Ишая
Тарау 64
Уа, Жаратқан Ие, Сен көкті жарып, жерге зымырап түссең екен, шіркін! Сенің алдыңда таулар шайқалар еді!
2 Бұл, өрттің сексеуілге тиіп, лаулап жанып, суды қайнатқанындай сұрапыл оқиға болар еді. Сонда Сенің есімің жауларыңа танымал болып, алдыңда халықтар дірілдер еді.
3 Ежелде Сен халқымыз күтпеген қорқынышты істер істедің. Көктен зымырап түсіп келгеніңде алдыңда таулар шайқалды да!
4 Сен Өзіңді сеніммен күткендерге игіліктер жасайсың. Мұны істейтін бірде-бір өзге құдай жоқ! Бұрын-соңды ешкім ондай құдай туралы құлағымен естіп, көзімен көрген де емес.
5 Әділдікті қуана іске асырып, ақ жолыңмен жүріп, Өзіңді естен шығармайтындарды Сен рақыммен қарсы аласың. Алайда біз бұрыннан-ақ еркіңе қарсы күнә жасап келгендіктен, Сен қатты ашуландың. Енді біз қалай құтқарыла аламыз?
6 Бәріміз де күнәға батып рухани ластанып кеттік! Күллі әділ істеріміздің өзі лас шүберектей жиренішті! Солып қалған жапыраққа ұқсаймыз, күнәларымыз бізді желдей ұшырып әкетеді.
7 Ал ешқайсымыз Саған сиынып, рақым етуіңді сұрап жалынып-жалбарынбаймыз. Сен бізден бас тартып, бізді күнәміздің кесірінен жойылуға қалдырдың.
8 Алайда, о, Жаратқан Ие, Сен рухани Әкемізсің. Сен құмырашыға, біз саз балшыққа ұқсаймыз. Бәріміз Сенің қолыңнан шыққан жаратылысыңбыз.
9 Уа, Жаратқан Ие, шексіз ашуланып, күнәларымызды есіңде мәңгілік сақтай көрме! Саған жалбарынамыз, бізге көз сала гөр, Сенің халқыңбыз ғой.
10 Өзіңе бағышталған қалаларың қиратылып, елсіз далаға айналды. Тіпті Сион тауы қаңырап бос қалып, Иерусалим қаласы тас-талқан болды:
11 ата-бабаларымыз Сені мадақтаған киелі де салтанатты ғибадатханамыз өртеніп кетті! Біз үшін сондай қымбат нәрселердің бәрі де күйреді.
12 Осылай болғанда, уа, Жаратқан Ие, Өзіңді ұстап тұрмақсың ба? Үн-түнсіз қалып, бізді шексіз қинамақсың ба?!