Әйүп

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42


Тарау 16

Әйүп оған былай деп жауап берді:
2 — Мен мұндайды бұрын да көп естігенмін. Сендер не қылған жаман жұбатушысыңдар!
3 Бос сөздеріңді қашан доғарасыңдар? Бұндайды айтуға сендерді не итермелеп тұр?
4 Мен де өздерің сияқты сөз құрастырып ақыл айта алар едім. Егер менің орнымда болсаңдар, сендерге де сұқ саусағыммен шұқып көрсете алар едім.
5 Қайта, мен өздеріңе сөзбен демеу болар едім. Көріп отырған азаптарыңды айтар сөздеріммен жеңілдетер едім.
6 Ал қазір сөйлесем де, азабым жеңілдемейді, сөйлемесем де, ол басылмайды.
7 Уа, Құдай, мені титықтатып, бүкіл отбасымды қаңыратып бос қалдырдың.
8 Сен кінәмді әшкерелемек болғандай, мені жүдетіп жібердің. Құр сүлдерім қалып, азып-тозғаным маған қарсы айғақ болып, кінәмді бетіме басып тұрғандай.
9 Құдайдың қаһары маған тап беріп, паршалап тастайды. Ол мені дұшпандай қауып алып, маған көздерімен атып жатқан жауым іспетті қадала қарайды.
10 Жұрт маған тістерін ақситып, келеке қылады. Шекемнен ұрып, басынады да. Олар маған қарсы тобыр құрып жиналады.
11 Құдай мені әділетсіздерге қалдырды, нағыз зұлымдардың қолына түсірді.
12 Алаңсыз едім, Ол мені екіге бөлді. Мені мойнымнан қармап ұстап, кесек-кесек қылып сындырды. Мені Өзіне нысана қылып алды.
13 Садақшылары мені қоршап алды. Жебелерімен еш аямай бүйрегімді жарып, бауырымнан шыққан өтті жерге төгуде.
14 Ол маған қайта-қайта тап беріп, жасақшыдай бас салуда.
15 Мен тәніме азалы киім киіп, бетімді топыраққа бастым.
16 Бет-әлпетім жылағаннан қып-қызыл, көзімнің айналасы қара тартқан.
17 Қолыммен еш зорлық жасаған жоқпын, еткен мінәжаттарым да пәк таза. Дегенмен осының бәрі басыма түсіп отыр.
18 Ей, жер, қанымды жасыра көрме! Жалынған үнім де еш тынбасын.
19 Тіпті қазірдің өзінде мен үшін де куәлік беретін Қорғаушым көкте. Сөзімді сөйлейтін Қолдаушым заңғар биікте.
20 Бірақ мына достарым мені келеке қылып отыр. Көзімнен жас ағып, Құдайдан көмек сұраймын.
21 Беу, досына арашашы болғандай біреу мен үшін Құдай алдында өтініш жасаса ғой!
22 Себебі өмірімнің соңы таяп қалды, жуырда қайтпас сапарға аттанамын.