Ишая
Тарау 35
Сол кезде тіпті иен дала мен құла түз қуанып, меңіреу дала да шаттанып, сарғалдақтар гүлдейді.
2 Айдала жайқала гүлдеп, қуана ән шырқайды. Құла түз енді Ливан тауларындай салтанатты, Қармил тауы мен Шарон жазығындай құлпырып, көрікті болады. Әрбір жан Құдайымыз Жаратқан Иенің салтанатты ұлылығын көретін болады.
3 Сонымен салдырап, дәрменсіз қалған аяқ-қолдарыңның буындарын бекітіп, еңселеріңді көтеріңдер!
4 Жүрексінген адамдарыңа былай деңдер: «Қорықпай, берік болыңдар! Біліп қойыңдар, сендер сиынатын Құдай жауларыңды өздері жасаған қылмыстары үшін жазалауға келеді. Иә, Құдай сендерді құтқаруға келе жатыр!»
5 Сонда соқырдың көзі ашылып, көре алады, саңыраудың құлағы ашылып, ести алады.
6 Ақсақ адам енді бұғыдай секіріп, еш сөйлей алмаған сақау қуана айқайлайды. Шөл далада бұлақ көздері қайнап, құла түзде өзендер ағады.
7 Шөлейт жер көлге айналып, қураған дала бұлақтарға толады. Шибөрілер тынығып келген аңызақ жерлерде енді көк шөп пен қамыс-құрақ жайқалады.
8 Сол жерде даңғыл жол болып, ол «Қасиеттілік жолы» деп аталмақ. Бұл жолмен арам ниетті адамдар емес, тек Құдайдың халқы жүреді. Менмен ақымақтар оған еш түспейді.
9 Оның бойында не арыстандар, не басқа да жыртқыш аңдар аңдып жүрмейтін болады. Өзге қауіптер де сонда болмайды. Тек жау қолынан азат етілгендер ғана сол жолмен жүрмек.
10 Жаратқан Иенің азат еткен халқы Сионға ән шырқап қайтып келеді, Олар ұдайы мәз-мейрам болады, Қуаныш пен шаттыққа кенеледі, Қайғы-қасірет, күрсіну атаулы Бастарынан бірден алыстап кетеді!