Ишая
Тарау 13
Амос ұлы Ишая Бабыл қаласы туралы көрініс көріп, мына ауыр хабарды алды:
2 Тақыр төбе басына ту көтеріңдер, келетін әскерге айқайлап та, қол бұлғап та белгі беріңдер! Олар Бабылдағы ақсүйектердің қақпаларына басып кірсін.
3 Мен, Жаратқан Ие, бұл жасақшыларды осы мақсатым үшін таңдап алдым. Сол мықты адамдар Менің қаһарлы үкімімді орындайды. Олар салтанатты ұлылығыма шаттанады.
4 Таудан шыққан дауысқа құлақ түріңдер, ол — жүріп келе жатқан үлкен әскердің шуы сияқты ғой! Патшалықтардың жиналған халықтары айқайлауда. Әлемнің Иесі осы әскерді шайқасқа дайындап түгендеп жатыр.
5 Олар көкжиектің ар жағындағы алыс елдерден келді. Бұл жасақшылар — Жаратқан Иенің қаһарын іске асырып, бүкіл елді құртатын құралдары.
6 Зар жылаңдар, Жаратқан Иенің (соты) күні таяп қалды! Сол кезде құдіреті шексіз Құдай жерді талқандайды.
7 Сондықтан бүкіл бабылдықтардың қолдарынан күші кетіп, әркім жүрексініп қалтырауда.
8 Бәрінің үрейлері ұшып тұр. Олар толғағы қысқан әйелдей аласұра бүрісіп, бір-біріне таңырқай қарайды. Беттері қорқыныштан алабұртқан.
9 Біліп қойыңдар, Жаратқан Иенің (сот жүргізетін) күні таяп қалды! Ол — Оның лаулаған сұрапыл ашу-ызасының күні! Сонда Жаратқан Ие жерді құла түзге айналдырып, ондағы күнәкарларды қырып-жоймақ.
10 Аспандағы жұлдыздар мен шоқжұлдыздар жарқылдауын доғарады. Күн шықса да, оны қараңғылық басады, ай да жарқырамайтын болады.
11 Мен, Жаратқан Ие, жер бетіндегі адамзатқа жасаған зұлым істерінің сазайын тартқызып, әділетсіз адамдарды күнәлары үшін жазалаймын. Мен өркөкіректердің асқақтығын тоқтатып, зорлықшылдардың паңдығын жоямын.
12 Осылай Мен адамзаттың санын азайтып, пендені саф алтыннан да сирек, тіпті сонау Опыр елінен әкелінген таңдаулы алтыннан да құнды қыламын.
13 Себебі Мен, Әлемнің Иесі, лаулаған қаһарымды көрсеткен сол күні аспанды шайқалтамын! Сонда жер сілкініп өз орнынан қозғалады.
14 Содан (Бабылдағы) әрбір адам аңшы қуған киіктей, бақташысы жоқ отардай өз халқы мен еліне қарай қашып кетеді.
15 Жау көзіне түскен әркім найзамен шаншылады, қолға түскен әркім семсермен түйреліп өлтіріледі.
16 Жау олардың балаларын көз алдарында ұрып өлтіріп, үйлерін тонап, әйелдерінің абыройын төгіп масқаралайды.
17 Біліп қойыңдар, Мен мидиялықтарды оларға қарсы шабуылға шығарамын. Олар күмісті қадірлемейді, алтынға да құмартпайды.
18 Мидиялықтар садақтарымен жас жігіттерді жайпап салып, құрсақтағы сәбилерге де қайырымсыздық танытып, балаларды да аямайды.
19 Бабыл қаласы — патшалықтардың сән-салтанаты, халдей халқының асқақ мақтанышы. Алайда Мен, Құдай, Содом мен Ғомороға істегенімдей, Бабылдың да астан-кестенін шығарамын.
20 Бабылдың жерін енді қайтып ешкім мекендемейді, адамдар ешқашан сонда тұрмайтын болады. Не көшпелі арабтар да шатырын тікпейді, не өзге шопандар да отарларын жаймайды.
21 Құла түздің жабайы аңдары оның үйінділерінде тынығып жатып, қираған үйлері үкінің ұяларына толады. Бұл жерде түйеқұстар да тұрып, сабалақ жүнді ешкілер секіріп жүреді.
22 Қираған қорғандары және сәулетті сарайларының қалдықтары қорқау қасқыр мен шибөрінің ұлыған даусымен жаңғырады. Иә, Бабылдың құритын уақыты таяп қалды, оның күні өтті!