Әйүп
Тарау 10
Өз өмірім маған жек көрінішті болды. Сондықтан шағымымды тежеусіз, еркін айтамын. Жан дүниемде сақталып келген ащы шерімді ақтарамын.
2 Мен Құдайдан былай деп өтінемін: «Мені айыптай бермесең екен! Мені не үшін айыптайтыныңды ашық білдіре көрші!
3 Маған қысым жасау Өзіңе жақсы болып көріне ме? Неліктен Өзің жаратқан менен бас тартасың, ал зұлымдардың ісіне жылы жүзбен қарайсың?
4 Сенің көздерің пенденікіндей ме еді? Пенденің көргеніндей көретін бе едің?
5 Сенің өмірің де пенденікіндей қысқа ма? Әлде жылдарың да пенденің жылдарындай зулап өтіп,
6 сондықтан қайсыбір кінәмді іздеп, әділетсіз қылығымды тездетіп табуға тырысуың қажет пе?
7 Бірақ Сен менің қылмыскер емес екенімді, әрі өз қолыңнан ешкімнің де мені құтқара алмайтынын білесің ғой.
8 Сен мені өз қолыңмен түгелдей қалыптастырып жараттың. Ал енді мені біржола құртпақсың ба?
9 Мені саз-балшықты илегендей етіп жасағаның есіңде ме? Енді мені қайтадан топыраққа айналдырғың келіп отыр ма?
10 Анам жүкті боларда Сен мені оның құрсағына сүттей құйып, ірімшіктей ұйыттың емес пе?
11 Сүйектерім мен сіңірлерімді біріктіре тоқып, оларды тері, етпен жаппап па едің?
12 Сен маған өмір сыйлап, мейіріміңді таныттың. Сенің қамқорлығың арқасында рухым аман қалды.
13 Бірақ Сен мына нәрселерді өз жүрегіңде жасырып қойдың. Сенің мақсатыңның мынау екенін білемін:
14 Сен мені бақылап тұрсың. Егер күнә жасасам, мұнымды жазасыз қалдырмайсың.
15 Егер кінәлі болсам, қасіретке қалар едім. Тіпті әділ болғанмен, басымды көтере алмаймын. Өйткені әбден масқараланып, азап шегудемін.
16 Егер басымды көтерсем, Сен арыстандай соңымнан қуып жетіп, тап беріп, қайтадан айбарлы да ғажап істер істейсің.
17 Маған қарсы қайта-қайта куәлік келтіріп, өзіме бағытталған қаһарыңды күшейте түсесің. Жіберген апат-пәлелерің бірінен кейін бірі жөңкіп келе береді.
18 Ендеше неліктен мені анамның құрсағынан шығардың? Ешкім мені көрмес бұрын өліп кеткенімде ғой, шіркін!
19 Ешқашан бар болмағандай, анамның құрсағынан бірден қабірге қойылған болсам ғой!
20 Көрер күндерім тым қысқа! Мені жайыма қалдыра гөр, бір сәтке көңіл көтеріп тыншиын!
21 Себебі жақында мен қайтпас сапарға, тас түнек пен түк көргісіз қараңғылық жайлаған аймаққа аттанамын.
22 Қою қараңғылыққа шомған, астан-кестен ретсіздікке толы сол жердің жарығының өзі қара түнектей емес пе?»