Еремия
Тарау 1
Мұнда Бунямин руының жеріндегі Анатотта тұрған діни қызметкерлердің бірі — Хелкия ұлы Еремияның пайғамбарлық сөздері берілген.
2 Жаратқан Ие оған алғаш рет Яһудаға Амон ұлы Жосия патшалық құрған он үшінші жылы сөзін арнады.
3 Содан кейін Яһуда патшасы Жосия ұлы Жохақымның тұсында және Яһудаға Жосия ұлы Седекиях патшалық құрған он бірінші жылына дейін де Жаратқан Ие Еремияға хабарларын жеткізіп отырды. Сол жылдың бесінші айында Иерусалимнің халқы Бабылға жер аударылды.
4 Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді:
5 — Мен сені шешеңнің құрсағында жаратпастан бұрын-ақ білген болатынмын. Анаңның құрсағынан шықпай тұрып-ақ сені өз қызметіме бағыштап, халықтарға пайғамбар болуға тағайындап белгіледім. —
6 Сонда мен: — Уа, Жаратушы Тәңір Ие! Мен әлі тым жаспын, жұрт алдында сөйлей алмаймын ғой, — дедім.
7 Бірақ Жаратқан Ие маған былай деді: — Әлі тым жаспын деме! Мен сені кімге жіберсем, солардың бәріне барып, не айт десем соның бәрін айтатын боласың!
8 Адамдардан қорықпа. Мен саған жар болып, өзіңді аман сақтаймын. Мен, Жаратқан Ие, осыны уәде етемін. —
9 Бұдан соң Жаратқан Ие қолын созып, аузыма тигізді де: — Міне, сенің аузыңа сөздерімді салып беріп отырмын.
10 Бүгін сені ұлттар мен патшалықтарға үстемдік жүргізуге тағайындадым. Сен оларды түп-тамырымен жұлып ойсыратып, құлатып жоясың, әрі қайтадан тұрғызып, егіп отырғызатын боласың, — деді.
11 Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап: — Еремия, нені көріп тұрсың? — деген сұрақ қойды. Мен: — Бадам ағашының бір бұтақшасын көріп тұрмын! — дедім.
12 Сонда Жаратқан Ие: — Көргенің дұрыс. Мен де сергек болып айтқан сөзімнің жуырда іске асуын қырағы бақылаймын, — деді.
13 Содан соң Жаратқан Ие маған екінші рет сөзін арнап: — Нені көріп тұрсың? — деген сауал қойды. Мен: — Бір қазанды көріп тұрмын. Ол қайнап, тасып, солтүстіктен бізге қарай төгілейін деп жатыр, — деп жауап бердім.
14 Сонда Жаратқан Ие маған былай деді: — Дәл сол сияқты апат осы елдің күллі тұрғындарына солтүстіктен шүйілетін болады!
15 Өйткені Мен солтүстіктегі барлық патшалықтардың ұлттары мен тайпаларын шақырып алмақпын. Мен, Жаратқан Ие, осыны нық айтамын. Солардың патшалары аттанып келіп, тақтарын Иерусалимнің қақпаларының жанына орнатады да, қаланы қоршаған қабырғаларына және Яһуданың барлық басқа қалаларына да шабуыл жасайды.
16 Халқымның Мені тастап кетіп, бөтен тәңірлерге хош иісті заттар түтетіп ұсынғандары және өз қолдарымен жасап алған мүсіндерге табынып кетіп істеген барлық зұлым істеріне бола Мен оларға жазалау үкімін шығарамын!
17 Ал енді, жиналып беліңді буып, өзіңе тапсырғандарымның бәрін оларға жеткіз! Олардан қорықпа, әйтпесе Мен өзіңді олардың алдында қорқытамын.
18 Біліп қой: бүгін Мен сені бекіністі қала іспетті еттім. Сен темір бағанадай, қола қабырғадай берік боласың. Енді осы жердегілердің бәріне: Яһуда елінің патшалары мен әміршілеріне, діни қызметкерлері мен халқына қаймықпай қарсы тұра аласың.
19 Олар сенімен күрессе де, сені жеңе алмайды, өйткені Мен саған жар болып, өзіңді құтқаратын боламын! Осы уәдені берген Мен Жаратқан Иемін.