Жаратылыстың бастауы

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 7

Сонан кейін Жаратқан Ие Нұхқа былай деді: «Үй ішіңмен бірге кемеге кір! Себебі Мен сенің замандастарыңның арасында әділ екеніңді көрдім.
2 Жер бетіндегі жануарлардың барлық түрлері өмірлерін жалғастыру үшін, адал жануарлардың әрқайсысынан жеті жұптан ал.
3 Арам жануарлардан екеуден ал, бір еркек, бір ұрғашы болсын және аспандағы құстардың әр түрінен де жеті жұптан ал.
4 Жеті күн өткен соң Мен жер бетіне қырық күн, қырық түн бойы жауын жауғызамын, жер бетіндегі Өзім жаратқан жаны барлардың бәрін жоқ қыламын».
5 Нұх барлығын да Жаратқан Иенің өзіне бұйырғанындай істеді.
6 Жер бетін топан су қаптаған кезде Нұх алты жүз жаста еді.
7 Ол өзінің ұлдары, әйелі және келіндерімен жерге топан су жайылмас бұрын кемеге кіріп алды.
8 Жұпталып алынған адал және арам жануарлар, құстар мен жер бетінде жорғалаушылардың барлығы бір еркек, бір ұрғашыдан
9 Құдай Нұхқа бұйырғандай оның қасына кемеге кірді.
10 Содан жеті күн өткеннен кейін жер бетіне топан су жайыла бастады.
11 Нұх алты жүз жасқа келгенде, екінші айдың он жетісінде — дәл сол күні терең тұңғиықтағы барлық қайнар көздерден су атқылап, әрі «аспан қақпалары айқара ашылып»,
12 жерге қырық күн, қырық түн бойы жаңбыр құйып тұрды.
13 Ал Нұх, оның ұлдары Шам, Хам және Япші, Нұхтың әйелі мен келіндері сол күні кемеге кірген еді.
14 Солармен бірге аңдардың, малдардың, жер бетінде бауырымен жорғалаушылардың және құстардың, қос қанаттылардың барлық түрлерінен,
15 яғни жаны барлардың бәрінен де, жұптасып Нұхтың қасына кемеге енгендер болды.
16 Олар Құдай Нұхқа бұйрық еткендей, барлық аңдардан бір еркек, бір ұрғашы болып, ішке кірді. Содан кейін Жаратқан Ие есікті жауып тастады.
17 Сонымен жер бетін қырық күн бойы топан су қаптады, судың көтерілгені соншалықты, кеме қалқып жүрді.
18 Жер бетінде су тіптен көбейіп асып-тасып кетті, кеме судың үстінде жүзіп жүрді.
19 Су жер бетінде көбейіп, көтерілген үстіне көтеріле берді, тіпті аспан астындағы барлық биік таулар да судың астында қалды.
20 Осылай топан су таулардың шыңдарынан он бес шынтақ биіктікке көтерілді.
21 Сонда жер бетінде қыбырлап жүрген күллі тірі мақұлықтар: құстар, малдар, аңдар, жер бетінде қаптап жүрген жәндіктер түгелімен және барлық адамзат та суға батып кетті.
22 Осылайша құрғақ жердегі тіршілік атаулының иелері түгел опат болып,
23 жер бетіндегінің барлығы жойылды: адамнан бастап малға дейін, бауырымен жорғалаушылардан бастап аспандағы құстарға дейін бәрі де жер бетінен құрып кетті. Тек Нұхпен бірге кеменің ішінде болғандар ғана аман қалды.
24 Жүз елу күн бойы жер бетінде су үздіксіз көтерілумен болды.