Әйүп

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42


Тарау 29

Әйүп сөзін одан әрі сабақтап былай деді:
2 — Бәрі бұрынғыдай, Құдай мені аман сақтап жүрген кездердегідей болса ғой, шіркін!
3 Сол жылдары Оның «шам-шырағы» үстімде жарқырап, Оның түсірген нұрымен түнекте адаспай жүретінмін.
4 Сол тұста мен өмірімнің өркен жайған шағында едім, әрі Құдай үйіме бас-көз болып ақыл-кеңес беретін.
5 Құдіреті шексіз Тәңір маған сол кезде әлі де жар болып, балаларым қасымда жүретін.
6 Үйімде ақ пен май ағыл-тегіл болып, жартастағы сыққыштан зәйтүн майы тасқындап ағып тұратын.
7 Мен қала қақпасына барып, соның маңындағы алаңда өз орныма келіп жайғасқанда,
8 жас жігіттер мені көргенде жол бере шегініп, ақсақалдар орындарынан тұратын.
9 Басшылар сонда сөздерін тыйып, ауыздарын алақандарымен жабатын.
10 Билеушілер дауыстарын шығармай, тілдері таңдайларына жабысып қалатын.
11 Сол кезде өзім туралы естіген адамдар мені дәріптеп, көздерімен көргендер жер-көкке сыйғызбай мақтайтын.
12 Өйткені мен қиналып, жалбарынған жарлыны да, арқа сүйер ешкімі жоқ жетімді де арашалайтынмын.
13 Ажалдан аман алып қалған адамдарым маған алғыстарын жаудырып, жесір әйел менен көрген көмектен әндете бастайтын.
14 Осылай бәрін де әділдікпен істедім, адалдық сәлдем мен шапаным сияқты маған жақын болды.
15 Зағип пен ақсаққа медет беруші,
16 жарлыға қамқоршы болдым. Өзім тіпті танымайтын адамның дау-жанжалын да әділдікпен шешіп беретінмін.
17 Ал жауыз қанаушылардың жақтарын сындырып, ұстаған олжасын аранынан түсірткізіп тастайтынмын.
18 Былай деп ойлайтынмын: «Мен көп жасап, отбасымның арасынан о дүниеге аттанатын шығармын.
19 Себебі мен тереңде жатқан суға дейін тамыр жайып, бұтақтарында түні бойы шық болатын ағаш сияқты мықтымын.
20 Әрқашан жұрттың мақтауына бөленемін, қолымдағы садағым әрдайым берік керіліп тұрады».
21 Осылай адамдар маған құлақ асып, кеңесімді үнсіз тыңдайтын.
22 Мен айтып болған соң олар соған еш нәрсе қоспайтын, себебі берген ақылым оларға ұнайтын.
23 Олар мені жаңбырды күткендей тағатсыздана күтетін. Көктемгі жаңбырды тосқан шаруалар сияқты ауыздарын ашып сөздерімді сіміретін.
24 Мен оларға жылы жүзбен қараған кезде, олар өз көздеріне өздері сенбейтін, менің жарқын жүзбен қарауым оларды жігерлендіретін.
25 Оларға жүретін жолды таңдап, көсемдері сияқты болып отыратынмын. Өз жасақшыларының арасындағы патша сияқты өмір сүрдім, әрі қайғы-қасіретке батқандарды жұбататынмын.