Әйүп

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42


Тарау 38

Содан соң Жаратқан Ие Әйүпке құйынның ішінен жауап беріп былай деді:
2 — Байыбына бармай сөйлеп, Менің данышпан шешімдеріме күмән келтіретін кім бұл өзі?!
3 Беліңді нағыз ердей буып, дайын тұр! Мен саған сұрақтар қояйын, ал сен түсіндіріп берші!
4 Жердің түп негізін орнатқанымда сен қайда жүрдің? Білгіш болсаң, түсіндірші!
5 Үстінен жіп тартып, оның өлшемдерін орнатқан кім? Сен бұларды білесің ғой.
6 Дүниенің негіздері ненің үстіне орнатылды, оның іргетасын қалаған кім болды?
7 Сол кезде таңғы жұлдыздар бірге әндетіп, Құдайдың бүкіл нөкерлері қуана ән салып жатты.
8 Теңіз пайда бола салысымен дүлейлене жөнелгенде оны қақпалармен қоршап, шектеп қойған кім еді?
9 Сол кезде Мен теңізге бұлттарды киім, қара түнекті жөргек еттім,
10 қақпалары мен ысырмаларын орнатқандай оның шекараларын белгілеп қойдым.
11 Оған: «Мына шектен асуыңа болмайды, тәкаппар толқындарыңның тоқтайтын жері осы!» деп бұйырғанмын.
12 Ал сен өзің таңның атуына бұйрық беріп, шұғылаға қай жерде болуы керектігін қашан болса да көрсетіп пе едің?
13 Оған жердің түкпір-түкпірлеріне жетіп, қараңғыда істелінген зұлымдықтарды жер бетінен аластатып тастауға әмір еттің бе?
14 Таң атқанда жердің қалпы сазға мөр басқандай айқындалып, салтанатты киімнің пішіміндей анықталады.
15 Күннің нұры зұлымдардың әрекеттерін доғартып, күш көрсетіп көтерген қолдарын сындырады.
16 Әйүп, сен теңіздегі су көздеріне түсіп, оның терең жерлерін зерттеп шығып па едің?
17 «О дүниенің қақпалары» саған көрсетіліп пе еді? «Қара түнектің қақпаларын» көріп пе едің?
18 Жердің ауқымын ұқтың ба? Осының бәрін білсең, түсіндірші!
19 Нұрдың мекеніне апаратын жол қайда? Ал қара түнектің тұрағы қайда?
20 Оларды өз қоныстарына апара алар ма едің? Соларға қалай жетуге болатынын білесің бе?
21 Әрине, білесің! Сен сол кезден бұрын-ақ дүниеге келіпсің. Көптеген күндерді басыңнан өткізіпсің.
22 Қар мен бұршақ сақталатын қоймаларға кіріп пе едің?
23 Апат, соғыс және шайқас кездері үшін соларды сақтап келемін.
24 Нұрдың шашырайтын жолы әрі шығыс желінің жер бетіне шашырай соғатын жолдары қайда?
25 Топанға арна қазып, күн күркіреу мен найзағайға жол салған кім?
26 Елсіз айдалаға, адам тұрмайтын құла түзге жаңбыр жаудыратын кім?
27 Құлазыған қу жапанды суландырып, жерден шөп шығаратын кім?
28 Жаңбырдың әкесі бар ма? Шықтың тамшыларын дүниеге келтірген кім?
29 Мұз кімнің құрсағынан шығып, аспаннан түскен қырауды кім туғызды?
30 Су мұздағанда тастай болады, тұңғиықтың беті қатып қалады.
31 Үркер жұлдыздар шоғырын байлап, Көгалдай мергеннің белбеуін шешуге құдіретің бар ма?
32 Шоқжұлдыздарды өз уақытында шығарып, Жетіқарақшыны кіші жұлдыздарымен бірге жетелей аласың ба?
33 Аспан денелерін басқаратын заңдарды білесің бе? Жаратқанның билігін жерге орнату қолыңнан келе ме?
34 Айқайыңды бұлттарға дейін жеткізіп, оларға нөсер құйдыра аласың ба?
35 Найзағайларды жарқылдатып, өзіңе мойынсұндыру қолыңнан келе ме?
36 Адамның жан дүниесіне ақыл-парасат дарытып, санасына түсінікті кім сыйлады?
37 Бұлттарды өз ақылымен санап шығып, «аспанның ыдыстарын төңкеріп», жаңбыр жаудырта алатын кім?
38 Шаң-тозаң сонда балшыққа айналып, топырақ кесектері бір-біріне жабысады.
39 Ұрғашы арыстан үшін аң аулайтын, жас арыстандардың қарындарын тойындыратын сенсің бе?
40 Олар апандарында бүгіліп не тасада торуыл құрып аңдып жатады.
41 Қарғаның балапандары Құдайға жалынып қарқылдап, тамақ іздеп босып жүргенде, қарғаға азық дайындап қоятын кім?