Ишая
Тарау 32
Біліп қойыңдар, бір кезде мұнда бір патша әділдікпен билік құрып, оның әміршілері елді заңды бұзбай басқаратын болады.
2 Әрқайсысы желден қорғайтын панадай, дауылдан бас сауғалайтын қорғаныштай болмақ. Олар құла түзде ағып жатқан өзенге, әрі кеуіп шөліркеген даладағы дәу жартастың саясына ұқсамақ.
3 Сонда көретіндердің көздері жабылмайды, еститіндердің құлақтары шындыққа ашық болады.
4 Ұшқалақ жандар парасатқа кенеледі, тілі мүкіс сөйлейтіндер ойларындағыны мүдірмей ағыла айта алатын болады.
5 Енді қайтып ақымақ қадірлі, алдамшы мырза деп аталмас.
6 Себебі ақымақтар ессіздік айтып, ой-ниеттері заңсыз істерге бейімделген. Олар зұлымдықпен айналысып, Жаратқан Ие туралы жалған тәлім таратады. Ақымақтар ашыққандарды құр алақан жіберіп, шөлдегендерге сусын беруден бас тартады.
7 Алаяқтың қолданған әдістері арамза. Бейшара кедей өзінің әділ ісін қорғап сөйлегенде, алаяқ оны алдап құрту үшін сұм айласын құрады.
8 Ал әділ жан әділ жоспар құрып, әділдікті қорғап нық тұрады.
9 Уа, жайбарақат жатқан әйелдер, тұрып, мені тыңдаңдар! Ей, бейқам бойжеткендер, сөзіме құлақ асыңдар!
10 Уа, алаңсыз жүрген қыз-келіншектер, бірер жылдан кейін сендер зәрелерің ұшып қорқасыңдар. Өйткені өнімін жинауға не жүзім, не басқа да жемістер болмайды.
11 Әй, жайбарақат жүрген бейқам қыз-келіншектер, зәрелерің ұшып қалтыраңдар! Сәнді киімдеріңді шешіп тастап, азалы киім киіп, белдеріңді байлап алыңдар!
12 Шұрайлы егістіктеріңді, құнарлы жүзімдіктеріңді жоқтап қолдарыңды кеуделеріңе қойып қайғырыңдар!
13 Себебі тікенді бұталар мен ошағандар халқымның еліне қаптап кетеді. Ермекке салынған барлық үйлеріңді, шат-шадыман дауыстарға кенелген қалаларыңды аза тұтыңдар!
14 Өйткені тұрғындары қорғанды тастап кетеді, халқы ығы-жығы мол қала да елсіз бос қалатын болады. Қамалы мен күзет мұнаралары әрдайым күл-талқан болып жатпақ. Бұл жер жабайы есектерге ұнап, отарлардың жайылымына айналады.
15 Ал кейін Құдай көктен өз Рухын үстімізге құяды. Сонда елсіз дала бау-бақшаға айналып, бау-бақша ормандай жайқалып, мол өнім беретін болады.
16 Иен далаға әділет жайылып, бау-бақшаны да әділдік мекендейді.
17 Әділдіктің жемісі амандық пен бейбітшілік болмақ. Иә, әділдік мәңгі бақи тұрақты тыныштық пен қауіпсіздік әкелмек.
18 Сонда Менің халқым тыныш мекендерде тұрып, үйлері қауіпсіз әрі жанға жайлы болады.
19 Тіпті (асқақтаған) ормандарға бұршақ жауып, (бас көтергіш) қала жермен-жексен болғанда да,
20 сендер жарылқанасыңдар. Себебі барлық өзендер мен сай-салалардың бойына тұқым сеуіп, (мол өнім аласыңдар). Мүйізді ірі қараларың мен есектерің еркін жайылатын болады.