Әйүп
Тарау 8
Сонда шуахтық Билдад Әйүпке былай деп жауап берді:
2 — Қашанғы осы әңгімеңді соза бересің? Айтқан сөздерің ғаламат дауылдай бұрқырауда.
3 Құдай әділдікті бұрмалайтын ба еді? Құдіреті шексіз Тәңір дұрысты бұрыс қылатын ба еді?
4 Керісінше, балаларың Оған қарсы күнә жасаған болса керек. Содан Құдай оларға теріс қылықтарының зардабын шеккізді.
5 Ал енді, Құдайға шын жүректен бет бұрып сиын, құдіреті шексіз Тәңірден рақым етуін жалбарына өтін,
6 әрі әділ де кінәратсыз таза жүр! Егер солай істесең, онда Ол, әрине, сен үшін іс қылып, мекеніңде әділдікті қайтадан орнықтырады.
7 Бұрын шағынға ие болғанмен, соңындағың көл-көсір асып-тасып жатады.
8 Тек аға буын ұрпақтан сұрастырып біліп, олардың ата-бабаларының ізденісінің нәтижелеріне назар салсаң екен.
9 Біздің дүниеге келгеніміз кеше ғана, ештеңе білмейміз ғой. Жер бетіндегі өміріміз көлеңкедей өткінші.
10 Ал бұрынғы ұрпақтардан тәлім ала аласың. Олардың жан дүниелерінде сақталған дана сөздерінен ғибрат таба аласың.
11 Құрақ батпақсыз биіктеп өсе ала ма? Әрі қамыс сусыз жерде жайқала ма?
12 Су тартылса, олар әлі де жасыл күйде тұрғанмен, басқа шөптен тез қурайды.
13 Құдайды ұмытқандардың тағдыры да осындай, арсыз адамдардың үміті ақталмайды.
14 Олардың сенім артқандары әлсіз де үзілгіш, сүйенгендері өрмекшінің торындай сенімсіз.
15 Сондай адам өрмегіне сүйенсе, ол шыдамайды, егер мықтап ұстаса, ол төзбейді.
16 Зұлым жан күн көзінде, жақсы суарылған жерде жайқалып өсіп тұрған өсімдікке ұқсайды. Ол өркендерін бүкіл бақтың ішіне жайып жібереді.
17 Оның тамырлары үйілген тастарды орап алып, тастақ жерді қармап, жақсылап бекінеді.
18 Ал егер өсімдік сол жерінен жұлынып тасталса, сол орында ешқашан болмағандай жоғалады.
19 Біліп қой, оның өркендеуі осылай аяқталады. Сол топырақтан басқа өсімдіктер өсіп шығады.
20 Құдай, әрине, кінәратсыз адамнан бас тартпайды, зұлымның істегендерін де қолдамайды.
21 Ол әлі де аузыңды күлкіден жиғызбай, көмейіңнен шаттық үніңді сыңғырлайтын қыла алады.
22 Ал сені жек көретіндер масқараға қалады, зұлымдардың мекендері құритын болады.