Әйүп

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42


Тарау 36

Еліху сөзін былай деп жалғастырды:
2 — Мені тағы сәл тыңдай тұрыңыз. Құдайды қорғап тағы да біраз нәрсені айтуға болатынын көрсетемін.
3 Мен білімімді алыстан іздеп таптым. Енді Жаратушымның істегенінің әділдігін дәлелдейін.
4 Шүбә жоқ, айтар сөздерім жалған емес. Оларды білімі кемел адамның сөзі деп біліп қойыңыз.
5 Құдай құдіретті болса да, адамға менсінбей қарамайды. Оның күш-қуаты да, даналығы да аса зор.
6 Құдай зұлымдардың өмір сүре беруіне жол бермейді, қайта, Ол қаналған жарлылардың мүдделерін қорғайды.
7 Құдай әділдерді назарында ұстайды, оларды патшалармен бірге таққа отырғызып, мәңгілікке жоғарылатады.
8 Ал егер адамдар кісенделіп, ауыртпалықтың бұғауында отырса,
9 онда Құдай олардың істеп келген заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелейді. Өздерінің менменсіп, асқақтағандарын да оларға көрсетеді,
10 сөйтіп тәлім қабылдасын деп құлақтарын ашады. Оларға зұлымдықтан бас тартуды бұйырады.
11 Егер де Оған құлақ асып мойынсұнса, онда олар өмір бойы игілікке кенеліп, көңілдері рақатқа толатын болады.
12 Бірақ тыңдамаса, ақымақ болғандықтарынан семсерден мерт болады.
13 Арсыздар жүректерінде ашу-ыза сақтап жүре береді. Құдай сондайларды байлап-матап алса да, олар Оған сиынып көмек сұрамайды.
14 Содан арсыздар жастай өледі. Азғындыққа салынғандықтан, өмірлері масқарамен аяқталады.
15 Ал жарлыларды Құдай олардың көріп жүрген азаптары арқылы құтқармақ. Қиындық көрген кездерінде Ол солардың құлақтарын ашады.
16 Қазір Ол сізді де қауіп-қатерден арашалап, қиыншылық жоқ кең орынға алып шығуға еліктірмек. Сізді ең дәмді тағамдар жайылған дастарқанға алып келмек.
17 Бірақ сіз зұлымдарды айыптаудан басқаны ойламайсыз. Ал әділдік пен ақиқат өзіңізді ұстап алған.
18 Ашу-ызаңыз сізді Құдайды қорлауға азғырып әкетпесін! Мол пара да сізді теріске бұрып адастырып кетпесін!
19 Үлкен байлығыңызбен не зор күш жұмсап қиындықтардан құтыла аламын деп ойлайсыз ба?
20 Түннің келуін де аңсаушы болмаңыз! Сол кезде көп адамдар өз орындарында жатып құрып кетеді ғой.
21 Зұлымдыққа бет бұрудан сақ болыңыз! Азапқа батқанша күнәға батқан артық деп ойлайтын сияқтысыз.
22 Біліп қойыңыз, Құдай зор құдіретімен ұлы істер істейді. Ол сияқты ұстаз болар ешкім жоқ!
23 Құдайдың жүретін жолын белгілейтін де, «Мынауың дұрыс емес!» дей алатын да ешкім жоқ қой.
24 Одан да адамдар ән шығарып мадақтаған Құдайдың ұлы істерін өзіңіз де мадақтауды ұмытпаңыз!
25 Бүкіл адамзат соларды көріп келеді, адамдар оларға алыстан қарайды.
26 Біліп алыңыз, Құдай сондай ұлы! Ал біз Оны толығымен ұға алмаймыз. Оның жылдарының санын адам зерттеп біле алмас.
27 Жасаған Ие судың тамшыларын көтеріп алып, олар тұман болып тазаланып, жаңбыр жауғанда жерге қайтып түседі.
28 Сонда бұлттар өз ылғалын жерге төгіп, ол адамзатқа мол нөсер болып құйылады.
29 Құдайдың бұлттарды қалай жаятынын, аспаннан қалай күн күркірететінін түсінетін жан бар ма?
30 Қараңыз, Құдай бәрінің үстінен жарықтың нұрын төгіп, теңіздің түбіне дейін жайып қояды.
31 Ол халықтарға осылай билік жүргізіп, оларды тамақпен молынан қамтамасыз етеді.
32 Тәңір Ие қолын найзағайларға толтырып, оларға нысанаға тиюге бұйырады.
33 Күркіреу Құдайдың бар екенін жариялайды. Тіпті мал да ненің болып жатқанын сезеді.