Әйүп

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42


Тарау 39

Тау ешкілері қашан лақтайтынын білесің бе? Маралдың бұзаулағанына қарап тұратын ба едің?
2 Оның қанша ай буаз болып, қашан туатынын білесің бе?
3 Марал толғатып, төлін еңкейіп туады.
4 Төлі күшейіп, ашық далада өсіп-жетіледі. Кейін енесінен ажырап, оған қайтып келмейді.
5 Ал жабайы есекті еркіне қоя берген, құланды жүгенсіз бос жіберген кім?
6 Соларға мекені болсын деп айдаланы, тұрағы болсын деп сортаңды бергенмін.
7 Қаланың әбігерінен олар мүлдем аулақ, айдаушының айқайын да естімейді.
8 Қайта, олар қыраттарды шарлап, өздеріне әр түрлі шөп іздейді.
9 Керік саған қызмет етуге келісіп, мал қораңда түней ме?
10 Оны жүгендеп, соқаға жеге аласың ба? Ол соңыңнан еріп егіндігіңді тырмалай ма?
11 Керіктің зор күшіне сүйеніп, ауыр жұмысыңды оған істете аласың ба?
12 Астығыңды жинап, оны бастыратын қырманыңа алып келуді соған сеніп тапсырасың ба?
13 Түйеқұс қанаттарын құшырлана қақса да, ол ләйлектің қауырсыны мен мамығына жетпейді.
14 Түйеқұс жұмыртқаларын жерге қалдырып кетеді, ал топырақтың жылуы оларды жылытады.
15 Біреу соларды табандарымен таптап, бір жабайы аң аяқтарымен басып кетпей ме, сол туралы еш ойланбайды.
16 Осылай түйеқұс балапандарына өзінікі еместей қатыгез болып, «бейнетім зая кетеді-ау» деп те уайымдамайды.
17 Себебі Құдай оған сондай даналық дарытқан жоқ, ақыл-санадан үлес бөлген жоқ.
18 Бірақ егер қанат қағып шабатын болса, тұлпар мен шабандозды басып озып, күлкі қылады.
19 Тұлпарға оның қуатын сен беріп пе едің? Оның желкесіне жал бітірген сен бе едің?
20 Тұлпарды шегірткедей алысқа секіретін қылған кім? Оның пысқыруының өзінен жұрт шошынады.
21 Тұлпар өршелене тұяғымен жер тебініп, өз күшіне шаттанып, шайқасқа бас салады.
22 Ол қорқынышқа күле қарап, ештеңеден қаймықпайды, семсерден де именбейді.
23 Жауынгердің қорамсағы, жалтыраған найзасы мен алдаспаны атының бүйіріне соғылып сатырлайды.
24 Керней тартылғанда, тұлпар өзін ұстай алмай, аласұрған шабытпен шайқасқа бас салады.
25 Ол керней тартылған сайын кісінеп, алыстан шайқастың иісін сезеді, қолбасшылардың өктем дауыстары мен айқайларын естіп тұрады.
26 Сұңқардың самғап ұшатыны, қанаттарын оңтүстік желге қарай жаятыны сенің даналығыңның арқасы ма?
27 Күшіген заңғар биікке самғап, сол жерге ұясын сенің бұйрығыңмен сала ма?
28 Ол жартаста өмір сүріп, сонда түнейді, жартастың ұшар басы — оның қорғаны.
29 Сол жерден шығып, азық іздеп, олжасын алыстан-ақ көзі шалады.
30 Балапандары да қан сорып тамақтанады. Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиылар. —
31 Жаратқан Ие сөзін жалғастырып, Әйүпке былай деді:
32 — Әлі де құдіреті шексіз Тәңірдің үстінен шағым айтып, дауласпақсың ба? Мейлі, Құдайды айыптап келген енді өзі жауап берсін!
33 Сонда Әйүп Жаратқан Иеге жауап беріп былай деді:
34 — Мен бұған лайықты емеспін, Саған қалай жауап бермекпін? Аузымды қолыммен жауып аламын.
35 Бір-екі рет еркінсіп аузымды ашқанмын, енді қайтып тіс жармаймын.