Әйүп

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42


Тарау 19

Бұған Әйүп былай деп жауап берді:
2 — Қашанғы жанымды қинамақсыңдар, айтқан сөздеріңмен мені езгілей бересіңдер?
3 Мені он рет масқараладыңдар, маған еш ұялмай жамандық істей бересіңдер!
4 Егер адасқаным шындық болса, сол қателігім менің ғана мәселем!
5 Ал расында өздеріңді менен жоғары қойып, осы бейшаралығымды бетіме бассаңдар,
6 онда мынаны біліп қойыңдар: мені осы мүшкіл жағдайға түсіріп, жан-жағыма торын жайған — Құдайдың Өзі!
7 Мен: «Зорлық!» деп айқайласам да, ешкім жауап бермейді. Жұртты көмекке шақырамын, бірақ әділдік бәрібір жоқ.
8 Өтіп кете алмауым үшін Құдай жолыма бөгет қойды. Ол жүретін соқпағымды түнекпен жауып тастады.
9 Құдай мені абыройымнан жұрдай қылып, басымнан «тәжімді» сыпырып алды.
10 Мені жан-жақтан қырып-жойып, үмітімді арам шөптей түп-тамырымен жұлып тастады.
11 Ол маған өз қаһарын тұтатып, мені қас жауындай есептейді.
12 Оның «жасақшылары» маған қарсы анталап келіп, мені құрсаулап, мекенжайымды қоршап алды.
13 Құдай ағайындарымды өзімнен алыстатып, таныстарым маған жат болып кетті.
14 Туған-туыстарым менен безіп, дос-жарандарым мені танудан қалды.
15 Үйімде тұратын келімсектер мен қызметші қыздар мені бөтен адамдай санап шеттетеді. Олар үшін жат жұрттық кірме болып қалдым.
16 Қызметшімді шақырсам, жауап бермейді, оған тіпті жалынып өтінуім қажет!
17 Әйелім демімнің иісінен жеркенеді, туған бауырларыма да жексұрынмын.
18 Тіпті жас балалар да мені менсінбейді, орнымнан тұрғанымда келекелейді.
19 Сырлас достарымның бәрі менен жиренеді, жақсы көретін адамдарым маған қарсы шықты.
20 Құр сүлдерім қалып, зорға тірі жүрмін.
21 Аяңдаршы мені, аяңдаршы, достарым-ау! Мені Құдайдың Өзі ұрып-соқты.
22 Неге сендер Құдайға ұқсап артымнан қуып, етіме тоймағандай өкшелеп соңымнан қалмайсыңдар?
23 Менің сөздерім жазылып қалдырылса ғой! Бір кітапқа жазылса ғой!
24 Сөздерім темір қаламмен тас бетіне қашалып, қорғасынмен толтырылып, осылайша мәңгілікке жазылса ғой!
25 Ал мен Құтқарушымның тірі екенін білемін! Ақырында Ол осы (өткінші) жерде (мені ақтап) тұратын болады!
26 Денемнің күллі терісі шіріп, құрып кетсе де, соңында мен денемде Құдайды көретін боламын!
27 Оны мен өзім көремін! Оны көретін басқаның емес, менің өз көздерім болады. Сол үшін де жүрегім кеудемде қатты толқып тұр!
28 Ал өздерің: «Оны қудалап көрейік, мәселенің түп-тамыры оның өзінде ғой!» дейсіңдер.
29 Бірақ сендер Соттаушының семсерінен қорқыңдар! Себебі Оның қаһары бастарыңа семсерді төндірмек. Сонда сендер соттың бар екеніне көз жеткізесіңдер.