Ишая
Тарау 29
Уа, Құдайдың құрбандық үстелі орналасқан Иерусалим қаласы — ежелде Дәуіт патша тұрған шаһар, сен қасіретке қаласың! Мейлі, жыл сайын өз мейрамдарыңды өткізе бер!
2 Әйтсе де Мен басыңа қиыншылық түсіремін. Сонда еңіреп жылайсың. Ал қала қанмен былғанған құрбандық үстеліне ұқсайды.
3 Мен қаланы жан-жақтан қоршап алып, дуал мен мұнаралар тұрғызып қамаймын.
4 Сонда сен құлап түсіп, жерде жатып сөйлейтін боласың. Сенің сөздерің өзің жатқан шаң-тозаңнан естілмек. Даусың тіпті көрдегі аруақтың сыбырына ұқсамақ.
5 Алайда саған шабуыл жасаған көптеген жат жерлік жауларың кенеттен майда шаң-тозаңдай кері үрленіп тасталады. Айбарлы жасақшылар тобырлары қауыз іспетті ұшып кетеді. Бұл лезде, күтпеген жерден болмақ.
6 Мен, Әлемнің Иесі, сұрапыл зор күркілмен, жер сілкінісі, құйын, дауыл және жалмайтын өртпен сені құтқаруға келемін.
7 Сонда Құдайдың құрбандық үстелі орналасқан Иерусалим қаласына қарсы соғысып жатқан көптеген халықтардың шулы әскерлері көрген түс сияқты түгелдей ғайып болады. Олар қаланы оның бекіністерімен бірге қамап алған еді. Енді сол әскерлердің бәрі де түн ішінде көзге елестеген бір нәрседей жоқ болып кетеді.
8 Аш адам тамақ ішіп отырмын деп түс көрсе де, қарны ашып оянады. Шөлдеген адам су ішіп отырғаны жайлы түс көрсе де, шаршап-шалдыққан күйі оянады. Сион тауына қарсы соғысқан халықтардың бүкіл әскерлерімен де солай болады.
9 Аң-таң болып, қайран қаласыңдар! Көр соқыр бола бересіңдер! Еш шарап ішпей-ақ мас болып, еш сыра ішпей-ақ теңселіп жүретін боласыңдар.
10 Себебі Жаратқан Ие сендерге терең ұйқыға кетіретін рухты дарытты. Ол көздеріңді жапқан іспетті, сендердің пайғамбарларыңды шындықты көрмейтін етті, әрі бастарыңды бүркеген сияқты, оларға көрініс пен аян көрсетпей қойды.
11 Осы пайғамбарлық сөздің бүкіл мазмұны сендер үшін мөрленіп бекітілген шиыршық кітап іспетті жабық болмақ. Егер оны сауатты біреуге тапсырып: «Маған оқып берші!» деп сұрасаңдар, ол: «Кітап шиыршықталып, мөрленгендіктен оқи алмаймын» демек.
12 Егер оны сауатсыз біреуге тапсырып: «Маған оқып берші» десеңдер, ол: «Оқи алмаймын» деп жауап бермек.
13 Жасаған Ие мынаны айтады: «Бұл халық тек ауызбен алдыма келіп, Мені сөздерімен ғана сыйлайды, ал жүректері Менен тым алшақ. Адам баласы шығарған ережелерді үйретіп, Мені құрметтегенсиді, ал солары бекершілік!
14 Сондықтан біліп қойыңдар: Мен осы халыққа тағы да әдеттен тыс, таңғажайып та керемет бір нәрсе істеймін. Сонда олардың дана адамдарының даналығы жойылып кетеді, ақылдыларының ақылы жоқ болады».
15 Ой-ниеттерін Жаратқан Иеден жасыруға тырысқандар қасіретке қалады! Олар іс-әрекеттерін түнекте істеп: «Бізді кім көреді? Істеп жатқанымызды қайдан біледі?» деп ойлайды.
16 Сендер бәрін керісінше ойлайсыңдар! Құмырашыны саз балшықпен теңестіруге бола ма?! Жаратылған нәрсе өзін жаратқан туралы: «Ол мені жаратқан жоқ!» деп айта ала ма? Әлде бір ыдыс өзіне пішін беріп жасаған құмырашы жайлы: «Ол ештеңені білмейді!» дей ала ма?
17 Көп кешікпей Ливанның ормандары Қармил іспетті бау-бақшаға, ал бау-бақшалар қалың орманға айналады.
18 Сол күн туғанда саңырау адамдар оқылған кітапты естіп, соқырлардың көздері ашылып, тас қараңғылықтан құтылып, көретін болады.
19 Бейнет шеккендер Жаратқан Иеден жаңадан қуаныш тауып, мүсәпірлер Исраилдің Киелі Құдайына шаттана ән салатын болады.
20 Айбарлы жәбірлеушілер енді ғайып болып, мазақтаушылар жойылып, зұлымдық ойлаушылардың барлығы да құриды.
21 Басқаларды кінәлап өсектегендер де, қала алаңында сот жүргізушілерге тұзақ құрып, әділ адамды құр таласпен құқығынан айырып келгендер де енді жоқ болады.
22 Сондықтан да Ыбырайымды талай қиындықтардан құтқарған Жаратқан Ие Жақыптың үрім-бұтағы (Исраил халқы) туралы мынаны айтады: «Жақыптың үрім-бұтағы бұдан былай қарабет болып масқараланбайды.
23 Олар Мен өздеріне сыйлайтын балаларын көргенде, Жақыптың Киелі Құдайы деген қасиетті есімімді құрметтеп, Мені, Исраилдің Құдайын, терең қастерлейді.
24 Халықтың теріс жолға адасып кеткендері енді шындықты түсінеді, әрі шағымданып күңкілдейтіндері тәлім-тәрбиені қабылдайды».