Ишая
Тарау 1
Мұнда Амос ұлы Ишая пайғамбардың Яһуда елі мен астанасы Иерусалим туралы көрген көріністерінде Құдайдан алған хабарлары берілген. Пайғамбар оларды Яһуда еліне Ұзиях, Жотам, Ахаз және Езекия патшалық құрған кездерде көрді.
2 Көк пен жер, ден қойып тыңдаңдар, Жаратқан Ие сөйлеп тұр. Ол былай дейді: «Мен балалар асырап алып, өсірдім. Алайда олар Маған қарсы шығып, бас көтерді.
3 Әр өгіз өз қожайынын таниды, есек те иесінің жем салатын астауын біледі. Бірақ Исраил Мені танымайды: меншікті халқым Менің кім екенімді ұқпайды!»
4 О, күнәкар ұлт, мойнында ауыр кінәсі бар халық, зұлымдардың тұқымы, азғындыққа салынған ұрпақ! Мен Жаратқан Ие, Исраилдің Киелі Құдайы болсам да, олар Мені менсінбей, бас тартып, сырт айналып кетті!
5 Неліктен сендер тағы да соққы жей бермексіңдер? Неге Маған қарсы тұрып, опасыздық жасауды қоймайсыңдар? Содан халықтың басы түгелдей жара, жүрегі әлсіз.
6 Табанынан тас төбесіне дейін сау жері жоқ. Тұла бойы толған жарақаттар, қамшының іздері, жараларының ауыздары ашық. Ешкім оларды жуып, май жағып сылап, таңған емес.
7 Сендердің жерлерің қаңырап бос қалған, қалаларың өртеніп, қираған. Жат жерліктер егістіктеріңнің өнімін көз алдарыңда жеп қояды. Жау қырып-жойып кеткен елдерің быт-шыт, жұрдай болып жатыр.
8 Тек Сион тауындағы Иерусалим қаласы ғана қалды. Ол жүзімдік ішіндегі шатырдай, қауын бақшасындағы күркедей жападан-жалғыз тұрған, жау қоршауға алған қалаға ұқсайды.
9 Әлемнің Иесі біразымызды тірі қалдырмағанда, біз де ежелгі Содом мен Ғомора қалаларының кебін киіп, толықтай жойылып кеткен болар едік.
10 Ей, Содомның билеушілері (сияқты зұлым басшылар), Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! Ғомораның халқы (іспетті күнәкарлар), Құдайымыздың тәліміне ден қойыңдар!
11 Жаратқан Ие мынаны айтады: «Көптеп құрбандық шалуларыңның Мен үшін қандай мәні бар? Ұсынған қошқарларыңа, бордақыланған малдарыңның майына әбден тойдым. Құрбандыққа шалған бұқаларың мен қой-ешкілеріңнің төгілген қанына да риза емеспін.
12 Алдыма келу үшін ғибадатханамның аулаларына кіресіңдер, әкелген құрбандық малдарың оларды аяқтарымен таптап тастайды. Кім мұны сендерден талап етті?
13 Пайдасыз сый-тартуларыңды Маған бұдан былай ұсынбаңдар! Хош иісті зат түтетулеріңді де ұнатпаймын. Демалыс күндерін және Айдың бірінші күнгі мерекесін атап, діни жиындарда бас қосасыңдар. Ал сонымен қатар зұлымдықты жасай бересіңдер! Бұларыңа енді төзе алмаймын.
14 Сол себептен Айдың бірінші күнгі және өзге де мерекелеріңді жаным жек көреді. Олар Мен үшін ауыртпалыққа айналды, бос рәсімдеріңе төзуден мезі болдым!
15 Сендер қолдарыңды жайып Маған сиынғанда назар аудармаймын. Қаншама көп мінажат етсеңдер де, Мен құлақ салмаймын. Себебі қолдарың жазықсыз адамдардың қанымен былғанған.
16 Күнәларыңнан арылып, тазарыңдар! Көз алдымда жасап келген зұлым істеріңді тоқтатып, жамандық атаулыдан бас тартыңдар!
17 Жақсылық істеуді үйреніп, әділдікке ұмтылыңдар! Зорлық-зомбылық жасағандарды әшкерелеп, оларға тыйым салыңдар, жетім-жесірлерді қолдап, мүдделерін қорғаңдар!»
18 Жаратқан Ие былай деп шақырады: «Келіңдер, мәселелеріңді талқылап, шындығына жетейік! Күнәларың ал қызыл болса да, рақым етіп, сендерді қардай аппақ қылмақпын. Қылмыстарың қан қызыл болса да, сендерді кешіріп, аппақ жүндей ағартпақпын.
19 Егер Маған мойынсұнып, тілімді алсаңдар, жердің жақсы өнімдерін жейтін боласыңдар.
20 Алайда қасарысып, Маған қарсы тұра берсеңдер, сендерді жаудың семсері жалмап қояды». — Жаратқан Иенің Өзі осыны нық айтқан.
21 Қарашы, ежелде Құдайға адал болған қала енді өзін опасыз әйелдей ұстайды! Бұл қала әділдік пен адалдықтың ордасы болатын, ал қазір оны кісі өлтірушілер мекендейді.
22 О, Иерусалим, сен күмістей құнды едің, енді қоқысқа ұқсайсың, дәмді сусындай едің, сұйылып кеттің.
23 Басшыларың — Құдайға қарсы шыққан бүлікшілер, ұры-қарақшылардың сыбайластары! Бәрі де пара алғанды ұнатып, сый-сияпат дәметушілер. Олар жетімдердің мүдделерін қорғамайды, жесірлердің өтініштеріне құлақ та салмайды.
24 Соған орай Исраилдің құдіретті Құдайы — Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие былай дейді: «Ә, бәлем, Мен дұшпандарыма қаһарымды төгіп, теріс қылықтарының тиісті жазаларын тартқызамын!
25 Иә, Иерусалим, саған қарсы да қатаң шара қолданамын: зергердің күмісті балқытып, сілтімен тазартатынындай, Мен де сені былғайтын қоқыс атаулыңнан арылтып, тазартамын.
26 Ежелде істегенімдей, саған тағы да әділ төрешілер мен дана кеңесшілерді тағайындаймын. Содан сен «Әділетті қала», «Адал астана» деп аталатын боласың».
27 Осылай Жаратқан Ие Сион қаласын күнәларының құрсауынан құтқарып, әділдікті қалпына келтірмек. Сонда Ол қаланың опық жеп, теріс жолдан қайтқан тұрғындарын кешіріп, тура жолға түсіреді.
28 Алайда Құдайға қарсы тұрып, күнә жасаушылардың бәрі бірдей құриды, Жаратқан Иеден безгендер қырылып жойылады!
29 Сендер киелі деген емен ағаштарыңның астында және бау-бақшаларыңның ішінде жалған тәңірлерге құлшылық етуді қатты ұнатып, соны таңдаған едіңдер. Міне, соларыңа бола масқараланасыңдар!
30 Өйткені жапырақтары қурап кеткен емен ағашына, сусыз, кеуіп қалған бау-бақшаға ұқсайтын боласыңдар.
31 Күшті адамдарың кепкен дән қауызындай, ал арам қылықтары от ұшқынындай болады. Сонда олар кенеттен лап етіп жанып, бұл өртті ешкім де сөндіре алмайды.