Ишая
Тарау 41
«Ей, теңіз жағалауларындағы елдер, тынышталып, алдыма келіңдер! Халықтар күш-қуат жинап, жақындап келсін де жауап берсін! Осылай даулы мәселені шешейік.
2 Кім шығыстан жеңімпаз қолбасшыны аттандырып, оны Өзіне қызмет етуге шақырды? Ол осы жеңімпаздың алдына халықтарды табыстап, солардың патшаларын да оған бағындырады, оның семсерімен халықтарды талқандап, садағымен қауыздай алысқа ұшырады.
3 Осы жеңімпаз өз аяғы бұрын баспаған жолдармен жауларын қуып, аман жүре береді.
4 Кім бұларды жоспарлап, жүзеге асырады? Кім болашақ дәуірлерді алдын ала жариялайды? Мұны істеуші Мен, Жаратқан Иемін! Алғашқы да, Соңғы да Өзіммін!»
5 Теңіз жағалауларындағы елдер байқап қалып, үрейлері ұшады. Жер бетінің қиыр шетіндегі халықтар қалтырап қорқады. Олар өзара бас қосып,
6 әркім серігіне көмектесіп, бауырласына: «Батыл бол, қорықпа!» — дей береді. (Содан олар көптеп тәңір мүсіндерін жасайды:)
7 ұста зергерді жігерлендіріп, балғамен қаңылтырды тегістеуші де төс ұратын серігін: «Дәнекері жақсы», — деп қуаттайды. Олар осылай жасаған «тәңірсымақтарын» тұғырынан қозғалмас үшін шегемен бекітеді.
8 «Ал сен, Исраил халқы — Менің қызметшім, Өзім таңдап алған Жақыптың үрім-бұтағы әрі жаныма жақын Ыбырайымнан тараған ұрпақ, сөзіме құлақ сал:
9 Мен сені қиыр шеттен шақырып алып, жер бетінің түкпір-түкпірінен әкелгенмін. Менің қызметшімсің, сені таңдап алған едім, сенен бас тартпаймын да.
10 Қорықпа, Мен саған жар боламын, Абыржыма, Мен сенің Құдайыңмын! Саған қуат беріп көмектесемін, Жеңімпаз қолыммен сүйемелдеймін.
11 Саған өшіккендер ұятқа қалады, Жауларың дымы қалмай құртылады.
12 Іздесең де, еш таппайсың оларды, Сенімен соғысқандар жоқ болады.
13 Себебі Құдайың Жаратқан Иемін, Сені оң қолыңнан сүйемелдеймін. Қорықпа, Мен сені қолдап-қорғаймын Деп саған берік уәдемді беремін.
14 Құрт секілді дәрменсіз Жақып халқы, Исраилдің азғантай жұрты, Қорықпа, Мен сені қолдаймын!» — Деп нық айтады Жаратқан Ие. Ол, Исраилдің Киелі Құдайы, сені туысқан қамқоршыдай азат етеді
15 әрі былай дейді: «Біліп ал, Мен сені астық бастыратын өткір тісті, жаңа тақтай сияқты қолданбақпын: тау-төбелерді бастырып, талқандап, қауызға айналдыратындай жеңімпаз боласың.
16 Жауларыңды жел ұшырып, дауыл айдап алып кеткендей жоқ қыласың. Сонда Маған шаттана қуанып, Исраил сиынған Киелі Құдаймен мақтанатын боласың».
17 «Мына бейшара, мүсәпір халқым су іздеп, таба алмайды. Олар шөлдеп, таңдайлары кеуіп қалады. Ал Мен, Жаратқан Ие, мінажаттарына құлақ асамын. Мен, Исраил сиынған Құдай, оларды жалғыз қалдырмаймын;
18 тақыр төбелер мен аңғарлар ортасынан қайнар көздерін ашып, бетпақ даланы көлге айналдырып, шөл даламен де бұлақтар ағызбақпын.
19 Мидай далаға балқарағай мен қараған, жасыл бұталар мен зәйтүн ағаштарын әрі құнарсыз, бос далаға қарағай, емен, шыршаларды бірге отырғызбақпын.
20 Сонда адамдар Жаратқан Иенің бұл кереметтерді өз құдіретті қолымен істегеніне көз жеткізеді. Олар осыларды Исраил сиынған Киелі Құдайдың жаратқанын түсінеді».
21 Жақып халқының Патшасы — Жаратқан Ие былай деп шақырады: «Мәселені ортаға салыңдар! Ең мықты дәлелдеріңді келтіріңдер!
22 (Жалған тәңірлеріңді) алып келіңдер, олар не болатынын алдын ала айтып берсін! Ақылмен байыптап, немен бітетінін ұғуымыз үшін бізге бұрынғы оқиғалардың мәнісін білдіріңдер немесе болашақ жайттарды паш етіңдер!
23 Ей, тәңірсымақтар, келешекте не болатынын айтыңдар, шынайы құдай екендеріңе көз жеткіземіз. Иә, не жақсы, не жаман, әйтеуір бір кереметті жасаңдар! Оны көріп, бәріміз шошынатын боламыз.
24 Алайда шынайы емессіңдер, істерің де түкке тұрғысыз! Сендерді таңдап алып, құлшылық етуші әркім әбден жексұрын!
25 Ал Мен солтүстіктен біреуді аттандырамын. Сол қолбасшы жуырда шығыстан шығып, Менің атымды жариялайтын болады. Ол билеушілерді батпақтай аяққа басып, құмырашының саз балшықты таптағанындай жермен-жексен қылады.
26 Ендеше, араларыңдағы кім бұл туралы басынан-ақ білдіріп, бізге алдын ала хабарлады? Егер біреу болған болса, онда оны шынайы дер едік. Ал іс жүзінде ешкім мұны білдірген жоқ, расында ешкім алдын ала хабарлаған да емес! Сендердің үндеріңді естіген бірде-бір жан жоқ.
27 Қайта, Өзім бірінші болып Сион қаласына: «Қара, олар келе жатыр!» дедім. Иә, Иерусалимге ізгі хабар жеткізушіні жіберген Өзіммін.
28 Көз салып, іздесем де, мұны істей алатын басқа ешкім болмады. Сол жалған тәңірлердің араларынан сауалдарыма жауап бере алатын бір кеңесші де табылмады!
29 Көріп тұрсыңдар ма, сол тәңірсымақтардың бәрі де жалған: істегендері бекершілік және мүсіндері құр жел мен қиял іспетті түкке тұрғысыз!»