Ишая
Тарау 39
Сол кездері Бабыл патшасы Баладан ұлы Меродах-Баладан Езекия патшаның қатты ауырып қалып, сауықтырылғанын естіп, оған сәлемхаттары мен сыйлығын жіберді.
2 Езекия келген бабылдық елшілерді жылы қабылдап, оларға өзінің қазына қоймаларын: ондағы алтын-күмісін, дәмдеуіштері мен құнды иісмайларын, тіпті бүкіл қару-жарақ қоймасын да түгелдей көрсетті. Езекияның өз сарайы мен барлық патшалығында оларға көрсетпеген бағалы заттары қалмады.
3 Кейін Ишая пайғамбар Езекия патшаның алдына барып, оған: — Ана адамдар не деді, олар қайдан келді? — деген сауал қойды. Езекия: — Олар маған алыстағы елден келді, сонау Бабылдан, — деді. Пайғамбар:
4 — Олар сарайыңыздан не көрді? — деп сұрағанда, Езекия: — Менің сарайымда не бар, соның бәрін көрді. Менің қазына қоймаларымда оларға көрсетпеген ештеңем қалған жоқ, — деп жауап берді.
5 Сонда Ишая Езекияға былай деді: — Енді Әлемнің Иесінің сөзін тыңдаңыз:
6 Өз сарайыңдағы бар нәрсенің, ата-бабаларыңның осы кезге дейін жиған-тергендерінің барлығы да Бабылға әкетілетін күн туады. Мұнда ештеңе қалмайтын болады! — деп нық айтады Жаратқан Ие. —
7 Өзіңнен тарайтын ұрпақтарыңның кейбіреулері де сол елге әкетіледі. Бабылдықтар оларды белінен айырып азбанқұл қылып, Бабыл патшасының сарай қызметшілері етіп қояды! —
8 Сонда Езекия Ишаяға: — Сіз жеткізген Жаратқан Иенің сөзі жөн екен, — деді. Өйткені ол: «Әйтсе де менің тірі кезімде тыныштық пен аман-есендік болады», — деп ойлады.