Еремия
Тарау 39
Седекияхтың Яһуда еліне патшалық құрған тоғызыншы жылының оныншы айында Бабыл патшасы Набуходоносор бүкіл әскерімен Иерусалимге қарсы аттанып, қаланы қоршауға алды.
2 Ақыры Седекияхтың он бірінші жылының төртінші айының тоғызыншы күні бабылдықтар қала қабырғасының бір жерін тесіп, қалаға басып кірді.
3 Бабыл патшасының барлық әміршілері қаланың Ортаңғы қақпасындағы билік орнында жайғасты. Олар Нергал-Шаресер, Самғар-Небо, сарай қызметкерлерінің бастығы Сарсехим, бас кеңесші Нергал-Шаресер және Бабыл патшасының өзге де көптеген лауазымды қызметкерлері еді.
4 Яһуда патшасы Седекиях және барлық жасақшылар соларды көргенде қашып кетуге тырысты. Олар қаладан түн ішінде патша бағы арқылы екі қабырғаның арасындағы қақпадан сытылып шықты. Содан олар Иордан аңғарындағы елсіз далаға қарай бет алды.
5 Алайда халдейлердің әскері олардың соңынан аттанып, Седекияхты Иерихонның маңындағы елсіз далада қуып жетті. Олар оны қолға түсіріп, Хамат еліндегі Рибла қаласына Бабыл патшасы Набуходоносордың алдына апарды. Ол Седекияхқа үкім шығарды.
6 Бабыл патшасы сол Риблада Седекияхтың ұлдарын оның көз алдында шауып өлтірді. Ол, сондай-ақ, Яһуданың барлық лауазымды адамдарын да шауып өлтіртті.
7 Мұнан кейін Седекияхтың екі көзін ойып алып, қол-аяғына қола шынжыр салып, Бабылға айдап әкетті.
8 Халдейлер патша сарайына да, халықтың үйлеріне де от қойып өртеп, Иерусалим қамалының қабырғаларын қиратып тастады.
9 Кейінірек Бабылдың патша ұландарының әміршісі Набузар-Адан қалада тірі қалған адамдарды, Бабыл патшасының жағына өтіп кеткендердің бәрін және елде қалған өзге халықты тұтқындап Бабылға айдап әкетті.
10 Әйтсе де Набузар-Адан әмірші түгі жоқ кедейлерді Яһуда елінде қалдырып, оларға жүзімдіктер мен құдықтарды қарап күтуді тапсырды.
11 Бабыл патшасы Набуходоносор ұландардың әміршісі Набузар-Аданға Еремия жайында айрықша бұйрық беріп былай деген болатын:
12 «Оны қамқорлап, көз қырыңды сала жүр, қауіп-қатерден аман сақта! Ол сенен не сұраса, соны істейтін бол!»
13 Сол себепті ұландардың әміршісі Набузар-Адан, бас уәзір Набушазбан, бас кеңесші Нергал-Шаресер және Бабыл патшасының басқа да лауазымды қызметкерлері
14 адамдарын жіберіп, Еремияны сақшылар ауласынан босатып алдырды. Олар оны Ахиқамның ұлы, Шафанның немересі Годалияхқа өз үйіне алып барсын деп сеніп тапсырды. Осылайша Еремия (Бабылға жер аударылмай) халқымен бірге өз елінде қалды.
15 Бұған дейін, Еремия сақшылардың ауласында әлі де қамауда отырған кезде, Жаратқан Ие оған сөзін арнап былай деген еді:
16 «Құштық Әбдімәлікке бар да, оған былай де: Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Мен осы қалаға жақсылық емес, апат әкелетінім туралы айтқан өз сөздерімді жүзеге асырайын деп отырмын. Сол сөздерім сенің көз алдыңда жүзеге асады.
17 Бірақ соның бәрі жүзеге асқан кезде Мен өзіңді аман алып қаламын! — деп Жаратқан Ие уәде береді. — Қауіптенетін адамдарыңның қолына түспейсің.
18 Өйткені Мен сені міндетті түрде құтқарамын. Ешкімнің семсерінен қаза таппайсың, керісінше, тірі қалып, өз жаның өзіңе олжа болады. Себебі сен Маған толығымен сенім артып келесің!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады.