Әйүп

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42


Тарау 23

Сонда Әйүп тағы да сөйлеп былай деді:
2 — Бүгін де айтар шағымым ащы! Қанша күрсініп ыңқылдасам да, Құдай мені ауыр жазалауын қояр емес.
3 Құдайды қайдан табуға болатынын, дәл тұрағына қалай баруға болатынын білсем ғой!
4 Басыма түскен істі Оған көрсетіп, ауыз толтыра уәжімді айтар едім.
5 Оның маған берер жауабын біліп алып, не айтатынын түсінер едім.
6 Сонда Құдай бүкіл құдіретін қолданып мені құртар ма еді? Жоқ, керісінше, мені тыңдаған болар еді.
7 Әділ жан сол жерде Онымен пікірталасқа түсер еді. Мен де өзімді соттаушы Құдайдан біржола ақталып құтылар едім.
8 Бірақ шығысқа қарай жүрсем, Ол онда жоқ, батысқа қарай жүрсем, Оны сол жерден де таппаймын.
9 Солтүстікте әрекет еткен кезінде де Оны көре алмаймын, оңтүстікке бұрылсам, Оны сол жерден де байқай алмаймын.
10 Құдай жүретін жолымды жақсы біледі. Ол мені сынап тексергенде, алтын сияқты таза болып шыға келемін.
11 Себебі Оның жолымен аяқ басып, содан еш бұрылмай жүріп келдім.
12 Оның бұйырған өсиеттерінен бас тартқан жоқпын, аузынан шыққан сөздерін қажетті тамағымнан да артық көріп сақтайтынмын.
13 Бірақ Ол жалғыз Өзі ғана Құдай, кім Оған қарсы тұра алады? Ол нені қаласа, соны істейді.
14 Өзі маған нені белгілеген болса, сонысын жүзеге асырады. Осы сияқты көп нәрсе әлі де Оның ой-санасында бар шығар.
15 Сол себепті мен Оның алдында үрейге кенелемін. Бұл жайт есіме түскен сайын қорқып дірілдеймін.
16 Осылай Құдай жүрегімді дір-дір еткізіп, құдіреті шексіз Тәңір зәремді ұшырады.
17 Түнек, иә, бетімді жауып отырған қалың түнек жан-жағымды басып алды.