Ишая
Тарау 25
Уа, Жаратқан Ие, менің Құдайымсың Сен! Құрметтеп Сені атыңды мақтаймын мен. Сондай керемет істерді жасадың, Өзің көп бұрын оларды жоспарладың, Шынайы адалдықпен жүзеге асырдың.
2 (Бас көтерген) қаланы талқандадың, Қамалының күл-талқанын шығардың. Сол бөтен жердегі дұшпандарымыздың Сарайларын қайта салынбастай жойдың.
3 Сондықтан мықты халықтар Сені даңқтамақ, Қатыгез ұлттардың қалалары қорықпақ.
4 Ал жарлылар Өзіңнен баспана табады, Апатта мұқтаждар қасыңда қорғанады, Оларға қорғаныш боласың дауылдан Әрі ыңғайлы көлеңке боп ыстықтан. Жауыздардың кәрлі лебі қабырғаны Соққылаған боран
5 не шөлдің аптабы Іспетті болды. Бірақ Сен, Ием менің, Бөгде жаулардың үндерін өшіртесің Һәм мақтанған әндерін сол аяусыздардың, Қалың бұлттай салқындатқан күн аптабын.
6 Сион тауының басында Әлемнің Иесі барлық халықтарға арнап семіз ет пен жілік майынан, таңдаулы сусындардан мол дастарқан жайып, тамаша той дайындайды.
7 Осы таудың басында Ол барлық халықтардың беттерін жабатын пердені, күллі ұлттардың үстінен төніп тұрған жабынды ысырып тастайды.
8 Ол өлімді біржола жоқ қылады. Жаратушы Тәңір Ие барлық бет-жүздердің көз жастарын сүртіп жұбатып, өз халқының көрген масқарасын бүкіл жер бетінен алып тастайды. Жаратқан Иенің Өзі осыны нық айтқан.
9 Сол кезде адамдар былай дейтін болады: «Біліп алыңдар, Бұл — біздің Құдайымыз, Аңсап Оны Оған сенім артамыз, Ол — жаудың қолынан Құтқарушымыз, Біздің Иеміз һәм Жаратушымыз, Оны аңсап Оған сенім артамыз. Енді бәріміз қатты қуанамыз, Бізді құтқарғанына шаттанамыз!»
10 Себебі Жаратқан Ие Сион тауының үстінен қолын жайып тұрып, қаланы жарылқайтын болады. Ал (қасарысып, Оған қарсы шыға берген) Моаб тыңайтқыш үшін шалшықта тапталған сабандай тапталатын болады.
11 Олар суда жүзбекші болған адамдай қолдарын сермейтін болады. Бірақ Жасаған Ие моабтықтарды төмен басады, әрі қолдарынан келген алдамшылығы мен әрі асқан өркөкіректігін тыйып қор қылады.
12 Ол Моабтың зәулім қамал қабырғаларын қиратып, солардың күл-талқанын шығарады.