Ишая
Тарау56
Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Әділетті бұйрықтарымды сақтап, әділ істер жасаңдар! Мен сендерді жақында құтқарып, әділдігімді ашық көрсететін боламын.
2 Айтқандарымды мұқият орындайтын адам қандай бақытты! Демалыс күнін қор қылмай, Өзіме бағышталған күн ретінде қастерлейтін әрі жамандық атаулыдан алыс жүретін адам баласын Мен жарылқайтын боламын».
3 Өзін Жаратқан Иеге түбегейлі арнаған басқа ұлт адамы: «Жаратқан Ие, сірә, мені өз халқынан бөлек қояр», — деп уайымдамасын. Белінен айырылған еркек: «Мен қурап қалған ағашқа ұқсаймын», — деп те қайғырмасын.
4 Себебі Жаратқан Ие мынаны айтады: «Егер белінен айырылғандар Менің еркімді орындауды таңдап, демалыс күнінің ережелерін сақтап, Келісімімді берік ұстанса,
5 онда Мен оларға ғибадатханамнан және оның алаңдарынан орын беріп, мәңгі өшпейтін ат пен абырой сыйлаймын. Бұл, ұл-қыздар арқылы қол жеткізуге болатын абыройдан да артық.
6 Сол сияқты, егер басқа ұлт адамдары Маған ғибадат етіп, Мені сүйіп, қызметшілерім болуға өздерін түбегейлі арнаса, әрі демалыс күнінің ережелерін сақтап, Келісімімді берік ұстанса,
7 онда Мен, Жаратқан Ие, олардың Өзіме бағышталған қасиетті Сион тауына келулеріне жол беремін. Маған сиынуға арналған ғибадатханада оларды қуанышқа кенелтемін. Сол басқа ұлттық сенушілердің Өзімнің құрбандық үстелімде шалып, өртеген құрбандықтарына және өзге де сый-тартуларына риза боламын. Себебі Менің киелі үйім барлық ұлттар мінажат ететін үй деп аталатын болады».
8 Жаратушы Тәңір Ие жер аударылып, шашырап кеткен исраилдіктерді қайтадан жинамақ. Ол былай деп жариялайды: «Мен халқымды жинап алып, оларға басқаларды да қоспақпын!»
9 «Дала мен ормандағы жыртқыш аңдар, бәрің де осында келіңдер! Халқымның жаулары, келіп, бас салыңдар!
10 Исраилді күзетіп жүруге тиісті басшылары соқыр да надан! Барлығы үре алмайтын мылқау, қиялдап жатып, ұйықтағанды жақсы көретін иттер сияқты.
11 Олар қомағай, тоюды білмейтін төбеттерге ұқсас! Түсінігі жоқ осы бағушылардың бәрі өз беттерімен жүріп, әрқайсысы өз пайдасын ғана ойлайды.
12 «Кәне, шарап алып, соңынан сыраны сімірейік. Ертең де бүгінгідей, тіпті бұдан да күшті болады!» деседі сол зұлымдар».