Әйүп
Тарау 11
Сонда нағамалық Сопар жауап беріп былай деді:
2 — Сонша көп сөз жауапсыз қалуы керек пе? Сөзуар адам ақталып, кінәсіз болмақ па?
3 Сенің көп мылжыңың басқа еркектерді үндетпей тастасын ба? Мазақ сөздерің үшін өзіңді ұялтатын ешкімнің де болмағаны ма?
4 Өйткені Құдайға: «Тәлімім мінсіз, өзім де Сенің көз алдыңда тазамын» деуге дәтің барады.
5 Бірақ, шіркін, Құдай сөйлесе ғой! Аузын ашып саған тіл қатса екен!
6 Даналықтың құпияларын саған білдірсе ғой! Өйткені нағыз даналық көп қырлы. Құдайдың тіпті бірқатар күнәларыңды есінен шығарып, өзіңді әлдеқайда жұмсақ жазалап отырғанын ұғынсаң екен.
7 Құдайдың терең құпияларын шеше аласың ба? Құдіреті шексіз Алланы толықтай зерттеп біле алар ма едің?
8 Сондай білім аспаннан да заңғар, ал сенің қолыңнан не келеді? Ол о дүниеден де терең, сол туралы не біле аласың?
9 Ол жерден де көлемді, теңізден де ұлан-ғайыр.
10 Егер Құдай арамыздан өтіп, біреуді тұтқындап, сотты шақырып жинаса, Оны кім тоқтата алады?
11 Өйткені Құдай кімнің жалған екенін біледі. Оның зұлымдықты көріп, соған назар салмауы мүмкін дейсің бе?
12 Алайда, «Құлан адам боп туғанда ғана ақымақтың ақылы толысар» делінген ғой.
13 Ендеше жүрегіңді Құдайға қайта бағыштап, қолыңды Оған қарай жайып сиынсаң екен!
14 Жасап келген күнәларыңды доғарып, өзіңнен аластатсаңшы! Зұлымдық атаулыны мекеніңе жолатпасаң екен!
15 Сонда сен бет-жүзіңді ұялмастан жоғары көтеріп, еш қорықпай берік тұратын боласың.
16 Қазіргі басыңа түсіп отырған азабыңды ұмытасың, ағып кеткен су сияқты оны есіңнен шығарасың.
17 Өмірің тал түскі күннің сәулесінен де жарық болады. Тіптен қараңғылық та таң шапағындай жарқырайды.
18 Сенде үміт болғандықтан, сенім де болады. Жан-жағыңнан жақсы қорғалғандықтан, алаңсыз жатасың.
19 Тынығып жатқаныңда, сені қорқытатын ешкім болмайды. Қайта, көптеген адам сенің ықыласыңды іздейтін болады.
20 Алайда зұлымдардың көкірек көздері әлсірейді. Олардың бас сауғалайтын жері болмай, үміттері үзіледі.