Әйүп
Тарау 4
Сонда темандық Елипаз Әйүпке былай деп жауап қатты:
2 — Егер біреу сенімен сөйлесуге ұмтылса, соған төзе аласың ба? Дегенмен кім мұндайда үн-түнсіз қала алады?
3 Өткен уақыттарда өзің көп адамға тәлім беріп, әлсіздерді жігерлендіріп күш берген едің ғой.
4 Айтқан сөздерің сүрініп, құлап бара жатқандарға тірек болып, тізелері дірілдеп әлсірегендерге күш-қуат дарытқан еді ғой.
5 Ал енді, өз басың ауыртпалыққа тап болғанда, ұнжырғаң түсіп кетіпті. Өзің бақытсыздыққа ұшырағанда, өмірден түңіліп кетіпсің.
6 Құдайды терең қастерлеуің — сеніміңнің тірегі емес пе?! Әрі әділ жолмен жүруің — үмітіңнің негізі емес пе?!
7 Есіңе түсірші, қашан бейкүнә адам мерт болып, әділ адам құртылған еді?
8 Өз байқағаным: жамандықтың тұқымын сеуіп, зұлым жоспар құратындар солардың өнімін өздері жинайды.
9 Олар Құдайдың «лебінен» құрып кетеді, Оның қаһарлы дауылынан ғайып болады.
10 Арыстан ақырып, жауыз арыстан ырылдаған еді, алайда Құдай мықты арыстандардың да тістерін сындырады.
11 Сонда олжадан ада болған ана арыстан өледі, жетім қалған балалары жан-жаққа шашырап кетеді.
12 Маған құпия түрде бір хабар келді, құлағыма бір сыбыр шалынды.
13 Бұл, адамдар қатты ұйқыға батқанда, түнде түс көріп, мазасыз ойлар туған уақытта болды.
14 Сол түстен сүйектерімнің бәрі дірілдеп, қорқынышқа бөленіп тұрмын.
15 Бет-жүзімді бір елес сипап өткенде, төбе шашым тік тұрды.
16 Елес тұра қалды, бірақ сырт қалпын ажырата алмадым. Көз алдымда бір тұлға тұрды, оның сыбырлаған даусын естідім:
17 «Пенде Құдайдан әділ, адам өз Жаратушысынан пәк таза бола ала ма?
18 Құдай тіпті өз нөкерлеріне де сенбейді, Ол періштелерінен де қате табады.
19 Ал, түбі, топырақтан жасалған тәнде өмір сүріп, саз балшықтан жаратылған, пенделермен не болмақ! Олар күйе-көбелектей оңай жаншылып,
20 таң атқаннан күн батқанға дейінгі қып-қысқа аралықта-ақ талқандалып жаншылады ғой. Содан із-түзсіз ғайып болып,
21 қазықтары суырылып тасталған шатырлардың құлап түсетіні сияқты құрып кетеді. Осылайша пенде даналыққа қол жеткізіп үлгермей-ақ дүниеден өтеді».