ал осы халыққа былай де: Жаратқан Ие сендердің таңдауларың үшін алдарыңа өмір мен өлімге апаратын жолдарды ұсынады:
9 Осы қалада қалатын әрбір адам семсер, ашаршылық немесе індеттен құриды. Ал қаладан шығып, оны қоршап алған халдейлерге берілетін әркім тірі қалып, өз жаны өзіне олжа болады.
10 Мен бұл қалаға жақсылық емес, жамандық істеуді ұйғардым. — Жаратқан Ие осыны нық айтады. — Қала Бабыл патшасының қолына беріліп, ол оны өртеп жібереді».
11 Жаратқан Ие маған Яһуданың патшалық әулетіне арнап мынаны айтқызды: «Тыңдаңдар Жаратқан Иенің сөзін,
12 уа, Дәуіттің әулеті! Жаратқан Ие мынаны айтады: Күн сайын таңертең халыққа әділдікпен билік айтыңдар! Жәбірленгенді қысым көрсетушісінен құтқарыңдар! Әйтпесе істеген зұлым істерің үшін қаһарым оттай лап етіп, оны ешкім сөндіре алмайды.
13 Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Жартасты төбенің басында тұрған саған қарсы шығамын, уа, Иерусалим: «Бізге қарсы соғысып, баспанамызға кіре алатын кім бар?» деп мақтанатын сендерге қарсы Өзім соғысамын.
14 Мен сендерге лайықты жазаларыңды тартқызамын! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Орманыңа Өзім от қойып, ол сендердің айналаларыңдағының бәрін жалмап қояды!»