Әйүп

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42


Тарау 28

Адам баласы күмісті кеннен шығарады, Алтынды арнайы орында тазартады,
2 Темірді топырақтан қазып алады, Мысты да кеннен балқытып айырады.
3 Кеншілер түнекті жарықтандырады, Қараңғыда тіпті ең алыстағы Кенді де іздеп тауып алады.
4 Ұсталар шалғай, адам аяғы Баспайтын жерлерде құдық қазады, Төменге түскенде арқанға асылады, Содан олай-бұлай тербеліп тұрады.
5 Жер бетінде астық өсіп-өнеді, Жер астын лаулаған от өзгертеді,
6 Тастарынан көк асыл тас табылады, Топырағынан алтын алынады.
7 Жыртқыш құс білмейді осы жолдарды, Сұңқардың көзі көрмейді оларды,
8 Маңғаз аңдар соларды басқан емес, Арыстан да үстімен өткен емес.
9 Пенде қатты тастарды да сындырады, Тауларды тамырымен қопарады,
10 Жартастарда үңгір шауып қазады, Әр түрлі құнды заттарды көзі шалады,
11 Өзен бастауларын іздеп табады, Тығылған заттарды жарыққа шығарады.
12 Ал даналықты қайдан табуға болады? Шынайы парасат қай жерде тұрады?
13 Оның құнын пенде жете ұқпайды, Бұ дүниеден оны таба алмайды.
14 Терең тұңғиық: «Ол менде емес!» дейді, Теңіз де: «Менде ол жоқ!» деп мәлімдейді.
15 Саф алтынға оны сатып ала алмайсың, Құнын күміспен төлей де алмайсың.
16 Не Опырдан әкелінген алтынменен, Не оникс тас, не көк асыл таспенен Оның бағасын айқындай алмайсың сен.
17 Даналықты алтын, гауһармен салыстырмас, Саф алтын бұйымға оны сатып ала алмас.
18 Інжу-маржанды ескермей-ақ қойса болады, Даналық лағыл тастардан да тым бағалы!
19 Құштық топазды даналықпен салыстырмайды, Саф алтынмен оны айырбастамайды.
20 Сонда даналық қайдан келеді екен? Парасаттың мекені қайда екен?
21 Ол тірі жандының бәрінен жасырынған, Құстардың назарынан да тыс қалған.
22 О дүние мен өлім былай дер ол жайлы: «Тек сыбыс қана естідік сол туралы».
23 Тек Құдай біледі даналыққа барар жолды, Оған ғана белгілі соның тұрағы.
24 Өйткені Құдай жердің шеттеріне қарайды, Аспан астындағының бәрін де Ол байқайды.
25 Құдай желдің қуатын белгіледі, Бүкіл судың мөлшерін де өлшеді,
26 Құдай жаңбырға жаусын деп бұйрық берді, Найзағай мен күн күркіреу жолын белгіледі,
27 Сол кезде Ол даналыққа қарап, баға берді, Тиісті орнын бекітіп, оны тексерді.
28 Құдай адамға былай деді: «Даналық — Жаратқан Иені терең қастерлеу Және нағыз ақыл-парасаттылық — Зұлымдық атаулыдан алшақ кету».