Ишая
Тарау 27
Сол кезде Жаратқан Ие ирелеңдеп, бұралаңдаған алып жылан және теңіздегі айдаһарға ұқсаған жауларға назарын аудармақ. Оларды Өзінің қатты, үлкен әрі күшті семсерімен қырып-жоймақ.
2 Сол заманда ұнамды жүзімдік жайлы мына жырды айтыңдар:
3 «Мен, Жаратқан Ие, оны күтіп баптаймын, Әрі суарып тұрамын әрдайым, Ешкім оған зиян жасамасын лайым Деп күні-түні күзетіп қорғаймын,
4 Бұдан былай оған ашуланбаймын. Ал «тікенек пен ошаған» өссе онда, Мен қарсы шығамын құртып-жоюға, Түгелдей өртеп жіберемін соңында.
5 Әйтпесе солар Мені паналасын, Менімен бітімге келіп, татулассын, Осылай Өзіммен ынтымақта болсын!
6 Болашақта Жақыптың үрім-бұтағы — Исраил халқы қайта тамыр жаяды. Гүлдейді олар әлі бүршік жарады, Жемісімен жердің бетін толтырады».
7 Жаратқан Ие Исраилді соққан жауларын жазалағанындай, Исраилдің өзін де жазалады ма? Әлде көп исраилдікті құртқан жауларының өлтірілгеніндей, Исраилдің де көп адамы өлтірілді ме?
8 Жоқ, Жаратқан Ие өз халқын тиісті мөлшерде жазалау үшін жер аударады. Ол шығыстан соққан аптап жел сияқты оларды «қатты дауылмен» елінен айдап шығады.
9 Сол арқылы Жақыптың үрім-бұтағының күнәлары құны өтеліп кешіріледі. Ал олар өздерінің күнә жасауды доғарғандарын көрсетулері керек! Халық жалған тәңірлерге құрбандық ұсынылатын орындардың тастарын әктастай ұнтақтап жоймақ. Сонымен қатар не әйел тәңір Ашераға арналған ағаш бағаналары, не жалған тәңірлерге арналған түтету үстелдері қалмауға тиіс!
10 Сонда қамалды қалалар қаңыраған бос иен даладай елсіз қалады. Сол жерде жас бұқалар жайылып әрі тынығып, бұтақшаларды жеп қалдырмайды.
11 Ағаштың бұтақшалары солып кеуіп қалғанда, әйелдер келіп, оларды отынға жинап, жағып жібереді. Исраил халқымен де сол сияқты болмақ. Олар еш нәрсені түсінбегендіктен, өздерін жаратқан Құдай оларға рақым бермейді де, аяушылық көрсетпейді де.
12 Сол заманда Жаратқан Ие ұлы Евфрат өзенінен бастап Мысырдың шетіндегі өзенге дейін жайылған жерді шайқалтып, сендерді, Исраил халқын, бір-бірлеп жинап алмақ.
13 Сол уақыт келгенде Ассур мен Мысырға айдалып, құрып кете жаздаған исраилдіктерді кері шақыру үшін үлкен керней тартылады. Сонда олар қайтып келіп, Иерусалимдегі қасиетті Сион тауында Жаратқан Иенің алдында иіліп ғибадат ететін болады.