Ишая
Тарау 6
Ұзиях патша қайтыс болған жылы мен аса дәріптелген, заңғар биік тағында отырған Тәңір Иенің аянын көрдім. Оның салтанатты шапанының етегі киелі үйдің ішін алып жатты.
2 Тәңір Иені айналдыра оттай жалындаған періштелер қызмет етіп тұрды. Әрқайсысында алты қанаттан болды, солардың екеуімен бетін, тағы екеуімен денесін жауып, қалған екеуімен ұшатын.
3 Жалындаған періштелер бір-біріне дауыстап: «Әлемнің Иесі киелі, қасиетті, қастерлі! Бүкіл дүние Оның салтанатты ұлылығына кенелген!» — десіп тұрды.
4 Олардың бұл айқайынан киелі үйдің есік жақтаулары мен табалдырықтары шайқалды. Үй іші түтінге толып кетті.
5 Сонда мен дауыстап: «Қасіретке қалдым-ау, енді құритын болдым! Себебі мен күнәкармын, аузымнан шыққан сөздерім арам, әрі сөйлеген сөздері арам халықтың арасында тұрып жатырмын. Сонда да мен Патшаны, Әлемнің Иесін, өз көзіммен көрдім!» — дедім.
6 Осы кезде жалындаған періштелердің бірі құрбандық үстелінен жанып тұрған көмір шоғынан көсеумен алып, маған ұшып келді.
7 Ол шоқты аузыма тигізіп былай деді: «Міне, бұл еріндеріңе тиді. Енді сен әділетсіз істеріңнен арылып, күнәңнің арамдығынан тазардың».
8 Бұдан кейін Тәңір Иенің: — Мен кімді жіберейін? Біздің хабаршымыз кім болады? — деген даусын естідім. — Мен бармын, Ием. Мені жібере гөр, — деп жауап бердім.
9 Сонда Тәңір Ие маған былай деп бұйырды: — Осы халыққа барып, мына хабарды жеткіз: «Естіп тұрыңдар, бәрібір түсінбейсіңдер, көріп тұрыңдар, бәрібір аңғармайсыңдар!»
10 Бұл халықтың жүректерін қасарысқан сезімсіз, құлақтарын керең, көздерін соқыр қыл! Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен ұғынып, теріс жолдарынан қайтып, рухани дертінен сауығар еді.
11 — Тәңір Ие, мұндай жайт қашанға дейін созылады? — деп сұрағанымда, Оның жауабы мынау болды: — Сол жайт қалалар қирап, қаңырап бос қалғанша, үйлер ешбір тұрғынсыз, егіндіктер ойрандалып, иесіз қалғанға дейін созылмақ.
12 Сонда Мен, Жаратқан Ие, халықтың бәрін алысқа қуып жіберіп, бүкіл елді талқандатып, айдалаға айналдырамын.
13 Елде жұрттың оннан бірі қалса да, олар да қайтадан жойылады. Алайда үлкен ағаштар кесіліп тасталғаннан кейін түбірлері қалатыны сияқты, халықтың Өзіме бағышталған тұқымы оның «түбірі» іспетті болып аман қалады.