Ишая
Тарау 50
Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сендер Мені «шешелерің» Иерусалимді қуып жіберді дейсіңдер. Ендеше соны дәлелдейтін куәлік қағазы қайда? Мені біреуге берешек болып, соны өтеу үшін өздеріңді құлдыққа сатып жіберді деп те айыптайсыңдар. Жоқ, олай емес, сендер өздерің жасаған күнәларың үшін құлдыққа түстіңдер! «Шешелерің» де сендердің жасаған зұлым істеріңе бола қуылды!
2 Халқыма келгенімде неліктен Мені ешқайсың қарсы алмадыңдар? Мен қанша шақырсам да, ешқайсың жауап бермедіңдер? Өздеріңді азат ету қолымнан келмейді деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, сендерді құтқаруға құдіретім әбден жетеді! Менің бұйрығыммен теңіз кеуіп қалады. Мен өзендерді де шөл далаға айналдыра аламын. Сонда ондағы балықтар сусыз өліп, шіріп кетеді.
3 Аспанды қара түнекпен қаптап, оны қаралы жамылғымен жауып тастағандай тас қараңғы ететін де Менмін».
4 «Маған Жаратушы Тәңір Иенің Өзі тәлім беріп, қажығандарды жігерлендіру үшін не айту керегін аузыма салып отыр. Күн сайын ертеңгісін Ол мені оятып, айтқандарына шәкірттей құлақ салғызады.
5 Жаратушы Тәңір Ие құлағымды ашқанда мен қасарысып, кері бұрылған жоқпын.
6 Арқамды ұрып-соққандарға тостым, сақалымды жұлғандарға екі жағымды ұсынып, бетімді балағат пен түкіріктен жаппадым.
7 Мені Жаратушы Тәңір Ие қолдайды, сондықтан ұялмаймын да қысылмаймын. Өзі белгілеген жолдан шықпауға белді бекем будым. Соңында ұятқа қалмайтынымды білемін.
8 Мені ақтайтын Құдай қасымда, маған сонда кім кінә тақпақ? Келіңдер, беттесейік, енді кім маған айып таңбақшы? Кәне, сол мұнда жақындап келсін!
9 Мені Жаратушы Тәңір Ие қолдайды, маған үкім шығаратын кім болмақ? Солай етуге тырысқандар тозып, күйеге жем болған киімдей құрымақ.
10 Ей, өз араларыңда Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оның Қызметшісінің даусына құлақ түретін кім? Сендер қараңғыда жүріп, жарықтан ада болсаңдар да, Жаратқан Иеге үміт артыңдар, иә, Құдайларыңды сүйеніш етіңдер!
11 Ал өз беттеріңмен от жағып, қолдарыңа жанып тұрған алау ұстайтын басқалар, мейлі, өздерің лаулатып жандырған от пен алауларыңның жарығында жүре беріңдер. Сендердің Менен алатын «марапаттарың» мынау: қатты қиналып жататын боласыңдар!»