Әйүп

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42


Тарау 30

Бірақ жастары өзімнен кіші мына жігіттер енді мені мазақ қылып жүр. Олардың әкелеріне мен малымды бағатын иттердің жұмысын да сеніп тапсырмас едім.
2 Сол шалдардың қолдарының күшінен маған не пайда? Олар күш-қуаттарынан айырылғандар ғой.
3 Жоқшылық пен аштықтан әлсіреген олар түнде құла түздегі шөп тамырларын кеміріп шарлайтын.
4 Бұталардың түбінен көк шөп теріп, жыңғылдың тамырын да тамаққа пайдаланатын.
5 Олар адамдардың арасынан қуылып, жұрт оларды ұрылардай көріп айқайлайтын.
6 Содан олар жылғалардың арнасын, жердегі шұңқырларды, жартастағы үңгірлерді паналайтын.
7 Қалың нудың арасындағы аңдардай ақырып, тікенді бұталар астында жиналып отыратын.
8 Бұлар — тегі жоқ ақымақтар, жұрт оларды елден қамшылап айдап шыққан.
9 Ал енді сондайлар мені келекелеп ән салып, мен олардың мазағына айналдым.
10 Олар менен жиреніп, аулақ жүреді, ал бетіме түкіруден еш тартынбайды!
11 Құдай мені күш-қуатымнан айырып, азапқа ұшыратқандықтан, олар жүгенсіздіктерін көз алдымда ашық жасайды.
12 Сол сойқандар топтасып, маған бас салады, аяғымнан шалып құлатып, арам істерін маған қарсы бағыттайды.
13 Олар жүретін жолымды талқандайды. «Оның қолдаушысы жоқ!» деп мені құртуға қатты тырмысады.
14 Кең ойық арқылы басып кіргендей, олар қатты шулап маған ентелеп тап береді.
15 Қорқыныш маған шүйіліп, абырой-дәрежем жел қуғандай жоғалып, бақ-дәулетім бұлттай сейіліп жоқ болып кетті.
16 Ал енді өмірім өшейін деп жатыр, басыма қиын-қыстау күндер түсті.
17 Түнде сүйектерім сырқырап, көріп жүрген азабым бір тыншымайды.
18 Құдай зор құдіретімен киімімнен ұстап алып, шапанымның жағасын қылғындыра сығымдайды.
19 Ол мені балшыққа лақтырып тастады. Шаң-тозаң сияқты пайдасыз болып қалдым.
20 Уа, Құдай, Саған жалбарына сиынсам да, маған жауап бермейсің. Алдыңда тұрсам да, мән бермей, маған қарап отыра бересің.
21 Маған тым қатал болып кеттің, мені құдіретті қолыңмен қудалап отырсың.
22 Құйынның ішіне мені лақтырып, ұшырасың, осылайша найзағай мен дауылда қырып-жоясың.
23 Сөйтіп Сенің жанымды алып, бар тіршілік иелерінің баратын жеріне мені де аттандыратыныңды білемін.
24 Ал азап шегіп, жалбарынып жатқан бейшараға ешкім де қолын көтермейтін еді ғой!
25 Бірақ мен қайғы-қасірет көріп жүргендерге жанашыр болған жоқпын ба?! Жарлыларды аяп қайғырған жоқ па едім?!
26 Әйтсе де өзім жақсыдан үміттеніп отырғанда жамандыққа ұшырадым, жарықты күткенімде айналамды түнек басты!
27 Жан дүнием азан-қазан болып, еш тыншымайды, басыма қиын-қыстау күндер туды.
28 Жан дүнием күннің нұрын көрмей, қараңғыда жүр. Жамағаттың жиынында орнымнан тұрып, көмек сұрап қатты жалынамын.
29 Бірақ олар мені шибөрі мен түйеқұстың серігі деп санайды.
30 Терім қарайып, тілініп кетті. Бүкіл денем безгектен күйіп тұр.
31 Жетігенім қайғылы әуенге, сыбызғым жоқтау күйіне ғана келтірілген.