Жаратылыстың бастауы

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50


Тарау 39

Ал Жүсіп болса, ысмағұлдық саудагерлер оны Мысырға апарған еді. Сол жерде Потифар есімді мысырлық уәзір Жүсіпті олардан сатып алды. Потифар перғауынның бас қорғаушысы болатын.
2 Жаратқан Ие жар болғандықтан, Жүсіптің қай нәрседен де жолы бола кететін. Осылай ол мысырлық қожайынының сарайында тұрып қалды.
3 Қожайыны Жаратқан Иенің Жүсіпке жар болып, оның қолы тиген заттың бәрінің орайын келтіріп отырғанына көз жеткізіп,
4 оған мейірімін түсірді. Уәзір Жүсіпті жеке қызметшісі қылып, сарайын басқартып, өзіндегі барлық дүние-мүлікті де оның жауапкершілігіне тапсырды.
5 Қожайыны Жүсіпке сарайын, барлық дүние-мүлкін сеніп тапсырғаннан бері Жаратқан Ие оның өзін де, үйіндегі және даладағы барлық иелігін де Жүсіпке бола жарылқап, батасын қондырды.
6 Сол себептен Потифар өзіндегінің бәрін де Жүсіпке сеніп тапсырып, тек күнделікті жейтін тамағының ғана қамын ойлады. Ал Жүсіп дене бітімі келісті, келбетті жігіт еді.
7 Күндердің күнінде қожайынының әйелінің көзі Жүсіпке түсіп: — Жүр, бірге болайық, — деп еліктіреді.
8 Бірақ Жүсіп одан бас тартып: — Қараңыз, қожайыным өз сарайындағы барлық істі маған сеніп тапсырып, еш нәрсемен айналыспайды.
9 Бұл үйдегі малайлардың ешқайсысы менен жоғары емес. Қожайыным өзіңізден басқа ештеңені де билігімнен айырған жоқ. Ал сіз оның жұбайысыз ғой! Сонда мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?! — дейді.
10 Әйел күн сайын қайта-қайта мазалап, сөз салса да, Жүсіп ешқашан айтқанына көніп, не жақындасқан, не бірге болған емес.
11 Алайда бір күні Жүсіп жұмысын атқарып жүріп, үйге кірсе, басқа ешбір ер адам жоқ екен.
12 Сонда әлгі әйел оның шапанының етегінен ұстай алып: «Жүр, бірге болайық», — деп бұйырады. Бірақ Жүсіп шапанын тастай сала, сыртқа қаша жөнеледі.
13 Жүсіптің шапанын тастай, үйден тұра қашқанын көргенде,
14 қожайынының әйелі үй қызметшілерін шақырып: «Қараңдаршы, мына көшпендіні бізді мазақтасын деп алып келіпті! Ол үйге кіріп, мені зорламақшы болды! Бірақ мен қатты айқайладым.
15 Ол айқайымды естісімен шапанын қасыма тастай сала, қаша жөнелді», — деп байбалам салады.
16 Күйеуі үйге келгенше, әйел шапанды қасына қояды.
17 Күйеуіне де сол әңгімені айтып беріп: «Сенің бізге алып келген көшпенді құлың мені мазақ етпекші болды!
18 Бірақ мен шу көтеріп, айқайлағанда шапанын қасыма тастай сала, тұра қашты», — дейді.
19 Қожайыны әйелінің «Сенің құлың маған осыны істеді» деген сөзін естігенде, қатты ашуланды.
20 Ол Жүсіпті ұстап алып, патшаның тұтқындары қамалған түрмеге жапқызып тастайды.
21 Алайда Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оған шапағатын төгіп, түрме бастығының мейіріміне кезіктірді.
22 Осылай түрме бастығы онда отырған барлық тұтқындарды Жүсіптің қарамағына тапсырып, бүкіл жұмыс оның басқаруымен атқарылатын болды.
23 Жүсіпке тапсырған істің ешқайсысына да бастық көңіл бөлмеді. Себебі Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оның істеген әрбір ісін оңынан келтіріп отырды.