Әйүп

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42


Тарау 27

Әйүп сөзін жалғастырып былай деді:
2 — Менің құқығымды алып қойған мәңгі тірі Құдайдың алдындағы шын сөзім, иә, жан дүниемді ренішке кенелткен құдіреті шексіз Тәңірдің алдындағы шын сөзім:
3 Кеудемде жаным болғанша, Құдай маған тыныс алуға мұрша бергенше,
4 аузымнан еш өтірік шықпасын, тілім де ешбір жалған сөз айтпасын!
5 «Сендердікі дұрыс» деп ешқашан мойындамаспын, өле-өлгенше өзімнің адалдығымнан бас тартпаспын!
6 Иә, мен әділдігімді мықтап ұстанып, одан айырылмаспын, өмірімнің ешбір күні үшін ар-ұжданымда өкініш сезінбеспін.
7 Дұшпандарым зұлымдардың жазасын тартсын, қарсыластарым заңсыздардың көретіндерін көрсін!
8 Өйткені арсыздың артатын қандай үміті қалар еді? Құдай көзін құртып, жанын алады емес пе?!
9 Басына қиындық түскенде, Құдай оның жалбарынған үніне ден қоя ма?
10 Әлде ол құдіреті шексіз Тәңірге риза болып, Құдайға әрдайым сиынатын бола ма?
11 Мен сендерге Құдайдың іс-әрекеті жайлы тәлім бермекпін, құдіреті шексіз Тәңір туралы білімді жасырмаймын.
12 Ал мұның бәрін өздерің де көріп отырсыңдар, сонда осы мәнсіз әңгіме неге керек?
13 Құдайдың зұлым адамға белгілеген тағдыры, әрі құдіреті шексіз Тәңірдің зорлықшылға бұйырған «мұрасы» мынау:
14 Олардың балалары көп болса да, семсерден өледі және ұрпақтары аштықтан жапа шегеді.
15 Осылардан аман қалса, індеттен көз жұмады. Арттарында қалған жесірлері жоқтау да айтпай қояды.
16 Зұлымдар күмісті шаңдай мол үйіп алып, киімді балшықтай сірестіріп молынан жинайды.
17 Алайда соның пайдасы бәрібір әділдерге тиетін болады, күнәсіздер сол күмісті бөлісіп алады.
18 Зұлымдардың салған үйлері өрмекшінің өрмегіндей әлсіз болады. Олар егістік күзетшісінің бұтақшалардан жасаған күркесіне ұқсайды.
19 Зұлымдар төсекке жатарда бай еді, бірақ енді қайтып олай болмайды. Олар көздерін ашып, ұйқыдан тұрса, байлығынан түк те қалмапты.
20 Қорқыныш олардың басына топан судай қаптап, түнгі дауыл оларды іліп алып кетеді.
21 Шығыстан соққан күшті боран көтеріп әкеткенде, құдайсыздар ғайып болады. Құйын оларды өз орындарынан алып кетеді.
22 Күшті дауыл зұлымдарға аяусыз шүйіліп, олар оның құдіретінен бас сауғалай қашады.
23 Жұрт оларды мазақ қылып, қолдарын шапалақтап, орындарынан ысқырады.