Ишая
Тарау 40
— Халқымды Менің жұбатыңдар, Көңілін оның орнықтырыңдар! — Дейді сендер сиынған Құдай Иең. —
2 Иерусалимге жылы сөз айтыңдар, Мына хабарды оған жариялаңдар: «Өтіп кетті басыңдағы ауыр кезең, Кінәңнің құны өтеліп, кешірілдің! Себебі Жаратқан Иенің қолы саған Бар күнәңнің жазасын берді молынан».
3 Жар салған дауыс шығады айдалада: «Жаратқан Иеге жолды дайындаңдар! Құдайымызға арнап иен далада Түзу қылып даңғыл жолды салыңдар!
4 Жолдағы сай-салалар толтырылсын, Әрі тау-төбелер аласартылсын, Бұралаң жерлері де түзетілсін, Ой-қырлары да түгелдей тегістелсін!
5 Сонда Жаратқан Иенің ұлылығы Бар адамзатқа көрінетін болады, (Оның өз халқын құтқарып алғанын) Барлығы да ап-анық көре алады. Себебі Жаратқан Иенің Өзі Осы бұйрықтарды шығарған еді».
6 — Жар сал! — деп бір дауыс бұйырды. — Не туралы жариялайын? — деп сұрады хабаршы. — Күллі пенде атаулы көк шөп секілді! Бар салтанаты мен сенімділігі дала гүлдеріндей өткінші:
7 Жаратқан Ие ыстық лебін үрлесе, шөп қурап, гүлдер солып қалады. Шынында халық сондай шөпке ұқсайды!
8 Шөптер сарғайып қурап, гүлдер солады, ал Құдайымыздың сөзі мәңгі қалады.
9 — Ей, жақсы хабарды Сион халқына жеткізуші, биік тау басына шық! Иерусалимге ізгі хабарды әкелуші, бар даусыңмен айқай салып жарияла! Қорықпай Яһуданың қалаларына: «Міне, Құдайларың!» деп хабарла!
10 Біліп алыңдар, Жаратушы Тәңір Ие жуырда зор құдіретімен келіп, билікті өз қолына алады. Жеңісінің олжасы мен сыйы Оның қасында: азат еткен халқы алдында жүреді.
11 Тәңір Ие оларды ізгі шопандай бағады: «қозыларын» қолына алып, кеудесіне басып көтеріп, «саулықтарын» жайлап алға бастап жүреді.
12 Кім теңізді алақанымен сарқып өлшеген, Аспанды қарысымен қамтып белгілеген? Кім жердің топырағын себетке салған, Тау-төбелерді де таразыға тартқан?
13 Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан, Кеңесшісі болып бағыт берді Оған?
14 Жаратқан Ие кіммен ақылдасқан, Кім түсінік беріп те еді Оған? Кім Жаратушыны білімге үйреткен, Оған даналық жолын да нұсқаған?
15 Қайта, бар халықтар судың шелектегі Тамшысындай ғана болып көрінеді, Таразыға қонған шаң-тозаң іспетті Олар да салмақсыз деп есептеледі. Құдай аралдарды түйіршік секілді Оп-оңай қолына алып көтереді.
16 Ливан тауындағы бар мал Тәңірге Арнап құрбандыққа шалынып, өртелсе, Олар да жеткілікті болмас еді! Ливан ормандары құрбандық отына Жетпей қалар да еді жағылуға.
17 Бар халықтар Жаратқанның алдында Онша маңызсыз болып саналады, Олар Құдай Иемен салыстырғанда Мүлдем жоқ, мағынасыз болып шығады.
18 Сонда Құдайды кімге теңейсіңдер, Қандай бейнеде елестетесіңдер?!
19 Ұста болса, тәңір мүсінін қалыпқа құйып жасайды. Кейін зергер соны алтынмен қаптап, күмістен шынжыр бауларын дайындайды.
20 Ал кедейлер мұндай қымбат тартуды ұсына алмайды. Сондықтан олар шірімейтін қатты ағашты таңдап алып, жақсы шеберді де іздеп табады. Шебер сол ағаштан жалған тәңірдің бейнесін мүсіндеп, оны бір жерге қозғалмастай етіп орнатады.
21 Мынаны естіп, білмейтін бе едіңдер, әуел бастан-ақ ешкім оны сендерге айтпады ма? Жер жаратылғаннан бері мынаны түсінбейтін бе едіңдер:
22 Жасаған Ие жер шарының үстіндегі «тағында» отыр! Жер бетіндегілер Оның алдында шегірткелердей кіп-кішкентай. Жаратқан Ие аспанды шымылдықтай жайып жібереді, оны шатырдай тігіп, Өзіне мекен етеді.
23 Құдай жердің әміршілерін түкке тұрғысыз етіп, осы дүниенің билеушілерін күшінен айырады.
24 Олар жуырда жерге себілген не отырғызылған, енді ғана тамыр жайған өсімдіктерге ұқсайды: Жаратқан Ие ыстық лебін үрлегенде солар бірден кеуіп, солып қалады. Содан қатты дауыл оларды қауыздай ұшырып әкетеді.
25 «Сендер Мені кімге ұқсатасыңдар, Кіммен Мені салыстырасыңдар?» — Деп сауал қояды Киелі Құдай.
26 Аспанға көз жіберіп қараңдаршы: Кім жаратты ондағы жұлдыздарды?! Бір-бірлеп алып шығып шоқжұлдыздарды, Ол әрқайсысын өз атымен шақырады. Жаратқанның құдіреті сонша зор болып, Біреуі шет қалмай, бәрі Оған бағынады.
27 Жақыптың әулеті, неге шағым айтасың, Исраил халқы, неге былай деп налисың: «Жүрген жолым Жаратқаннан жасырынған, Мүддем Құдайымның назарынан тыс қалған!»
28 Сен мынаны естіп, білмеуші ме едің: Мәңгілік Құдай — сенің Жаратқан Иең, Шексіз зор даналығы Өзінің, Ол жаратты жердің түкпір-түкпірін! Ешқашан Құдай шаршап-шалдықпайды,
29 Қалжырағанға Ол қуат сыйлайды, Қажып, шаршағанға күш табыстайды.
30 Жасөспірімдер әлсіреп шаршайды, Тіпті жігіттер де сүрініп құлайды,
31 Ал сенім артқандар Жаратқан Иеге Жаңа күш-қуатты иемденеді де, Қырандай қанаттарын жайып кеңістікке Самғай жөнеледі, алайда талмайды, Жүре береді, бірақ еш болдырмайды.